Жаңбырдан бөлек, бұл құрғақшылық дала өрті сияқты апаттарға да ұрындырды. Мәселен, шілде айының басындағы Ұлытау ауданында болған алапат өрттің өзі табиғи апаттың алдында біздің қандай қорғансыз һәм қауқарсыз екенімізді көрсетті.
Міне, осылай қалыптасқан жағдайды саралай келіп, биыл Қарағанды облысында қысқы мал азығын дайындау жұмыстарына ерекше мән берілді. Соның арқасында бүгінде өңір бойынша жоспарланған межедегі жем-шөптің 80%-ы жиналып алынды.
Бұл туралы онлайн режіміндегі кеңесте мәлімдеген облыстық ауылшаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сырым Бошпанов аталған меженің еліміз бойынша төртінші көрсеткіш екенін атап өтті.
– Бүгінде жоспардағы меже 2,3 млн тонна болса, 1 млн 860 мың тонна ірі жем дайындалды. Оның ішінде 292,2 мың тоннасы – көпжылдық шөп. Бұл –белгіленген көлемнің 80%-ы. Бұдан бөлек 6,5 мың тонна пішендеме, 1,5 мың тонна сүрлем дайындалды, – деді ол.
Биылғы мал азығын дайындау науқаны барысында жергілікті атқарушы билік тарапынан қолдау молынан болды. Мысалы, шөп шабу жұмыстарына қосымша 3 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Сонымен қатар шөп дайындаушылармен арада 40%-дан аса мал шоғырланған жеке қосалқы шаруашылықтар үшін шөп бағасының көтерілуіне жол бермеу туралы меморандумдарға қол қойылады. Ал жалпы, мал азығын дайындау науқанына облыс көлемінде 30 мыңға жуық техника жұмылдырылған екен.
Аталған онлайн кеңесте Ұлытау ауданындағы табиғи өрттерден зардап шеккен шаруа қожалықтарына қандай көмек түрлерінің көрсетілгені де сөз болды. Өртенген шабындық жерлер үшін өтемақы ретінде тараптардың келісімі бойынша босалқы жерлерден және фермерлердің пайдаланылмайтын жерлерінен алаңдар бөлінетіні айтылды. Өрт кезінде қаза болған мал үшін фермер 17 млн теңгеге жуық қаражат алады. Қазіргі уақытта бұл мәселелерді жедел түрде шешу үшін өңірлік штабтар жұмыс істеп жатыр екен.
Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек ағымдағы жұмыстардың жоспар бойынша жүргізіліп жатқанын атап өтті.
– Мал азығын дайындау, егін орағы бойынша көптеген шаруашылықта алға жылжу бар. Жаңбырдың салдарынан үш аудандағы жұмыс қарқыны шабандап қалып еді, қазір жағдай оңалды. Олар жиын-терім жұмыстарын уақытында аяқтай алады деген сенім бар, – деген өңір басшысы туындаған мәселелердің жедел түрде шешіліп жатқанына ризашылық білдірді.
Маңғыстау демекші, Қарағанды облысының белсенді азаматтары «Қиындықта ел бірге!» атты қайырымдылық жобасына атсалысып, қуаңшылықтан зардап шеккен өңірге шілде айының аяғының өзінде 7 мың тюк шөпті теміржол арқылы жөнелтті. Бұл көмек алдағы уақытта да жалғасын табады дегенді айтады қарағандылық қайырымды жандар.
Қарағанды облысы