Әлем • 13 Тамыз, 2021

Ресейде жолаушылар автобусы жарылды

399 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ресейдің Воронеж қаласында қоғамдық көлік жарылып, 18 адам зардап шекті. Бұл туралы Воронеж облысының губернаторы Александр Гусев өзінің Telegram арнасынада жазды, деп хабарлайды Egemen.kz ТАСС-қа сілтеме жасап.

Ресейде жолаушылар автобусы жарылды

«Зардап шеккендердің саны 18-ге жетті, оның ішінде бір әйел қайтыс болды», деді Гусев.

Қалалық жедел жәрдем станциясының өкілінің айтуынша, дәрігерлер қаза тапқан әйелдің кім екенін анықтай алмады.

«Ол туралы деректер жоқ. Шамамен 35 жаста», деді ол.

Айта кетейік, бейсенбі күні кешке Воронеж қаласының орталығында шағын автобуста жарылыс болды. 

Жедел жәрдем станциясының хабалауынша, жарақат алғандар арасында балалар жоқ.

«Жарылыс кезінде автобуста 35 адам болған», деп хабарлады Воронеж қаласының Ленин ауданының прокуроры Юрий Бурсов «Россия-24» телеарнасына берген пікірінде. 

Оқиғаның неден болғаны қарастырылып жатыр.

Вице-губернатор Виталий Шабалатовтың айтуынша, жарылысқа газ баллонының жарылуы себеп болуы мүмкін. Оқиға орнында арнайы қызметтер жұмыс істеп жатыр.

Бұл ретте қалалық көлік басқармасы бастығының орынбасары Максим Захаровтың айтуынша, автобуста газ қондырғысы болмаған және дизель отынымен жұмыс істеген.

ТАСС дереккөзінің хабарлауынша, оқиға жолаушылар автобусқа аялдамадан кірген кезде болған. 

Облыс губернаторы Александр Гусев қаланың барлық автопаркін тексеруді тапсырды. Сонымен қатар тұрғындарға автобустағы жарылыс туралы жалған ақпарат таратпауды ескертті, зардап шеккендерге медициналық көмек көрсету мен материалдық өтемақы шараларын әзірлеуді тапсырды.

Прокуратура жарылысқа қатысты тергеуді бастады.