Әлем • 13 Тамыз, 2021

Алжир, Грекия, Италия мен Черногорияда орман өрті басылмай тұр

138 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алжир, Грекия, Италия және Черногория орман өртімен арпалысуда. Жалын ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұрасы тізіміндегі парктерге қауіп төндіріп тұр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алжир, Грекия, Италия мен Черногорияда орман өрті басылмай тұр

Бұл туралы Euronews агенттігі мәлімдеді.

Алжир елінің солтүстігіндегі Тизи-Узу және Беджая провинцияларында табиғи апат кем дегенде 69 адамның өмірін қиып кетті, соның ішінде 28-і – әскерилер. Бейсенбі күні елде аза тұту жарияланды.

Орман өрті Италияда да өршіп тұр. Кеше мұнда Еуропа үшін рекордтық температура – Цельсий бойынша 48,8 градус тіркелген. Әсіресе Калабрия аймағы мен Сицилия аралындағы жағдай күрделі, ондағы Этна жанартауының бөктерінде және Палермоға жақын орналасқан Мадоние тауларындағы ағаштар отқа орануда.

Техник мамандар Грекияның Эвбея аралында электр тасымалдау желілерін қалпына келтіріп жатыр. Аймақта көптеген жалын ошақтары сөндірілді, алайда аралдың солтүстік бөлігі әлі де жарықсыз отыр. Мұндағы алып қарағайлардан түк қалмады, зәйтүн, інжір және жүзім плантациялары жойылған.

Ал Черногорияда орман өрті ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұрасы тізіміне кіріп отырған Дурмитор ұлттық саябағына дейін жетті. Жалын Тара өзені жанындағы шатқалда жылдам таралып келеді.