Сапар мақсаты – өткен ғасыр басында жапон басқыншыларына қарсы корей партизандық қозғалысын басқарған генерал Хон Бом Доның сүйегін туған жеріне алып кету және екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамыту бағытында бірлескен жобаларды талқылау.
Әуежайдағы қарсы алудан кейін шетелдік қонақтар мен облыс басшылығы «Хон Бом До» мемориалдық кешеніне барды. Кешенде өз халқының азаттығы үшін күрескен генералдың сүйегін корей тарапына тапсыру рәсімі өтті.
1868 жылы дүниеге келген Хон Бом До – өткен ғасырдың басынан бастап жапон басқыншыларына қарсы қарулы күресті бастағандардың бірі. 1919 жылдан бастап «Тәуелсіздік армиясының» көрнекті ұйымдастырушысы болды. Азаматтық соғыс аяқталғаннан кейін Хон Бом До Кеңес Одағы аумағында өмір сүріп, 1937 жылы Қызылорда қаласына жер аударылды. Өмірінің соңғы жылдары жергілікті корей театрында күзетші болып жұмыс істеп, 1943 жылы 25 қазанда Қызылорда қаласында 75 жасында қайтыс болды.
Іс-шарада облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова ұлт азаттық көтерілісінің батыры, генерал Хон Бом Доның сүйегін туған жеріне қайтару екі ел арасындағы татулықты одан әрі нығайта түсетінін айтты.
– Біздің республикамыздың тәуелсіздігін алғашқы болып мойындаған елдердің бірі – Корея Республикасымен достық байланыс нық орнығып, жылдан-жылға жандана түсуде. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Президенті Мун Чжэ Иннің Қызылордада жерленген генерал Хон Бом Доның сүйегін тарихи отанына қайтару туралы ұсынысына қатысты оң шешім қабылдағаны да екі елдің қарым-қатынасындағы маңызды сәттің бірі екендігі даусыз, – деді өңір бас-
шысы.
Корея Республикасының патриоттар мен ардагерлер жөніндегі министрі Хван Ги Чхоль қаһарман рухын құрметтеген Қазақ еліне алғысын жеткізді. Еске алу шарасынан кейін генералдың сүйегін құрмет қарауылының қатысуымен ресми шығарып салу рәсімі болды.
Сапар аясында облыстық мекемелер үйінде кездесу ұйымдастырылып, қос тарап өзара байланысты дамытуға бағытталған маңызды мәселелерді талқыға салды. Облыс әкімі Корея Республикасы делегациясының сапары екі ел арасындағы достық қарым-қатынастардың айқын көрінісі екенін айтып, бірлескен жобалар табысты жүзеге асырылатынына сенім білдірді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея Республикасына мемлекеттік сапары аясында бірқатар бірлескен жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Оның ішінде Қызылорда облысының әкімдігі тарапынан Сыр елінің бренді болып саналатын күріш дақылын өсіруде «ақылды» технологияларды қолдану, білім, денсаулық сақтау салаларындағы өзара іс-қимылды кеңейту, туризм саласын дамыту және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бағытында ұсыныстар айтылды.
Өңір басшысы Қызылорда облысының әкімдігі инвесторларға мемлекеттік қолдау шараларын көрсетуге әзір екенін айтып өтті. Корея Республикасының патриоттар және ардагерлер жөніндегі министрі Хван Ги Чхоль екіжақты ынтымақтастықты орнатуда Корея мемлекеті тарапынан қолдау көрсетілетінін айтып, ыстық ықылас танытқан қызылордалықтарға алғысын білдірді.
ҚЫЗЫЛОРДА