Қоғам • 16 Тамыз, 2021

Алманиядан жеткен алғыс

396 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жуырда Фейсбук әлеуметтік желісінен Қызылорда облысының Шиелі ауданында туып-өсіп, жиыр­ма бір жыл бұрын Алманияға қоныс аударған Марина Фрайдың Сыр еліне сәлем жолдаған сәтін көрдік. Бізді таңғалдырғаны – Маринаның қазақ тілінің әуезін сақтап қалғаны.

Алманиядан жеткен алғыс

 

Жаңа ғана Шиелідегі көршілердің бірімен шүйіркелесіп келгендей, кібіртіктемей жатық сөйлеген Марина анасы Нелли Обендерфер туралы жазған аудандық «Өскен өңір» газетіндегі әріптестерімізге алғыс айтты. Мыңдаған шақырым алыста жүрген оның үнінен туған жерге деген сағыныш байқалып тұр еді.

Бұл күнде Алмания тұрғынына айналған жер­лесіміздің нағашылары – Обендерферлер отбасы 1940 жылы Украинадан Шиелі ауданындағы Алғабас ауылына жер аударылып келіпті. Бұл Маринаның анасы Неллидің 2 жасқа толар-толмас кезі екен. Осы ауылда 1955 жылы Томас Фрай есімді азаматқа тұрмысқа шығып, жас отбасы Жаңатұрмыс ауылына қоныс аударады. Дүниеге 10 бала әкелген батыр ана Нелли Обендерфер 25 жыл бойы ауылдағы орта мектепте тазалықшы болып жұмыс істепті.

Екі мыңыншы жылы тарихи Отанына көшкен Нелли Обендерфер бұл күнде өмірден өткен. Демі үзілер шағындағы ақырғы аманаты Шиеліге сәлемін жеткізу болыпты.

– Анам бізге тек қазақша сөйлейтін. Сол әдетін Германияда да тастамады. Бауырмал, тату-тәтті болыңдар деп, үнемі қазақ балаларын үлгі етіп, қазақы дәстүрден ауытқымауымызды қадағалап отыратын. Ата-бабасының жерінде жүрсе де Шиеліні қалай сағынғанын сөзбен айтып жеткізе алмаспын. Ауылдастары күндіз есінен, түнде түсінен кетпеді десем де болады. Жаңатұрмыстағы көршілеріміз Дүкенбай, Жақсылық, Аманбай ағаларды, Разия, Рахима, Рабиға апаларды аузынан тастамай айтып отыратын. Анам туралы жазған аудандық «Өскен өңір» газетінің бас редакторы Нұрболат Пірімбетке, мақала авторы Гүлнәр Дүйсебай сіңіліме мың алғыс! – дейді Марина Фрай.

Германиядағы Берзенбрюк деген шағын қалада тұратын Марина медбике болып жұмыс істейді. Үнемі Қазақстан жаңалықтарына құлақ түріп, ел өмірін әлеуметтік желі арқылы біліп отырады екен.

–       Аудандық «Өскен өңір» газетінің сайты іске қосылғалы бері оның тұрақты оқырманымын. Анам жайлы материалды да сол сайттан көрдім. Қолымыз қалт етсе, сайтқа кіріп, ел жаңалығын біліп отырамыз. Туған жерім бұрынғыдан көп өзгеріпті. Шиеліні қатты сағынып жүрмін. Анам көзі жұмылар сәтте маған бұрынғы көршілеріне сәлем айтуды тапсырып кетіп еді. Амандық болса, алдағы уақытта барып, аунап-қунап, аманатын орындаймын,  – дейді Марина.

 

Қызылорда