Аймақтар • 16 Тамыз, 2021

Алматыға азық-түлікті жедел жеткізеді

112 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Екі миллионнан астам халқы бар мегаполис қымбатшылық, қуаңшылық қыспағынан шығу үшін нақты қадамдарға барып отыр. Осы аптада Алматы облысының өндірушілері Алматы қаласына азық-түлік өнімдерін жедел жеткізу жөніндегі меморандумдарға қол қойды.

Алматыға азық-түлікті жедел жеткізеді

 Алматы облысының ірі сауда желілері мен тауар өндірушілері Алматыға сиыр етін, күнбағыс майын және күрішті тікелей жеткізу туралы келісіп отыр. Алматы қаласы әкімінің орынбасары Мақсат Кикимовтың Алматы облысына жұмыс сапары барысында ынтымақтастық туралы тиісті меморандумдарға қол қойылды.

Алматы қаласының кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы, «Алматы» ӘКК» АҚ, «Жетісу» ӘКК, «РИР» АҚ, «Magnum Cash&Carry», «Small» сауда желілерінің өкілдері құрамындағы делегация Талдықорған қаласы мен Балқаш ауданының «Жетісу Мажико» агрокешені» ЖШС, «Динара Ranch» ЖШС, «Агрофирма Бірлік» ЖШС, «Тамшы-бұлақ» ЖШС кәсіпорындары мен ірі шаруа қожалықтарына барып, онда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын белгіленген бағамен жеткізу туралы келісімдерге қол жеткізілді.

Бұл шаралар Мемлекет басшысының әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру жөніндегі тапсырмасымен үйлеседі. Кездесу барысында Алматы облысының тауар өндірушілеріне мемлекеттік қолдау тетіктері, атап айтқанда, өндірілетін өнімнің өзіндік құнын төмендетуге және халық үшін тауарлардың қолжетімділігін арттыруға тиіс айналым қаражатын толықтыруға арналған жеңілдікті несие­лер ұсынылды.

«Қазір мегаполистің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Бұл – ерекше бақылауда тұрған стратегиялық маңызды мәселе. Маусым айында біз көкөніс, қант, сүт және сүт өнімдерін, құс етін, жұмыртқа, макарон өнімдерін тікелей жеткізу бойынша келісімдер жасастық. Бүгін біз сиыр етін, май мен күрішті тікелей жеткізу туралы келісімге келдік. Қабылданған шаралардың арқасында шілде айының басынан бастап тұтыну бағалары индексінің 0,7%-ға төмендеуі байқалды, бұл республика бойынша Алматы қаласын 9 тармаққа, 10-нан 19-орынға төмендетуге мүмкіндік берді», дейді Алматы қаласы әкімінің орынбасары М.Кикимов.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру үшін Алматының 7 негізгі азық-түлік база­рын­да әлеуметтік дүкендер («Көк базар», «Жаңа Ақбұлақ» (көтерме сауда), «Сары-Арқа», «Тастақ», «Таусамалы», «Алматы-1», «Түрксіб» жәрмеңкесі) жұмыс істейді. Онда орташа нарықтық бағадан төмен бағамен 10 түрлі ӘМАТ өнімдері (картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат, қант, қарақұмық, күнбағыс майы, күріш, рожки, ұн) сатылады. Алдағы маусымаралық кезеңге, яғни биылғы қыркүйектен 2022 жылғы сәуірге дейін Алматы әкімдігі 22 мың тонна көкөністі «шұғыл» сатып алу шартын жасады.

 

АЛМАТЫ