Әділқазылар алқасы жүлде қоры – 1 млн теңгеге бағаланған Гран-Приді тамаша дауысты Айлунға беруге бірауыздан шешім қабылдады. Бірінші орынды Нұр-Сұлтан қаласынан келген жас өнерпаз Әдел Күнәділова мен болгариялық 15 жастағы жас әнші Елизабет Сахариева иеленді. Олардың әрқайсысына 500 мың теңгеден табысталды. Қазылар алқасы Ақтаудан келген жас өнерпаз Армен Саакян мен ресейлік Милана Понамаренконы екінші орынға лайық деп танып, олардың әрқайсысына 350 мың теңгеден жүлде табыстады.
Үшінші орынды Нұр-Сұлтан қаласынан келген жас вокалшы Камила Ғазизқызы, Есет Әлжан және әзербайжандық жас әнші Искандер Гасанзаде иеленді. Осы санаттағы жүлде қоры – 250 мың теңгеден бағаланған. Пандемияға қарамастан, Ақтөбеде өтетін халықаралық жас таланттар байқауына қатысу үшін жүректері лүпілдеп келген балалардың ешбірі құр кеткен жоқ. Қаладағы «Өнер орталығы» сахнасында ән айтып, вокалдық шеберліктерін көрсеткендерге жүлделі орындардан өзге бірнеше ынталандыру сыйлықтары тағайындалған болатын.
Фестивальды ұйымдастыруға атсалысқан Димаш Құдайбергеннің арнайы сыйлығы Нұр-Сұлтан қаласынан келген Әдел Күнәділоваға табысталды. Әдел енді Димаш Құдайбергеннің шетелде өтетін концерттерінің біріне қатысып қана қоймай, үлкен сахнада Димашпен бірге ән салмақшы. Ең құрметті сыйлыққа ие болған 14 жастағы өнерпаз Әдел қуанышын жасыра алмай ерекше шаттанды. Осы сахнада «Димаш» фан-клубының атынан фестивальға қатысуға келген 11 өнерпазға 100 мың теңгеден ақшалай сыйлық табысталды. Олардың арасында Екатеринбургтен келген 14 жастағы Анна Глотова мен қазақстандық Әлинұр Хамзин бар.
Baqytty Bala-2021 халықаралық фестивалінің қорытынды гала концертіне қатысып, балғын жеңімпаздарды арнайы құттықтаған облыс әкімі Оңдасын Оразалин былай деді: «Құрметті жас өнерпаздар! Қазақта «алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы ақсақал сәлем береді» деген жақсы сөз бар. Былтыр пандемия кесірінен өткізе алмасақ та, биыл жақсы дәстүрді қайта жалғастыруға шешім қабылдадық. Биылғы балалар байқауы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналады. Ұлан-ғайыр жердің иесі, бірнеше мыңдаған жыл бойы даламыздың мәдениетін сақтап қана қоймай, әлемге паш етіп келген көшпенділердің ұрпағы рухани бай мұрамызды алдағы уақытта да таныстыра береміз. Шетелдерден де осы балалар фестиваліне қатысуға ынта білдіргендер жыл сайын артып келеді. Baqytty Bala-2021 ән мерекесі жас таланттар ұстаханасына айналып келеді деп айтуға толық негіз бар. Бұл тамаша өнер сайысы жас таланттарды ашып келеді. Болашақта сіздердің араларыңыздан әлемдік танымал фестивальдардың болашақ үздіктерін көреміз деп үміттенеміз. Осы фестивальды өткізуге бастама көтерген «Димаш Али» студиясы болса, жас таланттар бәйгесін ұйымдастыруға барынша атсалысып жүрген Димаш Құдайбергенді ерекше атап өткім келеді. ХХ ғасырда қазақ музыка өнерін ғылыми айналымға түсіріп, кәсіби музыка саласын жолға қойған Ахмет Жұбанов болса, ХХІ ғасырдағы қазақтың әншілік әлеуетін дүниежүзіне танытқан – Димаш Құдайберген. Жан-жақтан жиналған балалардың достық мекеніне айналған бұл жобаның үздіктері әлі де көбейері анық. Барлық қатысушыларды шын жүректен құттықтаймыз!».
Фестиваль қорытындысы бойынша Мәдениет және спорт министрлігінің арнаулы сыйлықтары атыраулық Әмина Құрбанова мен қызылордалық Тимур Тянға табысталды. Осы номинация бойынша Әмина «Астана Опера» студиясында ән жазуға, Тимур Тян бейнебаян түсіру мүмкіндігіне ие болды. Ақтөбелік жас әнші Ислам Қыстаубаев Нұр-Сұлтан қаласындағы дарынды балаларға арналған «Шабыт» мектебіне қабылданатын болды. Әнші продюсер Ұ.Жолдасовтың авторлық әнін ендігі жерде халықаралық сайыстарда Искандер Гасанзаде орындайды. Сондай-ақ Түркістаннан келген жас өнерпаз Мейрамбек Шалқарбайға «Димаш Әли» продюсерлік орталығының саундпродюсері Ерлан Бекчуриннің арнайы сыйлығы табысталды. «Славян базары» фестивалінің бас жүлде иегері Рухия Байдукенованың 100 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлығын және «Халықаралық көкжиек» номинациясын Грециядан келген жас өнерпаз София Сальвариду мен украиналық Кристина Душутина алды.
Фестивальдың жабылу сәтіне арналған гала-концертте Әйгерім Тілеубек, Димаш Құдайберген, Ержан Максим, Рухия Байдүкенова, Қарақат Башанова өнер көрсетті.
Ақтөбе облысы