Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» атты еңбегінде: «Егер біз мемлекет болғымыз келсе, өзіміздің мемлекеттігімізді ұзақ уақытқа меңзеп құрғымыз келсе, онда халық руханиятының бастауларын түсінгеніміз жөн. Оған барар жол халық даналығының негізінде жатыр», деген еді. Енді міне «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында ежелгі ата-бабаларымыз – түркілердің Мәңгілік Ел идеясын – Қазақ елінің ұлттық идеясы ретінде жариялап отыр.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» атты еңбегінде: «Егер біз мемлекет болғымыз келсе, өзіміздің мемлекеттігімізді ұзақ уақытқа меңзеп құрғымыз келсе, онда халық руханиятының бастауларын түсінгеніміз жөн. Оған барар жол халық даналығының негізінде жатыр», деген еді. Енді міне «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында ежелгі ата-бабаларымыз – түркілердің Мәңгілік Ел идеясын – Қазақ елінің ұлттық идеясы ретінде жариялап отыр.
Жалпы, ежелгі түркілердің «Мәңгілік ел» идеясын екі мағынада алып қарастырған дұрыс. Біріншісі – кең мағынада, яғни біртұтас түркі елі немесе қағанат, бірнеше ұлыстар мен ру-тайпалық мемлекеттерді біріктірген ірі бірлестік, ал екіншісі – тар мағынада, яғни жекелеген түркі мемлекеттері немесе хандықтар мен ұлыстар. «Мәңгілік Ел» идеясының алғаш рет манифест, яғни үндеу тұрғысынан жарияланғаны – кең мағыналық сипатта еді. Өйткені, ол кезде түркі жұрты – Ұлы Түркі қағанатын, яғни біртұтас елін құраған заман болатын.
Ежелгі түркілердің «Мәңгілік Ел» идеясы үш тұғырдан, яғни үш негізден тұрады: оның біріншісі – көне түркі жазба ескерткіштеріндегі «Мәңгілік Ел» манифесі, екіншісі – әл-Фарабидің философиялық шығармаларында, әсіресе, «Қайырымды қалада» бұл идеяның теориялық-методологиялық тұрғыдан тиянақталуы және үшіншісі – Жүсіп Баласағұнның осы идеяны негіздеген «Құтты Білік» дастаны. Бұлардың бәрі бір-бірімен тығыз байланысты, бір заманның жемісі және өзіне дейінгі бабалар мұратымен жалғаса отырып, кейінгі ұрпақтарының құрған мемлекетшілдік, яғни «Мәңгілік Ел» идеясымен сабақтасады.
Тоныкөк ескерткішінде мемлекеттің тұрақты болуы үшін билікті ұстап отырған қаған мен ақылгөй дана бірауыздылығы, сөз бен істің ажырамауы, елдің тұтастығы үшін ынтымақтың, барлық күштердің ұйытқысы болу қажеттігі түп нысана ретінде айтылады. Түркі халқының елдігінен айырылып, қағансыз қалып, тағы да басқаларға бағынып, одан қайта көтеріле бастағаны, жаңа қаған отырғаннан кейін елдің басын біріктіру шаралары, яғни «түнде ұйықтамай, күндіз отырмай, түркі елі үшін қызыл қанын ағызып, қара терін төккені, күш-қуатын бергені» паш етіледі.
Осының бәрі кейінгі ұрпаққа да үндеу ретінде айтылғаны көрінеді. Сонымен қатар, бұл жерде «Мәңгілік Ел» ұғымы, тәуелсіздік рухы, азаттық идеясы бір-бірімен үндесіп тұр.
Көне түркі жазба ескерткіштерін алып қарастырсақ, біріншіден, олардың заттық, яғни материалдық сипатқа ие болып, еркіндік, азаттық пен тәуелсіздіктің нышандарын айғақтайтын мемлекеттік рәміздер белгілерін көруге болады. Мысалы, Күлтегін ескерткішінің ұшар басы бөрі бейнелі бесбұрышты қалқан түрінде ойылуы кездейсоқ емес. Көк бөрі түркі халықтарының ежелгі тотемдік нанымына негізделгендігі белгілі. Түркілер әулетінің негізін қалаған Ашина Алтай тауына қоныс тепкеннен кейін, «өзінің тегін ұмытпайтындығын елге жария ету үшін қақпасына қасқыр басты туын іліп қойды», делінген қытай жылнамаларында. Толық бөрі бейнесін оның басы арқылы беру «тұтастықты бөлшек арқылы беру» деген ғылыми принципіне негізделген. Мұндағы бөрі бейнесі көркемдік емес, саяси-әлеуметтік, яғни елдік пен еркіндікті, тәуелсіздік пен азаттықты айшықтайтын тудың рәміздік нышаны. Бөрінің бейнесі көптеген түркі тайпалары мен руларының таңбасы болған. Қазір де кейбір түркітілдес халықтар қауымдастығының рәмізі ретінде қолданыста.
Л.Н.Гумилев те Орхон-Енисей ескерткіштеріне талдау жасағанда руникалық жазулар эпитафиялық емес, публицистикалық сипатта деп жаңа бір пікірді білдірген болатын: «үш жазудың мәтіндері де түркілердің барлық қоғам мүшелеріне үндеу тұрғысында айтылған, оның өзінде ештеңемен бүркемелемей, халықты сендіргісі келеді. Ендеше, жазу – үндеу, ондағы берілген материал таңдап алынған. Мұндай жанрдың болуының өзі сөздің түркі қоғамында нақты күш екендігін көрсетеді. Олай болса, дамыған қоғам және қоғамдық пікір де бар». Ендеше, бұдан шығатын қорытынды: «Мәңгілік Ел» – көне түркі жазба ескерткіштерінде Ұлы Түркі қағанаты мемлекетінің манифесі ретінде жария етілген.
Әл-Фараби ежелгі грек философиясы мен шығыстың мұсылман ілімдерін байланыстыра отырып, түркі дүниесінің «Мәңгілік Ел» философиясының теориялық негіздемесін жасап берді. Ғалым «Мәңгілік Ел» теориясының негізгі ережелерін «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы», «Азаматтық саясат», «Мемлекет билеушінің нақыл сөздері» шығармаларында баяндайды. Бақытқа жету жолында адамдардың арасындағы қайырымдылық пен түсінушілік, бір-біріне көмек беру, достық пен бейбітшілік, тәрбие мен тәлім – Әл-Фарабидің тұтас әлеуметтік-саяси теориясының ажырамас бір бөлігін құрайды. Мемлекет пен қоғамның кемелденуі туралы әлеуметтік-саяси теориясында мемлекет басқарушылары мен сол қоғамда өмір сүретін адамдардың да ұстануы тиіс мемлекетті басқарудың императивтері мен механизмдері ашылды. Сондықтан, бұлардың бәрі қазіргі таңда түркітілдес мемлекеттердің ұлттық құндылықтары ретінде саналуы тиіс.
Фараби мемлекеттің міндетін және оның ішкі және сыртқы міндеттерін толық анықтап береді. Сыртқы міндеті ретінде мемлекеттің қайырымды қала тұрғындарын немесе мемлекетті сыртқы жаулардан қорғау, яғни күшті қорғаныс ұйымдастырумен жүктеледі. Ішкі міндеті ретінде мемлекеттің өз халқының бақытқа жетуі үшін көрнекті шараларды іске асыру керек: олар – әділеттілікті орнату, халықты оқыту, оларды керекті ғылыммен толықтыру, адамгершілікке тәрбиелеу, қайырымдылықты тарату және ең жақсы бақытқа жеткізетін әдеттерді бойға сіңіру. Қалған мәселелердің бәрі – экономикалық және саяси мәселелер – негізгі міндетке бағынады, яғни адамдардың бақытқа жетуі олардың рухани жетілуіне тәуелді.
«Құтты білік» дастаны орта ғасырларда өркениетті ел болған Қарахан әулеті мемлекеті түріктерінің тілінде жазылғаны белгілі. Жүсіп Баласағұн «Құтты білікті» 1069-1070 жылдары Баласағұн қаласында бастап, он сегіз айдың ішінде Қашқар қаласында аяқтаған. Қарахан әулеті билік жүргізген дәуірде ұлан-ғайыр өлкені алып жатқан осы мемлекеттің басқару тәртібін белгілейтін ережелер, сондай-ақ, қоғам мүшелерінің құқықтары мен міндеттерін айқындайтын тиісті заңдар жоқ еді. Міне, елдегі осы олқылықтың орнын толтыру мақсатымен Жүсіп Баласағұн өзінің «Құтты білік» дастанын жазды. Демек, дастан белгілі бір мағынада елдегі Ата Заң (Конституция) қызметін атқарған. Шығармада ел басқарудың, экономиканы, əлеуметтік-тұрмыстық ахуалды, əскери істі ұйымдастырудың, шаруашылықты, тағы басқа да мемлекеттің əл-ауқатын жақсартудың ерекшеліктері суреткерлік-философиялық тілмен баяндалады. Жүсіп Баласағұн дастанда патшалар мен уәзірлердің, хан сарайы қызметкерлері мен елшілердің, әскербасылар мен нөкерлердің, тәуіптер мен аспаздардың, диқандар мен малшылардың, т.б. қоғам мүшелерінің мінез-құлқы, білім дәрежесі, ақыл-парасаты, құқықтары мен міндеттері қандай болу керектігін жеке-жеке баяндап шығады.
Әрине, «Мәңгілік Ел» идеясының негіздерін Елбасы Жолдауынан кейін жедеғабыл жазылған газет мақаласында толық ғылыми талдау мүмкін емес. Біз оны тезистік тұрғыдан қысқаша баяндауға тырыстық. Бұл мәселе кейін үлкен ғылыми жобаларда зерттелуі тиіс.
Түркі мемлекеттерінің сабақтастығын жекелеген хандықтар құрылған заманда жалғастырған тұлғалар: Қасым хан, Есім хан, Тәуке хан, Абылай хан мен соңғы Кенесары хан еді. Таяуда елордалық жастардың «Жас азамат» ұйымы Астананың «Жастар» шағын ауданы аумағында орналасқан көне қорымнан хан Кененің ел тәуелсіздігі үшін жанын қиған 200 сарбазының рухына арнап қойылған көне құлпытасты тапты. Қабір басына тұрғызылған тастағы мәтін де, сол көне түркілердің тас бітіктеріндегі эпитафиялық мәтіндерге өте ұқсас болып келеді.
Абылай хан дүниеден озар алдында Бұқар жыраумен қоштасып жатып: «Қанша жыл өмір сүріп, жасағанымнан не пайда, қазақтың арқасын тамға, аузын нанға сүйегенім жоқ, бұл – бір. Ақбозаттың құнын ер құнына теңегенім жоқ, екі. Мылтығымның құнын екі ердің құны дегізгенім жоқ, ұста мен етікшінің құнын қатын құнымен бір бәс қылып, жарты құн дегізіп кесім кестіргенім жоқ, мұным үш. Осы үш арман бойымда кетті» деген екен. Абылайдың осы үш арманының аржағында үлкен философиялық ой, даналық тұжырым бар. Бұл оның қазақтың басын біріктірсем, яғни «Мәңгілік Ел» етсем дегенін, ел болашағын тереңінен ойлағанын пайымдатады.
Осы Абылай арманы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастауымен Қазақстан егемендік алғаннан бері соңғы 20 жылдан астам аз уақыттың ішінде орындалып келе жатқанының куәсіміз. Кезінде түркі жұрты қағандары «түнде ұйықтамай, күндіз отырмай, қара терін төгіп, қызыл қанын ағызып» «Мәңгілік Елдің» іргесін қалап кетсе, дәл осыны жаңа дәуірде Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев ХХІ ғасырдағы «Мәңгілік Ел» идеясы тұрғысында, іс жүзінде тарихи сабақтастықта жалғастырып отырғанын атап өтсек артық кетпейміз. Оған Елбасының кешегі Жолдауындағы «Мен Мәңгілік Ел ұғымын ұлтымыздың ұлы бағдары – «Қазақстан-2050» Стратегиясының түп қазығы етіп алдым», деген сөзі айшықты айғақ.
Сатай СЫЗДЫҚОВ,
Күлтегін сыйлығының лауреаты,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры.