Елбасының бұл жолғы Жолдауында маңызды мәселелер көптеп көтерілді. Жолдаудың әр бөлімінде нақты бағыттар мен айқын мақсаттар көрініп тұр. Бұған дейін «Қазақстан-2050» Стратегиясы қабылданғаны мәлім. Онда әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу басты мақсат етіп қойылған. Бүгінгі Жолдауда сол мақсатқа жетудің жолдары мен механизмдері, түрлі иірімдері мен тетіктері көрсетілген. Себебі, дамыған 30 елдің қатарына қосылу өте қиын әрі асқан жауапкершілікпен еңбек етуді талап ететін міндет.
Мәулен ӘШІМБАЕВ,
Мәжіліс депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы.
Елбасының бұл жолғы Жолдауында маңызды мәселелер көптеп көтерілді. Жолдаудың әр бөлімінде нақты бағыттар мен айқын мақсаттар көрініп тұр. Бұған дейін «Қазақстан-2050» Стратегиясы қабылданғаны мәлім. Онда әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу басты мақсат етіп қойылған. Бүгінгі Жолдауда сол мақсатқа жетудің жолдары мен механизмдері, түрлі иірімдері мен тетіктері көрсетілген. Себебі, дамыған 30 елдің қатарына қосылу өте қиын әрі асқан жауапкершілікпен еңбек етуді талап ететін міндет.
Десем де, Мемлекет басшысы дамыған 50 елдің қатарына бар-жоғы 21 жылдың көлемінде еркін енген еліміз, бұл межені де бағындыра алатынына сенімді.
Негізінен еліміздің экономикасын жүйелі дамытып, ғылым мен өндірістің бірігуін, сөйтіп, озық техника мен технологияларды үздіксіз жетілдіріп отыру мәселелері көп айтылды. Мемлекетіміздің іргетасы нығаюы үшін экономикамыз тұрақты әрі мықты болуы керек. Сонда ғана халықтың әлеуметтік жағдайы дұрысталып, бейбіт өміріміздің шырқы әр кез баянды болады. Десек те, Елбасы бүгінгі Жолдауында ұлттық құндылықтарға да баса назар аударды.
Жолдауда Мемлекет басшысы Мәңгілік Ел идеясын көтерді. Онда Мәңгілік Елдің егемендігін тұғырлы ету мәселесіне назар аударды. Мемлекетіміздің болашағын дұрыс бағдарлап, қазіргі замандағы даму үрдістерінен қалып қоймай, әлемдегі өзіміздің лайықты орнымызды иеленуге тиіспіз. Енді бұдан былай тәуелсіздігімізді, мемлекеттігімізді сәт сайын нығайта беруіміз керек. Идеологиялық жұмыстарды жетілдіріп, халқымызды Мәңгілік Ел идеясына жұмылдыруымыз қажет. Негізі, еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бергі басты мақсатымыз – Мәңгілік Ел құру болатын. Мемлекет басшысы бұл Жолдауында ол мақсатқа жетудің жолдары мен тетіктерін көрсетіп, кезеңдерін белгілеп берді. Енді Үкімет пен Парламент палаталары, сондай-ақ, басқа да қоғамдық ұйымдардың бәрі осы Мәңгілік Ел идеясының қасынан табылып, кемел келешек жолына жұмылуы керек.