Саясат • 17 Тамыз, 2021

Екінші кезеңнің ерекшелігі неде?

466 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елімізде Президенттік жастар кадрлық резервіне үміткерлерді іріктеудің екінші кезеңі басталады. Бұл жөнінде Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова мәлімдеді.

Екінші кезеңнің ерекшелігі неде?

Президенттік жастар кадр­лық резервінің ұлттық комис­сиясы бекіткен жоспарға сәй­кес ­екінші кезең резервтерін ірік­теу 1 қыркүйектен басталып, ниет білдірген жастардан құ­жат­тар қабылдау айдың ая­ғына дейін жалғасады. Құжат­тар­ды қабылдау және әлеу­етті резервшілерді іріктеу ма­ман­дандырылған онлайн платфор­мада жүргізіледі. Іріктеу нәти­жесінде мемлекеттік сектор үшін 50 жас резервші таңдап алынбақ.

Брифинг барысында агентттік басшысы кандидаттарға қойы­латын негізгі талаптардың өз­геріссіз қалғанын айтып өтті.

«Кандидаттарға қойылатын негізгі талаптар бұрынғыдай. Яғни кадр резервіне үміткерлер Қазақстан азаматы болуы тиіс, жасы 35-тен аспауы керек, жоғары білімі бар және еңбек өті­лі 5 жылдан кем болмауы қажет. Бұл жолғы үміткерлердің білімі мен дағдыдан бөлек, қоғамдағы мәсе­ле­лерден хабардар болып, оны шешуге қызы­ғушылық танытуы жоғары баға­ланады», деген спикер ірік­теу кезінде кан­ди­дат­тарға қосым­ша арнайы тап­сырмалар бері­ліп, сол арқылы олар­дың бі­лім-біліктілігі жаңаша бағала­на­тынын  хабарлады. Бұл жолғы ірік­теудің алдыңғысынан басты айырмашылығы да – осында. Ірік­теу кезеңдерінде канди­дат­тардың шынайы уәждері мен олардың құндылық бағдарларын бағалауға басымдық беріледі.

Спикер іріктеу барысында үміт­керлердің күрделі мәтіндік, сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілеті, ахуалдық есептер тү­рін­де жасалған нақты мәсе­лелерді шешу біліктілігі сарапқа салынатынын атап өтті.

«Бұдан бөлек, канди­дат­тар­дың ассесмент орталық арқы­лы стратегиялық ойлау, проак­тив­тілік, қызметті басқару, ко­ман­да­лық көшбасшылық, сенім­ділік сияқ­­ты жаңа формациядағы көш­­бас­­шыларға тән құзыреттері анық­­талып, бағаланады», деп атап өтті агенттік бас­шы­сы.

Сонымен қатар Президент та­ғай­ындаған лауазым иелері, саяси мемлекеттік қызметшілер, әкімшілік мемлекеттік қызмет­шілер, «А» корпусы және Пре­зи­­денттік жастар кадрлық резер­віндегі адамдар іріктеуге қаты­са алмайды. Президенттік резерв­тен әртүрлі мемлекеттік лауазым­дарға, әкімшілік лауазым­дарға, «А» корпусына және «Б» кор­пусының басшы лауа­зым­дарына тағайындау қарас­тырылған.

А.Жайылғанованың хабарлауынша, іріктеуден өткендер Президенттік жастар кадрлық резервінде 3 жылға дейін бола алады. Сонымен қатар іріктеуден өткен мамандар мемлекеттік қыз­метке заң аясында сайланады, немесе тағайындалады. «Егер кез келген мемлекеттік қызметке жастар кадрлық резервінде жоқ маманның кандитатурасы келіп тұрса, ол қызметке жастар кадр­лық резервіндегі маманды та­ға­йындау міндетті емес», деді ол.

Биылғы іріктеуге енгізілген жаңа талаптың тағы бірі – Пре­зиденттік жастар кадр­лық резер­віне үміткерлер мем­ле­кеттік тілді білуі керек. Сол себепті де екін­ші іріктеу кезең­інде олар­дан қазақ тілін білу дең­гейін рас­тайтын құжат талап етіледі. Ірік­теуге енгізілген бұл жаңа­шыл­дық жөнінде Президент жанын­дағы Мемлекеттік басқару акаде­мия­сының ректоры Ерлан Әбіл жан-жақты түсіндіріп өтті.

«Qaztest офлайн форматта өтуді қажет етсе, Qazaq Resmi Test-ті үміткерлер өздеріне ың­ғай­лы уақытта онлайн тапсыра ала­ды. Ол үшін веб-камерасы, мик­ро­фоны және интернеті бар ко­мпьютер болуы керек. Үміткер­лер мемлекеттік басқару акаде­мия­сында Qazaq Resmi Test-ті тап­сыруға бағытталған арнайы дайындық курсынан да өте алады», деді  Е.Әбіл.

Бүгінде Президенттік жастар кадрлық резервіне мүше 300 жастың 184-і жауапты қызметке ор­наласқан. Резервшілердің қал­­ған­дары бизнес саласында, ква­зимемлекеттік секторда жұ­мыс істейді.