Ұлттық экономика министрлігі әзірлеген бұл тұжырымдама жобасы – алдыңғы жылдары іске асырылған жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту жөніндегі реформалардың қисынды жалғасы. Жаңартылған тұжырымдамада жергілікті өзін өзі басқаруды дамытудың жаңа моделі енгізілген, ол шешімдер қабылдау процесіне азаматтардың қатысуы мен рөлін кеңейтуді, жергілікті өзін өзі басқару органдарын сайлауды, ұйымдық, экономикалық және қаржылық мәселелерді шешудегі ауыл әкімдіктерінің дербестігін бағамдайды. Бұдан басқа, онда мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін өзі басқару қызметінің нақты функционалдық шекаралары, сондай-ақ жергілікті өзін өзі басқару органдарының тұрғындар алдындағы ашықтығы мен есептілігін күшейту жөніндегі нормалар жазылған.
Аталған құжатқа сәйкес, жергілікті жерлерде мемлекеттік басқару үдерістерінде азаматтардың рөлін күшейту үшін әкімдерді тікелей сайлау енгізілуде. Осы жылдың шілдесінде ауыл әкімдерін тікелей сайлау басталды. Осы бағыт шеңберіндегі келесі қадам – 2024 жылдан бастап аудан әкімдерін тікелей сайлауды енгізу.
Сонымен қатар Ұлттық экономика министрлігі жергілікті өзін өзі басқару туралы жаңа заң әзірлеуде, онда жергілікті өзін өзі басқару органдарының құрылымы, қалыптастыру тәртібі және өкілеттіктері айқындалады.
Бұл жергілікті өзін өзі басқарудың пәрменді жүйесін орталықсыздандыруға және құруға, басқару деңгейлері арасындағы функциялар мен өкілеттіктердің қайталануын қайта бөлуге және болдырмауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ ауылдық өкілді орган – «Кеңес» құрылады. Кеңеске жергілікті қоғамдастықты дамыту жоспары мен бюджетті бекіту және оның орындалуын бақылау, ауылдық деңгейде салық мөлшерлемелерінің көлемін реттеу, сондай-ақ ауылдарды абаттандыру мәселелері бойынша өкілеттіктер беріледі. Көрсетілетін қызметтер тізбесі, қызметкерлерді жалдау және еңбекақы мөлшерін айқындау мәселелері осы Кеңес арқылы реттеледі.
Айта кету керек, қазір ұдайы төртінші деңгейдегі бюджеттің жеткілікті қаржыландырылмауы байқалады. Меншікті кірістер бюджеттің осы деңгейіндегі шығыстардың тек 13,4%-ын жабуда. Осыған байланысты, 2022 жылдан бастап ауыл деңгейіне салықтар мен төлемдердің қосымша төрт түрін беру көзделген: бірыңғай жер салығы, жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлем, оларды сатудан түсетін түсімдер және оларды жалдау құқығын сатқаны үшін төлем.
2023 жылы тағы да бірқатар салықтар мен төлемдерді беру жоспарланып отыр. Атап айтқанда, шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығын облыс, аудан және ауыл арасында бөлу көзделеді. Фискалдық орталықсыздандыру бойынша шаралар қабылдау нәтижесінде 2025 жылы ауылдық округтер бюджетінің өзін өзі қамтамасыз етуінің 35%-ға дейін өсуі күтілуде.
Бүгінгі таңда еліміздегі жергілікті инфрақұрылым нысандарының көп бөлігі, яғни жолдар, сумен жабдықтау, су бұру және электрмен жабдықтау желілері жергілікті атқарушы органдардың балансына тиісті түрде қойылмаған. Бұл әкімдіктер аталған нысандарға ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарын әрдайым жедел жүргізе алмайтындығына алып келеді. Өз кезегінде бұл азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатына тікелей әсер етеді. Осы мәселелерді жергілікті деңгейде шешу үшін тұжырымдама жобасында жергілікті бюджет шығыстарын ұтымды бөлуді арттыруға және коммуналдық меншік нысандарын тиімді пайдалануға бағытталған іс-шаралар көзделген.
Айтылған іс-шараларды сапалы іске асыру 2025 жылға қарай уақыт сын-қатерлеріне жауап беретін және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес біздің азаматтарымыздың мүдделерін толыққанды іске асыруға бағытталған жергілікті өзін өзі басқарудың жаңа моделін қалыптастыруға мүмкіндік бермек.