Өнер • 17 Тамыз, 2021

Ізденгенге індет сылтау емес

142 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Пандемия бет қаратпай тұрған кездің өзінде Қарағанды облысындағы мәдени мекемелердің барлығы да жұмысын тоқтатқан жоқ. Яғни өңірдегі ұзын саны 600-ден астам мәдениет және архив нысаны онлайн режімге көшіп, тұрғындарға тұрақты түрде қызмет көрсетіп келеді.

Ізденгенге індет сылтау емес

Осы және саладағы басқа да оң өзгерістер туралы өңірлік ком­­муникациялар қызметі алаң­қайында өткен онлайн-брифинг­те Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқар­масының басшысы Еркебұлан Жұмакенов баяндады.

Ведомство басшысы 2020 жыл­ға арналған жұмыстардың жос­парға сай атқарылғанын атап өтті.

– 2020 жылы 96 мәдениет және архив нысаны жөндеуден өтті. Биыл «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Бұқар жырау ауданындағы Баймырза ауылының клубында және Осакаров ауданындағы Молодежный кентінің мәдениет үйінде күрделі жөндеу жүргізіледі. Сонымен бірге мәдениет және өнер қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайына жеткілікті түрде көңіл бөлінетін болады. Биыл оларға 30 пәтер берілді, ал 2022 жылы тағы 40 отбасы баспанамен қамтамасыз етілмекші.

Бұдан бөлек, басқарма басшысы алдағы уақытта тағы 150-200 пәтерге қажеттілік бар екенін айтты. Сонымен қатар ол мәдени іс-шараларды өткізу қатаң түрде эпидемиялық жағдай талаптары бойынша жүргізілетінін атап өтті. Алдағы уақытта Жанат Қажиев атындағы халықаралық театр фестивалі, Тәттімбет атын­дағы республикалық байқау және «Тәуелсіздік: Сөз бен Сурет» онлайн байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі жоспарда бар.

Көптің көкейінде жүрген сұ­рақтың бірі – Қарағандыдағы кен­ші­лердің мәдениет сарайына жүр­­гізіліп жатқан жөндеу жұмыс­тарының қашан аяқталатыны болатын. Бұл турасында ведомство басшысы ол шаруаның жақын арада бітіп, ғимараттың тамыз айының аяғында келушілерге есігін айқара ашатынын жеткізді.

Бүгінде балалар үшін үйірме­лерге тегін қатысуға мүмкіндік бере­тін artsport.edu.kz платформасы жұмыс істеп тұр екен. Мұнда әрбір балаға кететін шығын­ды төлеу­ге арналған қаржыландыру­дың жаңа әдісі 1 мамырдан бастап енгізілген.

Еркебұлан Жұмакенов каран­тиндік шектеулерге қарамас­тан,  мәдениет саласының қызмет­кер­лері халықаралық және республи­калық байқауларға онлайн режі­мінде қатысып, бақ сынауды жал­ғас­тырғанын атап өтті.

– Мәдениет және спорт ми­нистр­лігі ұйымдастырған «Ру­хани қазына – 2021» фести­валін­де Қа­рағанды облысына жеті жүл­делі орын бұйырды, – деді ол.

Брифингте басқарма басшысы биыл Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығын, Қазақстан театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі, халық әртісі Серәлі Қожам­құловтың 125 жылдығын және дауыл­паз ақын Қасым Аман­жолов­тың 110 жылдық мерейтойларын ерекше атап өту жоспарланғанын айтты.

«2021 жылғы мәдени іс-шараларымыздың басым бөлігі Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын атап өтуге арналады. Мерекеге орай алғаш рет «Мәдениет» пор­талы­ның алаңқайында  «Тәуел­сіз­дік: Сөз бен Сурет» атты ақын­дар мен суретшілер арасында рес­пуб­ликалық онлайн-байқау ұйым­дастырылды», деді Е.Жұмакенов.

Сөз соңында ведомство басшысы басқарманың алдағы жұ­мыс­тары карантиндік шектеу­лер­ге байланысты ішінара өзге­ріс­терге түскенімен, негізінен ар­­­найы бекітілген жоспарға сай жүр­­­гі­зілетінін атап өтті.

 

Қарағанды облысы