20 Қаңтар, 2014

Шетелдегі қазақ жастары Жолдауға қолдау білдірді

342 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

20 01-LondonШетелдегі қазақ жастары Жолдауға қатысты ой-пікірлерімен бөлісті. Бұл туралы «24 kz» хабарлады.

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауы тікелей эфирден таңғы мезгілде берілгеніне қарамастан, Лондонда білім алып жатқан жастар көптеп жиналды. Шараны Лондондағы Қазақстан елшілігінің қолдауымен студенттік қозғалыстың белсенді өкілдері ұйымдастырған.

Әртүрлі тақырыпта өткен қызу пікірталастан жастардың ел болашағына бей-жай қарамағаны аңғарылды. Лондон университет колледжінде қаржыгер мамандығы бойынша білім алып жатқан Равиль Арыстанбеков қоғамның шешуші құндылықтарын бекітетін «Мәңгілік елді» тарихи құжат деп бағалады. «Біз – мың өліп, мың тірілген қазақпыз. Бұл – біздің ғасырлар бойы армандаған асыл мұратымыз. Енді осы ұлттық идеяны басшылыққа алып, жарқын болашаққа ұмтылатын боламыз», - деді ол осы орайда.

Лондон экономика мектебінің магистранты Алдан Серікбай Жолдаудағы әлеуметтік салаға қатысты айтылған бастамалардың үлкен жауапкершілік жүктейтінін атап өтті. Оның пікірінше, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, коммуналдық қызмет көрсету, көлік және байланыс сапасының жақсаруы – өмір сүру деңгейінің басты көрсеткіштері. Ал Brunel университетінің студенті Нұрлан Өтешев Қазақстанның бүгінгі жетістігін Жолдаудағы ұзақ мерзімді жоспарлармен байланыстырды. Соның бірегейі «Қазақстан-2030» Стратегиясы ел дамуына тың серпіліс бергенін айрықша атап өтті.

Жалпы, дерекке жүгінсек, Лондонда 4,5 мыңнан астам еліміз жастары білім алуда. Оның негізін қалаған «Болашақ» бағдарламасы екені анық. Бұл бастама да Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қамқорлығымен іске асырылған болатын. Сондықтан жастар оқуын тәмамдағаннан кейін ел игілігіне үлес қосуды мақсат тұтып отыр.

Дайындаған: Әмірхан Алмағанбетов.

Дереккөз: «24 kz»

Фото: «24 kz».

Соңғы жаңалықтар