Спорт • 17 Тамыз, 2021

Орталық Азияның ММА жұлдыздары Алматыда бас қосады

710 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ертең Алматыда аралас жекпе-жектен Аlash Pride Grand Prix 67 турнирі өтеді. Бұл додаға тек Қазақстанның ММА спортшылары ғана емес, алыс-жақын шетелден де ең мықты деген файтерлер келеді, деп жазады Egemen.kz.

Орталық Азияның ММА жұлдыздары Алматыда бас қосады

Эпидемологиялық жағдайдың күрделігіне байланысты екі рет осы турнирді кейінге шегерілген еді. Турнир алғашында 7 тамызда өтеді деп жоспарланған болатын. Алайда 2 тамыздан бері Алматы қаласында локдаун жарияланды. Бүгінгі күні де жағдай күрделі. Сондықтан турнирге көрермен кіргізілмейді. Дегенмен байрақты бәсекені QAZSPORT телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.

Аlash Pride промоутерлік клубының президенті Данияр Қасқарауовтың айтуынша, Аlash Pride Grand Prix 67 турнирінде рейтингтік жекпе-жектер үшін сегіз бұрышқа Мақсат Есболатов, Серік Тлекеев, Ғалымжан Қанаев, Бауыржан Қалмұрзаев (бәрі де – Қазақстан), Бобы Құрбанов, Азамат Нуфтиллаев, Бобыржон Абдулазизов, Муроджон Ахмедов, Жәнібек Номозов (бәрі де – Өзбекстан), сондай-ақ Медербек Нұрмаматұлы (Қырғызстан) қатысады.

1

Ал Grand Prix жүлдесін жекпе-жек түрлері бойынша халақаралық турнирдің жеңімпаздары өзара сарапқа салады. Қазақстаннан – Ерасыл Шұқатаев (9-2), Ержан Шапауов (4-0), Тимур Жапаров (5-2-1), Ерзат Шашубаев (дебют) бақ сынаса, Қырғызстаннан – Қылым Алтымышұлы (3-0), Аргент Маратбекұлы (16-9), Баяман Жолдубеков (3-0), Ақылбек Ысманалиев (3-0) қатысады. Өзбекстан намысын Шухрат Оринбоев (4-0), Жасур Каримов (6-3), Лазизхон Узбеков (дебют), Исроилжон Расулов (дебют) қорғайды.

Арулардан қазақстандық Зәмзәгүл Файзолланова мен өзбекстандық Комолдинова арасында жекпе-жек өтеді.

– Зәмзәгүл – өзінің мықтылығын бірнеше рет дәлелдеген тәжірибелі спортшы. Ал өзбекстандық қарсыласы үшін бұл жекпе-жек ММА-дағы алғашқы жұдырықтасуы болмақ. Файзолланованың шеберлігіне күмәнданудың қажеті жоқ. Бірақ тәжірибе мен жастықтың қайсысы алға шығатынын уақыт көрсетеді. Зәмзәгүл ұзақ үзілістен кейін сегіз бұрышқа оралып отыр. Сондықтан дебютантпен бәсекеде өзінің жауынгерлік дайындығы мен жеңіске деген ұмтылысын барыныша көрсету керек болады, – деді Данияр Қасқарауов.

Естеріңізге салсақ, ALASH PRIDE – Қазақстандағы ММА бойынша ең ірі спорттық ұйым. Осыған дейін 40-тан астам әр түрлі турнир өткізген.