Саясат • 18 Тамыз, 2021

Бейнеуліктер сенаторларға мұқтаждықтарын айтты

183 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сенат депутаттары Сүйіндік Алдашев пен Бақтыбай Шелпеков Маңғыстау облысында білім беру және денсаулық сақтау салаларын дамытуға арналған бағдарламалардың іске асырылу барысымен танысты, деп хабарлады жоғарғы Палатаның баспасөз қызметі.

Бейнеуліктер сенаторларға мұқтаждықтарын айтты

Бейнеу ауданына арнайы барған сенаторлар жергілікті орта мектептің жаңа корпусының құрылыс жұмыстарына назар аударды. Жаңа нысан білім ордасының сыйымдылығын тағы 312 орынға көбейтеді. Депутаттар бұл жұмыстың маңыздылығын атап өтіп, жаңа корпус үш ауысыммен оқытуды жоюға мүмкіндік беретінін, яғни мұғалімдер мен оқушылар үшін білім беру процесі неғұрлым ыңғайлы болатынын айтты.

Сонымен қатар сенаторлар аудандық емханада болып, медицина қызметкерлерімен кездесті. Қазіргі таңда емхана жүктемесінің шамадан тыс көп болуы аудандағы маңызды мәселелердің бірі болып отыр. Нақты айтқанда, бастапқыда төрт мың адамға есептелген емхана қазір он бес мыңнан астам науқасқа қызмет көрсетеді. Сондықтан кездесу барысында тағы бір емхана салу мәселесі көтерілді. Депутаттар қазіргі қалыптасқан жағдайда аудан тұрғындары да, дәрігерлердің өздері де зардап шегетініне назар аударып, аймақ басшылығына аталған түйткілді тез арада шешуді қолға алу қажеттігін айтты.

Сондай-ақ Сүйіндік Алдашев пен Бақтыбай Шелпеков жергі­лікті сүт комбинатына барды. Бүгінде аталған кәсіпорында жылына 430 миллион текше метр сүт өнімдері өндіріледі. Алдағы уақытта 1 млрд теңге инвестициялау арқылы комбинаттың өндірістік қуатын арттыру жоспарланып
отыр.