Шерубай Биболдыұлы – қалмаққа қарсы соғыстарда ерлігімен көзге түскен батыр. Оның туып-өскен мекені осы Топар кентінің маңы. Қарағанды облысындағы Шет және Бұқар жырау аудандарының аумағымен ағып өтетін Шерубай-Нұра өзені батырдың атымен аталады. Бұдан бөлек осы өзеннің жағасында батыр есімімен аталатын Шерубай-Нұра стансасы бар. Игі істің бастамашысы, «Жастар Альянсы» ҚБ басшысы Темірлан Кәкенов ескерткіш белгіні қалпына келтіру жұмысына 15 адамның қатысқанын айтады.
– Ұзақ жылдар күтім болмағаннан кейін, ескерткіш белгі өте нашар күйге түскен екен. Арқаның қытымыр климаты да оның бұзыла бастауына зиянын тигізсе керек. Осы акция аясында біз өте тағылымды шаруа бітірдік деп мақтанышпен айта аламыз, – дейді ол.
Еріктілер мен педагогтер ескерткіш белгінің шынжыр қоршауын, қалқан мен найзаны сырлап, оның тұғырын да нығайтты. Сонымен қатар маңайын күл-қоқыстан тазартты.
Қарағанды облысы,
Абай ауданы