Ұлттық банктің хабарлауынша, халыққа тазартылған алтын құймаларды сату және сатып алу бағдарламасын (бұдан әрі – Бағдарлама) Ұлттық Банк 2017 жылы іске қосты. Бағдарлама жүзеге асқалы жалпы салмағы 2,2 тонна 60 378 алтын құйма сатылды.
Алтын құймалардың бес түрі ұсынылады: 5, 10, 20, 50 және 100 г. Сатып алушылар арасында ең көп сұранысқа ие болғаны – 10 грамдық құйма. Оның жалпы сатылымдағы үлесі 30% – 17 868 дана. Одан кейін 100 грамдық құйма – 13 417 дана (22%) және 20 грамдық құйма – 11 910 дана (20%), 5 грамдық құйма – 9 842 дана (16%), 50 грамдық құйма – 7 341 дана (12%). Негізінен, өлшенген құймалар Алматы, Нұр-Сұлтан және Атырау қалаларында сұранысқа ие.
Алтын құймалар сенімді инвестициялық құрал бола алады. Банктер мен банктік емес айырбастау пункттерінің клиентке ақшасын төлеп, құймаларды «күнбе-күн» сатып ала алатын мүмкіндігі – алтын құймалар нарығының өтімділігін қамтамасыз етуде негізгі факторға айналып отыр.
Әр құйма қорғаныс элементтерімен (құймалардың айна беті, микротекст және рельефтің шеті), құймаларды механикалық зақымданудан қорғайтын және пакеттің ашылған-ашылмағанын тексеруді жеңілдететін арнайы қаптамамен шығарылады. Қорғаныс қаптамасы, сонымен қатар, құйманың сапа сертификаты бола алады. Сондықтан құйманы сақтағанда мұқият болып, ораманы ашпаған жөн.
Қазіргі уақытта алтын құймаларды Halyk Bank-те, Еуразиялық банкте, Jusan Bank-те, Банк ЦентрКредитте, сондай-ақ банктік емес айырбастау пункттерінде сатып алуға және сатуға болады.