Ерте дәуірден бізге жеткен ерлік жырында бабаларымыздың ел мен жер үшін намысын ту еткен батырлығы айшықты суреттелген. Белгілі әдебиет зерттеушілері алғашында жыр сюжеті аңыз түрінде туып, бертін келе эпосқа айналғанын айтады. Ал көрнекті ғалым Әуелбек Қоңыратбаев құнды мұрадағы ономастикалық атаулардың сырына терең бойлап, жыр желісінің кейбір нұсқалары Сыр бойында туған деген тұжырым жасаған.
Ал бізді көне жырға үңілдірген не себеп десеңіз, ол көрнекті қылқалам шебері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ағымсалы Дүзелхановтың «Қамбар батыр» туындысы. Осы еңбегінде суретші Қамбар батырдың айбынды бейнесі мен жыр сюжетін түрлі бояу сырымен көркем үйлестіре білген. Асыл ердің атойлаған рухын көріп, күш-жігеріңіз тасиды. Картинаның композициялық құрылымы да сәтті шешімін тапқан.
Ұлттық бейнелеу өнерінде ешкімге ұқсамайтын қолтаңбасы бар Ағымсалы ағамыз осы саланың біраз жанрында өнімді еңбек етіп, тұғырлы туындыларды өмірге әкелді. Әсіресе оның кескіндеме бағытында салған еңбектерінің өзі – бір төбе. Мәселен, осы жанрдың көкжиегін кеңейткен «Алтын сарбаз», «Түркістан», «Ордабасы», «Көроғлы», «Оғыз хан» картиналарындағы көркемдік қана емес, тарихты бояу тілімен сөйлеткен шеберлігі тәнті етеді. Ал тарихи тұлғаларымызды бедерлеген «Абылай хан», «Әбілқайыр хан», «Әйтеке би», «Қазыбек би», «Төле би», «Қорқыт» секілді портреттер сериясындағы шынайылыққа тамсанасыз.
Сондай-ақ Дүзелхановтың бейнелеу өнеріміздегі әйел бейнесін әсем бедерлеген еңбектері де ерекше айтуға тұрарлық. Суретші «Тұмар патшайым», «Қыз Жібек», «Қыз ұзату», «Айман-Шолпан» атты картиналарындағы қазақ аруларының сұлулығына сөз жеткізе алмайсыз. Автор ол бейнелерді тарихпен байланыстырып, салт-дәстүрмен сабақтастыра білген.
Өнертанушы Айжан Түменбай қылқалам шебері 2003 жылы салған «Қыз Жібек» картинасында-ақ кенеп бетіне бас кейіпкер мен оның тағдырын тамаша бергендігін айтады.
«Ақ боз атқа мінген «Қыз Жібек» образын кенептің ортасына келтірген. Көшу жорығын аспанда қалықтап ұшқан аққулардың бірін сыңарсыз бейнелеген шешімі, туындының жоғарғы бөлігінде Жайықтың бойын жағалай шапқан жылқы үйірі «Қыз Жібек» фильмін еске түсіреді» дейді.
Сонымен қатар аталған өнертанушы маман суретшінің шығармашылығына тоқтала келіп: «Бейнелеу өнерінде өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленген Ағымсалы Дүзелханов – қазақ өнерінің қазіргі жағдайын толық түсініп, оның болашағының ақиқатын пайымдаудағы жаңаша ізденістерін көреміз. Суретші қолтаңбасының дара, ерекшелігі тіршіліктің өзіндік философиясын өз бояуында бейнелеп, өмір туралы хикая шертіп тұрғандай әсер қалдырғандығында» деп жазады.
Айтпақшы, Ағымсалы ағамыздың есімі ұлттық теңгемізді безендірушілердің бірі ретінде де құрметпен аталады.
«Мәскеудегі графикалық факультетті бітіргендіктен графика технологиясынан хабарым бар еді. Сурет салуға да икемдімін дегендей. 1992 жылдың қаңтар айынан бастап, қазан айына дейін жұмыс істедік. Ол кезде компьютер, принтер жоқ, сондықтан эскиздерді қолмен жасадық. Тіпті шрифтердің өзін қолмен жазуға тура келді. Көбіне карандаш, туш қолдандық. Таудың арасында Министрлер кабинетінің саяжайлары бар еді. Сол жақта болып, эскиз сызумен айналыстық. Ал қазан, қараша, желтоқсан айларында банкноттың түпнұсқасын жасауды Англияда жалғастырдық. Бояу құю процесі сол жақта жасалды. Өйткені онда қажетті техникалар жеткілікті болды» деп сол тарихи сәтті еске алыпты бір сұхбатында суретші.
Сыр өлкесіндегі қазыналы Қазалы жерінен түлеп ұшып, отандық бейнелеу өнерін сүбелі туындыларымен байытқан, көрнекті қылқалам шебері кеше, яғни 19 тамызда мерейлі жетпіс жасқа толды. Соған орай Алматыдағы Ұлттық академиялық кітапханада дарынды тұлғаның шығармашылығына арналған «Жаңа ғасыр суретшісі» деген кітап көрмесі ашылған еді. Бізді аталған мәдени іс-шараның тақырыбы елең еткізді. Қалай дәл тауып қойған, шынында да Ағымсалы Дүзелханов − жаңа ғасыр суретшісі...