Аймақтар • 19 Тамыз, 2021

Өсіруге лайық өрендер бар

782 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Биылғы қыркүйек айында  Президенттік жастар кадрлық резервіне екінші іріктеу өткізілетіндігі жайлы жақсы хабар  болашағынан үлкен үміт күттіретін жас мамандарды елең еткізгені анық. Жалпы, қазір елімізде білікті басшы кадрлар даярлау мәселесіне мемлекеттік деңгейде жіті назар аударылып отырғандығы көңілге үлкен үміт ұялатады. Дегенмен, осы орайда ойланарлық жайттар да бар.

Өсіруге лайық өрендер бар

Мәселен, басшы кадрлар резерві­нің қалыптасуы төменгі баспалдақтан өткен мемлекеттік қызметшілердің үздік­терін іріктеуден, яғни олардың төмен­гі деңгейдегі лауазымдарды қа­лай атқарғанына баға беруден бас­талғаны жөн. Өйткені жас аза­мат­тардың қарым-қабілеті олар­дың теориялық білімдерін тестілеу­ден ғана емес, аймақтарда атқарған прак­тикалық қызметтерінің нәтижесінен айқынырақ көрінері кәміл. Бұған қоса, болашағынан үміт күттіретін жас мамандарды бір жауапты лауазымнан екіншісіне шегірткедей секірте бермей, мансап баспалдақтарымен біртіндеп, жүйелі негізде өсіруге жете мән беру керек сияқты.

Осы ретте біз мемлекеттік қыз­мет­ке жастарды қабылдау қалай жүргізі­ліп жатқаны туралы Солтүстік Қазақ­стан облыстық мемлекеттік қызм­ет істері департаментінің бас мама­ны Гүлнәр Сәрсембаевадан ақпа­рат алған едік. Алынған деректерге қарағанда, облыста 2021 жылдың алғашқы жартысында «Б» корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымдарының 108 орнына тұру­ға кон­курс жарияланған екен. Со­ның 80-і – төменгі деңгейдегі мем­лекеттік қызметтер. Конкурста жеңіп, лауазымға тұрғандардың 38 па­йызы 29 жасқа дейінгі жастар болған.

Осы конкурстың нәтижесінде жер­гілікті мемлекеттік атқару орган­дарына 37 қызметкер ұсынылып, таға­йын­далған. Бұл аталған мер­зім­де мемлекеттік қызметке тұрған­дардың 74 пайызы.

Бұған дейін облыста конкурстан өтіп, мемлекеттік қызметке тағайын­далған жас азаматтардың 10-ы қазір облыстық әкімдікте бас инспектор мен бас маман сияқты лауа­зым­дарды атқарып жүр. Біреуі бас­па­сөз хатшысы қызметіне тұрған. Ал үшеуі облыстық басқармалар бас­шы­ларының орынбасары қызметін ат­қаруда. Осылардың ішінде біреуі – Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасарлығына 2019 жылы болған Президенттік жастар кадрлық ре­зерві­нен келген.

Конкурстан өткен жастардың біразы аудандық және Петропавл қалалық әкімдіктерінде жауапты қызметтер атқару үстінде. Мысалы, Шал ақын ауданы әкімінің орынбасары – конкурстан биыл ғана өткен жас азамат. Ал оған дейін осы қыз­мет­т­е болған 29-ға толмаған азамат Ғ.Мүсірепов ауданы әкімінің аппа­ратын басқаруға ауысқан. Сон­дай-ақ М.Жұмабаев, Ақжар, Жам­был, Қызылжар аудандары әкімдік­терінің бөлімдерін конкурстан өткен жастар басқаруда.

Ауылдық округтар әкімдері аппа­рат­­тарындағы мемлекеттік қызмет лауазымдарының көбін де жастар атқаруда. Соның ішінде Тайын­ша ауданындағы Яснополян, Тимирязев ауда­нындағы Есіл ауылдық округ­терін­де Ермұқан Темірбаев пен Сүн­­­дет­ол­­ла Паринов табысты еңбек етуде.

Сүндетолла – Түркістан облысы,  Сарығаш ауданының тумасы. 2014-2017 жылдары Шымкент қаласының әкімдігінде қызмет істеген. Солтүстік Қазақстанға қоныс аударып келгенде алдымен Тимиря­зев ауданы әкімінің кеңесшісі болып тағайындалған, қазір Есіл ауылдық округін басқаруда.

Осы орайда қазіргі халық тығыз қоныстанған оңтүстік өңірлердің тұрғындарын жұмыс күші жетіспей­тін солтүстік өңірлерге ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасы іске асырылып жатқан кезде Сүндетолла сынды жас мемлекеттік қызметшілер­дің де көбірек көшіп келу мүмкінді­гін қарастырған да жөн-ау деген ой келеді. Мұның өзі қоныс аудару­­шылар­дың мұқтаждықтарын уақ­ты­лы біліп, дер кезінде шешуге, олар­дың жаңа ортаға тезірек бейім­делуіне оң әсерін тигізері анық.

Мамлют ауданының Становой ауылдық округінің әкімі болып Ан­желика Осикова тағайындалған. Жер­гілікті университетті бітіргеннен кейін ол Мамлют аудандық әкімдігіне төменгі лауазымдық қызметтерде істеген. Өзінің орны – халық­пен жұмыс істеп, оның мұң-мұқтажын шешуде екенін сезген қыз мемлекеттік қызметшілер конкурсынан өтіп, соңғы екі жылда ауыл әкімі лауазымын табысты атқарып келеді. Тұрғындардың көңілінен шығуды ғана көздеген оны тұрғындар да жақсы көреді.

Ғ.Мүсірепов атындағы аудандағы Чистополь ауылдық округінің әкімі Қанат Амантаев та конкурстан өтіп тағайындалған жас жігіт. Өзінің қыз­мет жолын осы әкімдіктегі төмен­гі лауазымнан бастаған ол жер­гі­лікті тұрғындардың проблемаларын жақсы біліп, оларды шешу жолында белсенді еңбек етуде.

«Жас келсе – іске» демекші, Қызыл­­жар өңірінде жас мамандардың ман­­саптық жылжуы біршама жақсы жолға қойылған деп айтуға болады. Осындай, әсіресе ауылдық жерлерде «жүзден жүйрік шығып» жүрген өрендер алдағы уақытта Президент­тік жастар кадрлық резервіне басым­дықпен алынып, аудандардағы бас­шылық қызметтерге дер кезінде жі­беріліп отырса, құба-құп. Түбінде өңірді де, ауылды да өркендететіндер де астанадан айналсоқтап шықпай­тын «асфальтта өскендердің» ішінен емес, шалғайдағы елді мекенде ха­лық­қа қалтқысыз қызмет етіп жүрген жас мамандардың арасынан шығары күмәнсіз.