
Бейнеу ауданына арнайы барған сенаторлар жергілікті орта мектептің жаңа корпусының құрылыс жұмыстарына назар аударды. Жаңа нысан білім ордасының сыйымдылығын тағы 312 орынға көбейтеді. Депутаттар бұл жұмыстың маңыздылығын атап өтіп, жаңа корпус үш ауысыммен оқытуды жоюға мүмкіндік беретінін, яғни мұғалімдер мен оқушылар, сондай-ақ олардың ата-аналары үшін білім беру процесі неғұрлым ыңғайлы болатынын жеткізді.
Сонымен қатар сенаторлар аудандық емханада болып, медицина қызметкерлерімен кездесті. Қазіргі таңда емхана жүктемесінің шамадан тыс көп болуы аудандағы маңызды мәселелердің бірі болып отыр. Нақты айтқанда, бастапқыда төрт мың адамға есептелген емхана қазір 15 мыңнан астам науқасқа қызмет көрсетеді. Сондықтан кездесу барысында тағы бір емхана салу мәселесі көтерілді. Депутаттар қазіргі қалыптасқан жағдайда аудан тұрғындары да, дәрігерлердің өздері де зардап шегетініне назар аударып, аймақ басшылығына аталған түйткілді тез арада шешуді қолға алу қажеттігін айтты.
Сондай-ақ Сүйіндік Алдашев пен Бақтыбай Шелпеков жергілікті сүт комбинатына барды. Бүгінде аталған кәсіпорында жылына 430 млн текше метр сүт өнімдері өндіріледі. Алдағы уақытта 1 млрд теңге инвестициялау арқылы комбинаттың өндірістік қуатын арттыру жоспарланып отыр.
Ал Сенат депутаты Әбдәлі Нұралиев Жамбыл облысының Сарысу ауданына барды. Сапар барысында ол Күйік – Қарабастау – Қаратау – Жаңатас – Саудакент автомобиль жолын қайта қалпына келтіру жұмыстарымен танысты. Сенатор аталған автожолдың ауыл тұрғындары үшін маңызы зор екенін атап өтті. Сондықтан ол мердігерлер мен аудан басшылығы жөндеу жұмыстарын сапалы жүргізуге және бөлінген қаражатты орынды жұмсауға баса мән беру керектігін айтты.
Бұған дейін ауыл тұрғындары облыс аумағы арқылы өтетін автожолдарды жөндеуге қосымша қаржы бөлу мәселесін бірнеше рет көтерген болатын. Сенатормен кездесуде республикалық бюджеттен 92,3 млн теңге бөлу туралы шешім қабылданғаны айтылды. Ол қаржы Шығанақ және Жайлаукөл ауылдарының кірме жолдарын жөндеуге жұмсалады.
Сонымен қатар Әбдәлі Нұралиев Жаңатас қаласында салынып жатқан көппәтерлі тұрғын үйлердің құрылыс алаңына барды. Қазіргі таңда тұрғын үй кезегінде 1676 адам тұр. Олардың қатарында жетімдер, көпбалалы аналар, аз қамтылған отбасылар және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері бар. Салынып жатқан үйлер биыл пайдалануға беріледі. Аудан әкімі мұқтаж азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасатынын жеткізді.
Сондай-ақ сенатор сапар барысында газ құбырларының құрылыс барысымен танысты. Даму жоспарына сәйкес алдағы 2 жылда ауданда 14 елді мекен газдандырылады.