Саясат • 20 Тамыз, 2021

Трансшекаралық өзендер мәселесі талқыланды

550 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеше Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Ресей Федерациясының Табиғи ресурстар және экология министрі Александр Козловпен кездесті.

Трансшекаралық өзендер мәселесі талқыланды

Кездесу барысында тараптар Орал және Ертіс трансшекаралық өзендері бассейндерінің экожүйелерін сақтау және қалпына келтіру жөніндегі Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының бағдарламаларын іске асыру барысын талқылады. Олардың ірі өзендер бассейндерінде (Орал, Ертіс және т.б.) зерттеулер жүргізу бойынша бірыңғай Жол картасында көзделген 17 іс-шараның 10-ы 2021 жылы басталды, оның 4-і жыл соңына дейін аяқталады. Қалғаны 2022 жылы басталады.

Тараптар бірыңғай Жол картасының іс-шаралар кестесін іске асыру бойынша міндеттемелерді орындау шеңберінде, сондай-ақ зерттеулердің деректерімен алмасу мақсатында ақпарат алмасуды жүргізді. Жұмыс кестесіне сәйкес бірінші жартыжылдықта гидрологиялық деректерді жинау және алмасу бойынша іс-шаралар орындалды. Тараптар осы бағыттағы жұмысты жалғастыруға келісті.

Тараптар Павлодар облысының (Был­қылдақ жинақтаушы су қоймасы аймағында) және Омбы облысының (Оль­ховка ауылында) аумағындағы Ертіс өзенінің және жерасты суларының сапа­сына бірлескен мониторинг ұйым­дас­тыруға келісті.

Сондай-ақ тараптар сарапшылардың тұрақты жұмыс кездесулерін өткізудің жоспар-кестесін бекітуге келісті. Мәсе­лен, биылғы қыркүйек айында Жайық (Орал) трансшекаралық өзені бассейнінің экожүйе­сін сақтау жөніндегі Қазақстан-Ресей комис­сиясының 3-ші отырысы өтеді.

Ресей тарапы Ертіс өзенінің транс­ше­каралық су ресурстарын бөлу туралы құжат әзірлеуді ұсынды. Қазақстандық тарап қазіргі уақытта Жоғарғы Ертіс су қоймалары каскадынан су ағызу экономиканың барлық салаларының мүдделері ескерілген «Оба және Ертіс өзендерінің су ресурстарын кешенді пай­далану және қорғау» схемаларының ережесіне сәйкес келетінін атап
өтті.

Сондай-ақ тараптар мемлекет басшы­ларының қатысуымен (2021 жыл, Көк­шетау қаласы) өтетін «Экология және жасыл даму саласындағы ынты­мақ­тастық» тақырыбында Ресей мен Қазақстан арасындағы XVII ай­мақаралық ынтымақтастық форумына да­йындық мәселелерін талқылады.

 

«Егемен-ақпарат»