Оңтүстік шаһардағы Онкология институтына 41 жастағы науқас арқасы қатты ауырып жүргенін айтып, қаралуға келген. Жон арқасындағы ісіктің кесірінен науқастың жүріп-тұруы, жатуы қиындай түскен.
Бұған дейін де ол Алматыдағы түрлі ауруханаларға жүгінген, бірақ оған операцияны тек ҚазОжРҒЗИ-да ғана жасатуға болатын еді. Өйткені мұндағы медициналық технологиялар арқылы осынау күрделі операцияны жасауға мүмкіндік бар.
«Біздің көмегімізге жүгінген 1980 жылғы науқастың үшінші бел омыртқасы ісікпен зақымданып, ол компрессиялық сынуға ұласып, дерті асқынған. Ісік процесі жұлынның тамырларын қысып тастаған, бұл пациенттің жүрген кезінде қатты ауыртқан. Сол себепті науқас ақсап жүрген, кесел жанына батып, ұйықтай алмағандықтан үнемі ауырсынуды басатын дәрі ішуге мәжбүр болған. Компьютерлік томографияда біз омыртқаның толық зардап шеккенін көрдік. Ісікті алып тастау және зақымдалған омыртқаны арнайы металл конструкцияларының көмегімен қалпына келтіру үшін хирургиялық араласу – спондилодез жасау туралы шешім қабылданды. Ісіктің өзі қатерлі немесе қатерсіз екенін анықтау үшін гистологияға жіберілді», деді ҚазОжРҒЗИ нейроонкология орталығының нейроонколог-хирургі Айдар Ысқақов.
Спондилодез – өте жоғары дәрежелі арнайы құралдарды қолданатын жоғары технологиялық операция. Хирургиялық араласу рентген сәулесінің едәуір дозасын қолдану арқылы жүзеге асырылады. Сондықтан хирургтер арнайы қорғаныс қорғасын жабдықтарын киіп, жұмыс істейді.
«Бірінші кезеңде пациенттің осін қалпына келтіру және омыртқаның қысылуын жою үшін транспедикулярлық бекіту жасалады. Содан кейін омыртқаларға арнайы бұрандалар орнатылады, олардың арасына титан құрылымы бекітіледі. Мұның бәрі рентген бақылауымен, портативті рентген қондырғысының көмегімен жүзеге асырылады. Операцияның ұзақтығы үш сағатқа жуық», дейді ҚазОжРҒЗИ нейроонкология орталығының меңгерушісі Берік Исатаев.
Қазіргі уақытта дәрігерлер науқастың жағдайы жақсы болғандықтан үйіне шығаруға дайындап жатыр екен.
Жаңалықтың жақсысы – жоғары технологиялық және қымбат тұратын спондилодез отасы Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында осыған мұқтаж барлық пациенттер үшін қолжетімді екенін атап өткен жөн. Ол үшін емдеуге жатқызу порталы арқылы жолдама алу қажет.
АЛМАТЫ