Оқшау орнындағы онлайн-дүкенді қала тұрғыны Анар Алдамбергенова ашыпты.
– Өз жұбайым осы мекемеде жазасын өтеп, таяуда ғана бостандыққа шықты. Сондықтан ауыр сөмкелерді арқалап, есік алдында ұзын-сонар кезек күтіп тұрудың қандай қиын екенін жақсы білемін. Қазіргідей індет өршіп тұрған күрделі кезеңде азық-түлік пен бірінші кезекте қажетті заттарды абақтыға өткізуді жақсарту және жеңілдету керек екеніне көзіміз жетті. Біз интернет-дүкенімізді осы мақсатпен ашып отырмыз, – дейді А.Алдамбергенова.
Енді түзеу мекемесіндегі жазасын өтеушілердің туыстары интернетке қосылған кез келген құрылымнан азық-түлік сатып ала алады. Ал тергеу мекемесіне жеткізіп беру шығыны дүкен есебінен толығымен өтеледі. Тапсырыс сайтта жасалып, курьер дайын тауарды тергеу оқшаулағышына жеткізеді.
– Интернет-дүкенде жазасын өтеп жатқан жандарға қажетті барлық зат бар. Ең бастысы, төлемді үйден шықпай-ақ жасауға болады, – дейді тұтынушының бірі.
Алдағы уақытта онлайн-дүкен терминалын мекеме ішіне орнату жоспарда бар. Бұл жазасын өтеушілерге де өздеріне қажет тұрмыстық бұйымдарға тапсырыс беруге мүмкіндік туғызбақ. «Ол үшін әр сотталушының басыбайлы логині мен құпия сөзі болуы керек», дейді департамент өкілдері.
Қостанай облысы