Аймақта ақпан басталғалы жалғасып жатқан індетке қарсы вакцина егу шараларына 31 медициналық мекеме жұмылдырылған. Вакциналау осы мекемелерге қарасты 181 стационарлық және жылжымалы екпе пункттерінде ұйымдастырылған. Тұрғындарға арнайы дайындық оқуларынан өткен 426 медициналық қызметкер екпе салып жатыр. Өңірде вакцинаның бір мезгілде 173 мың дозасын сақтай алатын 104 мұздатқыш құрылғы жұмыс істеп тұр. Вакцинаны шалғай аудандарға арнайы салқын сақтағыш рефрижераторлар жеткізіп беріп жатыр.
– Бүгінге дейін облысқа вакцинаның 346 655 доза бірінші компоненті, 285 385 доза екінші компоненті әкелінді. Тұрғындардың 55%-ы, яғни 277,8 мың адам вакцина қабылдады. Вакцина қабылдамағандардың саны 215,4 мың болады, бұл – аймақ тұрғындарының 42,7 пайызы, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Анжела Бексұлтанова.
Ал облыстағы білім мекемелерінің жергілікті кәсіподағы білім саласы қызметкерлерінің екпе алуға деген ынтасын арттыруды көздеп отыр. Осы мақсатта кәсіподақ 15 тамыздан 1 қыркүйекке дейін коронавирус инфекциясына қарсы вакциналардың кез келгенінің бірінші компонентін ектірген білім қызметкерлері арасында «Вакцина қабылда!» акциясын бастады.
Белгіленген кезең аралығында вакцина салдырған кәсіподақ мүшесі ұтыс ойынына қатысып, Apple iPhone ұялы телефоны, ас машинасы, ет тартқыш, теледидар, ноутбук, шаңсорғыш және қысқа толқынды пеш сияқты тұрмыстық заттарды ұтып алу мүмкіндігіне ие болады.
Осы орайда, «қызыл» мәртебелілер мәселесін де сөз ете кетейік, өңірде үй карантиніндегілердің көшеге шығып кетуі толастамай тұр. Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Мұрат Әбеновтің айтуынша, соңғы апта ішінде ғана Ashyq жобасы арқылы 629 «қызыл» мәртебелі, 454 «сары» мәртебелі адам анықталған.
– Біз бизнес өкілдерін тәртіп бұзушыларды анықтауға үлкен жауапкершілікпен қарауды сұраймыз және олар туралы санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдарын уақтылы хабардар етіп отыруға шақырамыз. Облыс тұрғындарын COVID-19 жұқтыру қаупінен тек осылай ғана қорғай аламыз. Бүгінде Ashyq қосымшасының тиімді екеніне әбден көзіміз жетті. Соңғы жетінің өзінде «қызыл» және «сары» мәртебесі бар мыңнан аса тұрғын қоғамдық орындарға кіре алмады. Бүгінгідей жағдайда, әсіресе кәсіпорын ұжымдары жаппай вакцина қабылдауы қажет. Біз кәсіпорын басшыларынан осы мәселеге назар аударуды сұраймыз. Өйткені пандемияны тоқтатудың бүгінгі таңдағы бірден-бір жолы – осы ғана, – деді М.Әбенов.
Кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, Қостанай облысында 4 158 кәсіпорын Ashyq жобасы бойынша жұмыс істеп жатыр.
Қостанай облысы