Футбол • 20 Тамыз, 2021

Кубок кімге бұйырады?

314 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Биылдан бастап Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасының бастамасымен ұйымдастырылған жаңа форматтағы футболдан Қазақстан кубогы жарысының топтық кезеңдегі ойындары аяқталды. Бір жарым айға созылған бәсекеде әр топта үздік атанған екі команда ширек финалға жолдама алды.

Кубок кімге бұйырады?

Қазақстан кубогы жолындағы жарысты ұйымдастырушылар биылғы турнирді барынша тартысты әрі қызықты өткізу үшін алдымен Бірінші және Екінші лига командалары арасында үш кезең­нен тұратын іріктеу ойындарын өткізіп, іріктеуден іркілмей өткен ең үздік екі клубқа Премьер-лига командаларымен бірге топтық кезеңде ойнауға мүмкіндік берді. Ал бұған дейінгі ереже бойынша кубок ойындарында Бірінші лига мен Премьер-лига командалары жеребе арқылы бір-бірімен кездесіп, жеңіске жеткен команда 1/16, 1/8 сияқты келесі кезеңдерге өтетін еді.

Сөйтіп жаңа форматтағы Қазақ­стан кубогының бірінші жә­не екінші кезеңіне Бірінші және Екінші лигадан барлығы 14 футбол клубы қатысты. Олар­дың 12-сі жеребе бойынша өзара жұп құрап, бірінші кезеңде ойна­са, қалған екі команда екін­ші кезең­нен бастап сынға түсті. Ал­ғашқы екі іріктеу ойындарына «Игi­лiк», «Оқжетпес», «Ақсу», «Қы­ран», «Оңтүстік ака­демиясы», «Мақта­арал», «Екі­бастұз», «Алтай», «SD Family», «Рузаевка», «Жас Қыран», «Яссы-Түркiстан», «Жеңіс» және СДЮСШОР № 8 (Нұр-Сұлтан қ.) командалары қатысты.

Бастапқы екі кезеңнің қоры­тындысы бойынша, турнирдің соңғы іріктеу кезеңіне елорда­ның СДЮСШОР №8, Шымкент­тің «Оңтүстік Академиясы», Екі­бастұздың «Ақсу» және Түркістан облысының «Мақтаарал» командалары өтті. Үшінші кезеңнің жеребесі бойынша топтық ке­зеңге шығу үшін СДЮСШОР №8 мен «Оңтүстік Академиясы» және «Мақтаарал» мен «Ақсу» командалары кездесті. Бір ойын­нан тұратын бәсекеде жеңіске жеткен СДЮСШОР №8 және «Мақтаарал» клубтары Пре­мьер-лига командаларымен ойнау­ға мүмкіндік алды.

Ал бір жарым айға жалғасқан топтық кезеңде Премьер-лиганың 14 және іріктеу кезеңінен өткен Бірінші және Екінші лиганың 2 командасы төрт топқа бөлініп, өзара ширек финал жолдамасын сарапқа салды. Сөйтіп өз тобынан дараланып шыққан Қарағандының «Шахтер», Пет­ро­павлдың «Қызылжар», Қос­танайдың «Тобыл», Тараздың «Тараз», елорданың «Астана», Қызыл­орданың «Қайсар», Ақ­таудың «Каспий» және Алма­тының «Қайрат» клубтары жарысты одан әрі жалғастыруға мүмкіндік алды.

Осыдан бірер күн бұрын 1/4 фи­налдың жеребесі тартылып, жартылай финалдың жолдамасын сарапқа салатын төрт жұп анықталды. Жеребе бойынша, «Тараз» – «Шахтер», «Қайрат» – «Қайсар», «Астана» – «Каспий», «Қызылжар» – «Тобыл» клубтары өзара сынға түседі. Ширек финалдың бірінші ойындары 21 және 22 тамыз күндеріне белгіленсе, қарымта кездесулер 22 қыркүйекке жоспарланған. Жарыстың 1/4 және 1/2 финалдық сатыларында командалар екі ойын­нан өткізеді. Финал 28 қара­шаға белгіленген.

Қазақстан футбол федера­циясының хабарлауынша, ширек финалдың бірінші ойыны жуыр­да ғана өмірден озған танымал спорт журналисі Амангелді Сейітхановты еске алумен басталады. «Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы осындай шешімге келді. Ширек финалдың 4 ойыны да бір минуттық үнсіздіктен басталады», делінген федерацияның хабарламасында.

Сонымен қатар Қазақстан кә­сіп­қой футбол лигасы (ҚКФЛ) Кубок ойындарының ал­дын­­да шілде айындағы OLIMPBET-Қазақстан чемпионаты мен OLIMPBET-Қазақстан кубо­гының үздік ойыншысын анық­тады. Үздіктерді анықтау барысын­да сауалдамаға қатысушы бапкер­лер мен команда капитандары үш ойыншыдан тұратын тізімін атады. Алған орынға бай­ланысты ойыншыларға ұпай берілді: 1-орын үшін – 3 ұпай, 2-орын үшін – 2 ұпай, 3-үшін­ші орын үшін – 1 ұпай. Бар­лық ұпайларды қосу арқылы қорытынды шығарылды.

Сауалдама нәтижесінде өткен айдың үздік ойыншысы деп «Шах­тер» клубының тәжірибелі ша­буылшысы Айдос Тәттібаев танылды. Ол 21 ұпайға ие болды. Аталған тізімде екінші орынға елордалық «Астана» клубының көшбасшысы Марин Томасов орналасты. Ол Тәттібаевтан бір ұпай кем жинады. Үшінші орын «Қайрат» командасының ша­буыл­шысы Артур Шушеначевке бұ­йырды. Ол 12 ұпайға қол жет­кізді.

Жүлдені жеңімпазға OLIMPBET-футболдан Қазақ­стан кубо­гының 5-турындағы «Шах­тер» – «Ордабасы» ойыны­ның алдында ҚКФЛ атқарушы директоры Қуаныш Бақытбеков тапсырды.