Еліміздің барлық өңіріндегі орта мектептен 20 586 оқушы «Кәсіби бағдар» жобасы аясында 85 түрлі тренингтен өтті. Олар «Тиімді коммуникациялар, шешендік шеберлік», «Жобалық ойлау», «Кәсіби бағдарлау және мансаптық траекторияны құру», «Эмоционалды интеллект», «Командалық жұмыс» сынды бес бағытқа топтастырылған.
Тренингке қатысушылар жобалық менеджмент, жобаларды басқару, бюджет жоспарын құру негіздерімен танысып, шешендік өнер бойынша дағдысын жетілдірді. Сондай-ақ өз қабілеті мен мақсат-мүддесін ескере отырып, уақыт үрдісіне сәйкес мамандық таңдауды меңгерді.
Жобаның басты мақсаты – жастардың қазіргі заманда сұранысқа ие мамандықтарға дағдысы мен бейімін арттыру.
Жыл соңына дейін орта мектептердің кемінде 20 мың оқушысына психологиялық диагностика мен тестілеу жүргізу жоспарланған. Ол «EduNavigator» кәсіби бағдар беру платформасы базасында онлайн-режимде өтеді.
Сонымен қатар, жоба аясында экономикадағы жетекші сала мамандарымен және Қазақстан мен шетел университеттерінің түлектерімен онлайн-кездесулер өткізіліп, мамандық таңдауға арналған бейнероликтер әзірленді.
Жобаның негізгі серіктестері: ҚР Президенті «Болашақ» Халықаралық стипендиясы түлектерінің қауымдастығы, «BTS Education» және «International Academy of Emotional Intelligence» компаниялары.
Естеріңізге сала кетейік, «Кәсіби бағдар» жобасын «Азаматтық және құқықтық бастамаларды дамыту» Қоғамдық қоры ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен жүзеге асырады.