Инфографиканы жасаған - Амангелді Қияс
Серіктестер сенімсіз
Әңгімені алдымен екі ел арасындағы экономикалық әріптестіктен бастайық. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы сауда айналымы 229,7 млн долларды құрады. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 15,3 пайызға төмен. Сауда айналымының негізгі бөлігі немесе 99 пайызы – экспорттың үлесінде.
Тарқата айтсақ, алты айдың ішінде Қазақстаннан Ауғанстанға 228 млн доллардың тауары жеткізілген. Әлбетте, мұның көп бөлігін ұн экспорты құрайды. 2021 жылдың қаңтар-маусым айларында Қазақстанда өндірілген 656 мың тонна ұн тоғыз мемлекетке жөнелтілген. Соның 65,5 пайызы Ауғанстанға жеткізіліпті. Бұдан бөлек осы жылдың бірінші жартыжылдығындағы бидай экспортының 11,8 пайызы да Ауғанстанға бағытталған.
Байқағандарыңыздай, біздегі ұнның негізгі нарығы – Ауғанстан. Мұны жоғарыда келтірген статистикалық деректер де растап тұр. Ол аз десеңіз, 2020 жылдың көрсеткішіне де бір мәрте көз жүгіртіп өткеніміз жөн болар. Мәселен, былтыр Қазақстан Ауғанстанға 1 млн 152,6 мың тонна ұн экспорттаған. Бұл 2020 жылғы жалпы ұн экспортының 66 пайызына тең. Демек, отандық диқандар мен экспорттаушылардың алаңдауына толық негіз бар.
«Жаңбыр жаумай, су болғанымыз жарамас, әрине. Дегенмен қауіптің бұлты сейілмей тұр. Бірлесе жұмыс істеп жүрген ауғанстандық серіктестерімізбен байланысқа шықтық. Олар елден кетуге мәжбүр болыпты. Қазір Өзбекстанды паналап отыр. Ал алдағы жағдайдың қалай болатыны бізге беймәлім. Олар Ауғанстанға қайта оралып, бізбен бірлесіп жұмыс істей ала ма? Қазір бұл сұраққа нақты жауап алу қиын.
Жасыратыны жоқ, Ауғанстан билігінің тәлібтердің қолына өтуі Қазақстанды ауқымды нарықтан шеттеткелі отыр. Біздің тауар аталған мемлекетте енді сатылмауы мүмкін. Қазірдің өзінде алдын ала төлемдер жасалған жоқ. Келісімшарттарға да қол қойылмай қалды. Ауғанстандағы нарықтан айырылсақ, біршама кәсіпорын тығырыққа тіреледі», дейді өнімінің 90 пайызын Ауғанстанға экспортайтын «СевЕсильЗерно» ЖШС-нің коммерциялық директоры Таисия Колегова.
KAZGRAIN бидай экспорттаушылардың ұлттық қауымдастығы төрағасының орынбасары Әлібек Атайдың мәлімдеуінше, қазір Ауғанстанмен арадағы жұмыс тоқтап тұр. Біздің тарап өздеріне тиесілі қаржыны да ала алмай отыр.
«Екі апта бұрын астық жөнелткенбіз. Енді жіберген вагондар кері қайта ма, жоқ па деп алаңдап отырмыз. Вагондардың жүрісін бақылайтын бағдарлама Ауғанстан аумағында жұмыс істемейді. Ендігі жерде бұл жағдай вагон иелерін де ойландыруы тиіс. Олар Ауғанстан бағытына жұмыс істеуден мүлдем бас тартуы мүмкін немесе вагонға төленетін ақыны мейлінше көтеруі ықтимал. Әрине, бағаның қымбаттағаны экспорттаушыларға тиімсіз.
Өкінішке қарай, Ауған тарапынан алдағы жағдайдың қалай өрбитініне қатысты нақты жауап ала алмай отырмыз. Санаулы күндерден кейін биылғы астыққа да орақ түседі. Ал аз уақыттың ішінде Ауғанстаннан бөлек балама нарық табу қиын. Қытай нарығы карантинге байланысты жабық жатыр. Ресей бидайға салынатын салықты еселеп өсіруде. Сондықтан Орталық Азия елдері мен Иранның тамырын басып көреміз», дейді Ә.Атай.
АҚШ пен ақша
Қазақстан астық өсірушілер одағының сарапшысы, «Северное Зерно» компаниялар тобының құрылтайшысы Евгений Карабановтың пікірінше, Ауғанстандағы саяси ахуал Орталық Азия елдерінің ғана емес, жалпы тұтас әлемдегі азық-түлік саудасының құрылымын айтарлықтай өзгертуі мүмкін. Өйткені Ауғанстан – азық-түлік импортына тәуелді мемлекет.
Е.Карабанов ұсынған дерекке сүйенсек, Ауғанстан 2020 жылы әлем елдерінен 1,885 млн тонна ұн импорттаған. Негізгі жеткізуші мемлекеттер – Қазақстан мен Өзбекстан. Былтыр біздің ел Ауғанстанға 302 млн долларға 1,152,6 млн тонна ұн экспорттады. Ал осы жылдың бірінші жартыжылдығында шамамен 430 мың тонна ұн жеткізген.
Сол секілді өткен жылы Өзбекстан Ауғанстанға 721 мың тонна ұн жөнелткен. Осы орайда көрші мемлекет экспорттаған ұнның көп бөлігі қазақстандық бидайдан өндірілгенін атап өткен жөн. Себебі Өзбекстан Қазақстаннан көп көлемде бидай импорттап отыр. Биыл отандық ұн экспортының 61 пайызы Ауғанстанға бағытталады деп болжам жасалған еді.
«2021 жылдың басында Ауғанстандағы халық саны 39,6 млн адамды құрады. Соңғы он жылда мұндағы халық саны 10 млн адамға көбейген. Өкінішке қарай, бұл ел – әлемдегі кедей мемлекеттердің бірі. Сондықтан азық-түлік импортына тәуелді. Ұн мен бидай ғана емес, күнбағыс майы секілді басқа да азық-түлік түрлері өзге мемлекеттерден жеткізіледі. Елдегі биліктің ауысуы экспорттаушы мемлекеттерді елеңдетіп қойды. Оған негіз де жоқ емес. Біріншіден, жаңа билікке деген сенімсіздік басым. Елдегі жағдайдың қалай өрбитіні жұмбақ. Екіншіден, АҚШ Ауғанстан Орталық банкінің 9,4 млрд доллар көлеміндегі активін бұғаттап тастады. Бұдан бөлек сол елдегі серіктестердің хабарлауынша, жергілікті банктер SWIFT төлемдерін толығымен тоқтатқан. Бұл дегеніміз өзара есеп айырысуға ешқандай мүмкіндік жоқ», дейді Е.Карабанов.
Ақшаға қатысты мәселені «СевЕсильЗерно» ЖШС-нің коммерциялық директоры Т.Колегова да тілге тиек етті.
«Бұған дейін отандық экспорттаушылар төлемді америкалық корреспондент-банктер арқылы қабылдайтын. Ауғанстандағы жаңа билік пен Батыстың қарым-қатынасы нашарласа, қаржы институттары төлем жасаудан бас тартуы ықтимал», дейді ол.
Шынында да, осы күнге дейін Ауғанстанның ішкі жалпы өнімі АҚШ-тың араласуымен қамтамасыз етіліп келді. Алайда АҚШ өз әскерін бұл мемлекеттен шығарып алды. Демек, алпауыт елдің Ауғанстанға ақша құюы да тоқталуы мүмкін. Ал бұл жағдайдың Қазақстанның ұн өндірісіне кері әсер ететіні айтпаса да түсінікті.
Қайтпек керек?
Қара аспанды төндіре айтсақ та, анық бір дүние – Қазақстан Ауғанстан нарығынан біржола айырылған жоқ. Ә.Атай айтқандай, мың күн соғыс болса да, халыққа бәрібір нан керек.
«Әліптің артын баққан дұрыс. Меніңше, алдағы екі-үш аптада жағдай біржақты болады. Ел Үкіметінің үнсіз жатқаны да сондықтан. Әрине, ішкі нарықтан артылған өнімнің экспортталғаны жақсы. Ал экспорттық өнім өзімізде қалса тиімсіз», дейді ол.
Бәлкім, ұн өндірушілерге уақытша қолдау көрсеткен жөн болар. Сарапшы Е.Карабанов ол үшін алдымен қазіргі биліктің Ауғанстанды азық-түлікпен қалай қамтамасыз етпек ойы барын біліп алған дұрыс деп санайды.
«Ауғанстан өзге елдердің гуманитарлық көмегіне иек артуы мүмкін. Бұл біздің ел үшін тиімсіз. Қазақстан үлкен нарықтан айырылмақ. Әдетте, гуманитарлық көмек алдымен мемлекетке жақын орналасқан елдерден жеткізіледі. Егер халықаралық ұйымдар өнімді сатып алатын болса, онда олар үшін ең тиімді ел – Қазақстан. Өйткені логистикалық байланыс жолға қойылған. Өндірушілер де жұмыстың жай-жапсарын жақсы біледі. Тәжірибе де жетерлік. Бұл тұрғыдан Қазақстанның әлеуеті жоғары, бірақ барлық мәселе қаржыландыруға байланысты болмақ. Сондықтан жағдай тез арада реттелгенін күтуден басқа амал жоқ», дейді Е.Карабанов.
Қазақстан астық өңдеушілер одағының президенті Евгений Ганның пікірінше, елдегі астық экспортының әлеуеті толық пайдаланылмаса, ішкі нарық зардап шегуі мүмкін. Өйткені ұсыныс сұраныстан асып кеткелі тұр. Ал бұл астық бағасына міндетті түрде әсер етеді. Оның үстіне Ресейден Қазақстанға астық импортталатынын да естен шығаруға болмайды.
«Отандық астық өсірушілер бидайдың бір тоннасын 100 мың теңгеден арзан бағаға сатса, онда сөзсіз шығынға батады. Сондықтан биылғы маусымда қалайда дәстүрлі нарықтарды сақтап қалу керек. Сондай-ақ Иранға астық жеткізуді барынша арттыруға басымдық берген жөн. Бұл ретте бізге ресейлік экспорттаушылар бәсекелес болмақ. Дегенмен мүмкіндігіміз жоғары. Өйткені Ресейде астықты елден шығарған кезде қомақты көлемде салық салынады. Естеріңізде болса, бірнеше жыл бұрын ресейлік экспорттаушылар қазақстандық компанияларды Иран нарығынан ығыстырып шығарған болатын», деді Е.Ган.
Ауғанстан Қазақстан астығынан бас тартып, Өзбекстанмен жұмыс істеуге басымдық беруі де ғажап емес. Екеуі де Ауғанстанға ұн экспорттайтын негізгі мемлекет. Егер ауғандар біздің өнімнен бас тартса, онда өзбектердің айы оңынан тумақ.
«Бұрын Ауғанстанға ұнды негізінен Пәкістан экспорттайтын. Алайда Пәкістанда халық саны көбейіп, азық-түлікке деген сұраныс артты. Тиісінше, соңғы он жылда бұл елдің экспорттық әлеуеті айтарлықтай нашарлады. Ал Өзбекстан соңғы уақытта ұн экспортын барынша арттырып келеді. Бұл ретте көрші мемлекет Қазақстанның бидайын қайта өңдеу арқылы пайдаға кенеліп отыр. Сондықтан Өзбекстан тарапы қалыптасқан жағдайды тиімді пайдаланып, қазақстандық ұнның Ауғанстанға экспортталуына кедергі келтіруі мүмкін. Яғни Өзбекстан Ауғанстан бағытындағы жүк транзитіне тоқтау салуы ықтимал», дейді Т.Колегова.
Ұмытып барады екенбіз, осы жылдың маусым айында Мәжіліс депутаты Айбек Паяев отандық ұн өндірушілердің мүддесін қорғап, Үкіметке депутаттық сауал жолдады. Ол Қазақстанның ұн өндіру саласына мемлекеттік қолдау қажет екенін алға тартқаны есімізде. Халық қалаулысының дерегінше, 2000 жылдары Қазақстанда 2 300 ұн өндіретін компания болған. Бүгінде олардың біразы банкротқа ұшырап, жұмысын тоқтатқан. Егер Ауғанстан біздің астық пен ұннан бас тартса, отандық өндірушілердің басына қара бұлт қайта үйірілуі әбден мүмкін.
Қайтпек керек? Тәлібтің тілін табамыз ба? Әлде әліптің артын бағамыз ба?..