Тәуелсіздік • 23 Тамыз, 2021

Ерге – еңселі ескерткіш

966 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елордада Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында көрнекті мемлекет қайраткері Жұмабек Тәшеновтің ескерткіші ашылды. Ел мен жердің тұтастығын сақтап қалуға өлшеусіз үлес қосқан тау тұлғаның мүсіні Әскери-тарихи музей жанындағы алаңда орналастырылды.

Ерге – еңселі ескерткіш

Есімі ұлт жадынан ұмытыл­май­тын тұлғалар болады. Сондай тұғырлы тұлғаның бірі һәм бі­ре­гейі Жұмабек Тәшенов еді. Алаш баласы үшін несімен ерек, несімен бөлек бұл есім? Оны да айтайық. Ж.Тәшенов Үкімет Төрағасы ретінде республиканың саяси, экономикалық, мәдени да­м­уына басшылық жасаған жыл­­­­дары қазақ мемлекетінің аумақ тұтастығының сақталуына көп еңбек сіңірді. Маңғыстауды Тү­­рік­­­­менстанға қосу жөніндегі ұсы­ныстарға тойтарыс берді. Тың өлкесіне біріктірілген еліміздің бес бірдей солтүстік облысын Ресейге, Оңтүстік Қазақстанның мақта егетін аудандарын Өзбек­стан­­ға беруге қарсы шықты. Қа­зақ­стан жерінде ядролық жарылыстар жасауға қарсылық біл­­дір­ді. Ақыр соңында арыстан жүрек азаматқа «ұлтшыл» деген айып таңылып, Н.Хрущевтің нұс­қауымен қызметінен боса­тыл­ған.

Иә, бүгінгі тәуелсіз Қазақстан 2 724 902 шаршы шақырым жер көлемімен дүниежүзінде 9-орынға табан тіреп тұрған бол­са, ол үшін кең-байтақ жері­міз­ді ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап, ұр­па­ғына аманаттаған жаужүрек ата-баба­ларымызбен қатар, Ж.Тәше­нов сынды қай­рат­керге де қа­рыздармыз. Оны ха­лық ұмыт­­қан емес. Ұмытпайды да. Осындай ерен ерліктері үшін болар, бір кездері «Әр уақытта менің жүрегімнің төрінен орын алатын менің ер інім – Жұмабек», деп тебіренді жазушы Ғабит Мүсірепов. «Ж.Тәшенов қандай қызметте болса да – ең алдымен өз елінің мақсат-мүддесінен шы­ға­тын, халықтың жағдайын ой­лайтын, ұлттық мәселелерді КСРО басшыларының алдында тайсалмай қоятын, жүрегі қазақ деп соғатын біртуар азамат еді», деп толғанды Халық Қаһарманы Сағадат Нұрмағанбетов.

– Бүгін көрнекті мемлекет қайраткері, еліміздің гүлденуіне үл­кен үлес қосқан Жұмабек Тә­шеновке ескерткіш ашып отыр­­мыз. Осыған дейін Нұр-Сұл­тан­да ұлы тұлғамызға көше аты бе­рілген болса, жуырда мек­тепке есімі қойылды. Енді міне, кезек ескерткішке келіп отыр. Ағамыздың мүсіні комиссия мү­шелерінің, зиялы қауым өкіл­­­де­рінің, ұрпақтарының ке­лі­сімі­мен құйылды. Бүгінге дейін Нұр-Сұлтанда ел­міз­дің танымал тұлғаларына арналған бірқатар ескерткіш ашылды. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында пан­де­мия­ға қара­мас­тан, еліміздің руханиятын көтеретін бастамалар әрі қарай да жалғаса береді, – деді ес­керткіштің ашылу салтанатына қатысқан Нұр-Сұлтан қаласы әкі­мі­нің орынбасары Асхат Оралов.

Мемлекет және қоғам қай­рат­­ке­рі Мырзатай Жолдас­беков елі­міз­дің өркендеуі жолында еңбек еткен асыл азамат­та­ры­мыз аз бол­­мағанын, со­лар­дың арасында Жұмабек Тә­ше­новтің шоқтығы биік екенін ай­рықша атап өтті. Сол сияқты хал­қымыздың арда тұлғасына ар­налған ескерткіш қаламыздың көрікті орындарының бірінен ашылып отырғанын айта келе, ел руханиятының дамуы жолында еңбек етіп жатқан қала әкімдігіне алғысын білдірді.

– Бүгінгі мемлекеттік тұлғаға ашылып отырған ескерткіш – тәуел­сіздіктің жарқын жемісі. Тарихи тұлғамыздың мүсіні елор­да­мыздың төріне орнатылып отыр. Қуанышымыз құтты болсын! Жұмабек Тәшенов өз елі­нің перзенті ретінде ел ал­дын­­­дағы парызын өтеген тұлға деп есеп­тейміз, – деді мемлекет және қоғам қайраткері Оралбай Әбді­кә­рімов.

Ұрпақтарының атынан ұлы Саян Жұмабекұлы мен келіні Фатима Садыққызы сөз сөйлеп, Елба­сына, Мемлекет басшысы­на алғысын білдірді. «Жұрт м­енен әкеңнің атын неліктен на­си­хат­та­майсың, елге сіңірген ең­бегін не үшін айтпайсың?» деп сұрап жатады. Менің ойымша елге сыйлы азаматтың еңбегін халқы өзі бағалауға тиіс. Бүгінгі ашылып отырған ескерткіш ха­лықтың әкеме деген сый-құр­ме­ті деп білемін», деді Саян Жұмабекұлы.

Ескерткіштің сәулетшісі – Қ.Қорғанов, мүсінші – Е.Ержа­нов. Мүсін қоладан құ­­йы­лып, тұғыры граниттен қа­­ланды. Ес­керт­кіштің жалпы биіктігі – 8,2 метр.