Руханият • 23 Тамыз, 2021

Хакім хазірет

392 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Биылғы мамыр айында ел газетінде «Кеңес заманында қажыға барған» атты («Егемен Қазақстан» 03.05 2021. ж) Нүркей қажы Биғабылұлы туралы мақаламыз жарық көрген еді. Сол қасиетті сапарға елімізден Нүркей қариямен бірге Хакім Омарұлы мен Еркін Қозыбаев деген тағы екі қазақ азаматы да аттанған. Жуырда осы дүниені газеттен оқып, суреттен әкесінің бейнесін көрген Хакім қажының қызы Хамида апай хабарласып, сол кездегі түрлі кедергіге қарамастан екі мәрте қажылыққа барған әкесі туралы айтып берді.

Хакім хазірет

Саналы ғұмырын дін жолына арнаған Хакім хазірет 1906 жылы Бурабайдың бау­райындағы Қосдәулет ауылында өмір­ге келіп, атасы салған медреседе сауа­тын ашқан. Жалпы, Қосдәулет деген кісі өз заманының ауқатты, жақсы-жай­саңдармен сыйлас, беделді бегі бол­ған. Оның баласы Ахметжан сол кезде Мысыр­дан оқып, 1905 жылы әке­сі­нің мешітінде жәдит оқуын ұйым­дас­тырған. Ал Қосдәулеттің екін­ші ұлы Омар қажы 1908-1906 жылдары Көкшетау уезінің оқу бө­лі­мімен келісіп, өзінің және көр­ші­лес ауыл­дағы қазақ балаларына орыс тілі мұға­лімін алдырып, орысша оқытқан.

Кеңес өкіметі орнағасын боль­шевиктер ел ішіндегі дәу­лет­тілер мен діни тұл­ға­ларды қу­ғындағаны анық. Дәл осы жыл­­дары хазіреттің әкесі Омар қа­жыға да жазықсыз жала жабылып, ол кісі қо­лынан қаза болады. Осы оқиғадан соң қа­жының әулеті жан-жаққа бас сауға­лай­ды. Хакім шешесін алып, алдымен Омбы­да­ғы нағашыларына барады, одан Хабаровск асып, ақыры Қа­рағандыға келеді. Мұнда да біраз түртпекті көріп, 1935 жылы Семейге тұрақтайды.

Жасынан арабша, жәдитше, орысша оқыған иманды азамат 1948 жылы Семей қаласының мешітіне имам­дық­қа сай­ланып, осы қызметті өмірі­нің со­­ңына дейін, яғни 26 жыл мүлтік­сіз атқарды. Сол кездегі Орта Азия және Қазақ­стан мұсылмандары Діни басқар­ма­сының мүфтиі Зияудин Бабаханов хазіреттің білімі мен парасатын жоғары ба­ға­лап, оны 1948 жылы аталған Діни бас­қармасына мүше етіп, Қазақ­стан бо­йынша тексеру ко­ми­тетінің төраға­лы­ғы­на тағайын­дай­ды.

Дінге теріс қараған кеңестік кезеңде имандылығы мен ұста­ны­мынан тайқып көрмеген табанды тұлға мұсылманның бес парызының бірін өтеу үшін жо­ға­ры жа­уапты мекемелерге үзбей хат жаза жү­ріп, ақыры рұқсатын алып, алғашқы қа­жы­лыққа 1954 жылы барады. Одан кейін екінші рет, яғни 1965 жылы тағы да жолы түседі.

Сондай-ақ дін қайраткері қо­ғамдық қызметке де белсенді ат­салысып, Ислам дініне байланысты халықаралық конференциялар мен мазмұнды жиындарда баяндама жасап, салмақты сөз сөйлейді. Мәсе­лен, 1956 жылы Үндістанда өткен Әлем­дік бейбітшілікті қорғауды қару­сыз­дандыру конгресіне Орта Азиядан жоғарыда есімі аталған бас мүфти Зияудин Бабаханов пен Хакім Омарұлы ғана барып, қатысқан. Осыдан-ақ ол кісі­нің білігі мен беделін байқауға болады. Сонымен қатар Ливан, Франция секіл­ді бірқатар шет мемлекетке сапарлап қайт­қан.

Атеизм дәуірлеген тұста ислам дініне қарсы мерзімді баспасөзде жағымсыз ма­қала жазғандарға Хакім қажы дәлелді пікір­лерімен байыпты жауап беріп отыр­ған.

Кезінде еліміздегі Дін істері агент­ті­гінің төрағасы болған, белгілі аза­мат Қайрат Лама Шариф Хакім Омар­ұлы­ның Кеңес Одағы кезіндегі атеистік идео­логияның дәурені жүрген шақта дінді қорғап еңбектер жазып, қазақ же­рінде исламның сақталуына үлкен үлес қосқан тұлғалардың бірі дейді. «Осындай қиын-қыстау заманда ис­ламға қызмет ету мақсатында Семей өңі­рінде 1948 жылдан бастап өмірінің соңына дейін 26 жыл имамдық қызмет атқарды. Қажылық ғибадатын орындау үшін қасиетті Меккеге екі рет барды. Жұма, айт намаздарына, қадір түніне, мәуліт күндеріне арналған уағыз-насихаттарын, өзге діни мазмұндағы еңбектерін ана тілінде жазып қалдырды. Ол өзінің білімділігі, терең ой-парасаты мен адалдығының арқа­сын­да тек Қазақ жерінде ғана емес, бүкіл Орта Азияда танымал тұл­ға болды» деп айтады.

Хазіретке 1974 жылы тамыз­дың ортасында Ташкент қала­сын­да өтетін әл-Бұхаридің 1200 жыл­дық мерейтойына арнал­ған ха­лықаралық конфе­рен­ция­ға қа­ты­сып, баяндама жасауға ұсы­ныс түседі. Өкінішке қарай, ол кісі оған үлгермей, 2 тамызда дү­­ние­ден озады. Алайда конфе­рен­цияда Еуропа, Азия, Аф­рика және т.б елдерден келген қауым совет заманының сұрқия саясатынан сес­кенбей асыл дінімізді қыз­ғыштай қоры­ған Хакім қажы Омарұлын еске алып, дұға бағыш­та­ған.

Өмірде жетпіс жылға жуық ғұмыр кешіп, ізгілікті із қалдыра біл­ген текті тұл­ғаның өнегелі жо­лы­мен жүрген алты баласы да жоғары оқу орнын бітіріп, елге хал-қадерінше еңбек етті. Қазір олардан тараған немере-шөберелерді қос­қанда Хакім қа­жының ша­ңырағы іргелі әулетке айналды. Тағдырдың түр­лі бұралаңында атамызға сенім­ді серік бола білген зайыбы Тотыкамал әжеміз 2002 жылы 84 жасында Алматыда қай­тыс болды.

Биылғы Ұлыстың ұлы кү­нін­де Семей шаһарындағы Даль­­ный кентінде ашыл­ған 400 адамға арналған жаңа мешітке Хакім хазірет Омарұлының аты беріліп, дін қайраткерінің есімі ұлықталды.