Токио төріндегі татамиде Қазақстан құрамасынан халықаралық додалардың жеңімпаздарынан құралған еліміздің ең мықты деген балуандары алтын жүлде үшін белдеседі. Атап айтар болсақ, ерлер бәсекесінде 73 кило салмақта былтыр Грузия астанасы – Тбилисиде өткен Әлем кубогының жеңімпазы – Дәулет Теміржан, Рио Паралимпиадасының қатысушысы – Әнуар Сариев (60 кг) және Ғалымжан Смағұлұлы (81 кг) белдессе, қыздар арасындағы белдесуде түрлі халықаралық жарыстардың жүлдегерлері – Жанбота Аманжол (90 кг), Даяна Федосова (57 кг) және Зарина Байбатина (+70 кг) ел намысын қорғайды.
Пара дзюдодан ұлттық құрама командасының бас жаттықтырушысы Жандос Қиянов Паралимпия ойындарында әр шәкіртінен зор үміт күтетінін жеткізді.
– Біздің басты мақсатымыз – Паралимпия ойындарында Қазақстан Туын көкке көтеріп, еліміздің Әнұранын шырқату. Жалпы, Паралимпиадаға жолдама алудың және оған қатысудың өзі үлкен мәртебе. Осы ойындарға жолдама алу үшін спортшыларымыз талай сындардан өтіп, бірқатар байрақты додада өздерінің мықтылықтарын дәлелдеді. Шәкірттерімнің тек осы жылғы жетістіктерін айтар болсам, Жанбота Аманжол, Ғалымжан Смағұлұлы және Даяна Федосова Ұлыбританияда өткен Гран-при жарыстарына қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Баку (Әзербайжан) қаласында өткен Гран-при кезеңінде Әнуар Сариев пен Жанбота Аманжол үздік өнер көрсетіп, жарыстың қола жүлделерін жеңіп алды. Ал Зарина Байбатина мен Ғалымжан Смағұлұлы Анталия (Түркия) қаласында өткен халықаралық турнирден алтын және күміс медаль олжалап, елге абыроймен оралды. Бұл тек осы жылдың ішіндегі ірі жетістіктердің бір парасы ғана. Бұған дейінгі жетістіктеріміз де жетіп жатыр. Сондықтан алдағы Паралимпия ойындарында бақ сынайтын шәкіртімнің әрқайсысына артатын үмітім зор, – дейді бас жаттықтырушы.
Пара дзюдо Қазақстан құрама командасы Токио-2020 Паралимпия ойындарына тыңғылықты дайындалды. Спортшыларымыз соңғы дайындығын алды. Қазіргі таңда спортшылардың денсаулығына ерекше көңіл бөлініп, санитария талаптарын қатаң сақталуда.
– Қазіргі таңда пара дзюдо барлық елде қарқынды дамып келеді. Сондықтан ешқандай елді бөліп-жарып атай алмаймын. Жалпы Паралимпия ойындарына әлемдік рейтинг бойынша ең мықты деген спортшылар ғана қатысатыны белгілі, олардың осалы жоқ. Дода тартысты болары сөзсіз. Ең бастысы біздің спортшылар ешкімнен де кем емес және жоспар бойынша жақсы дайындалып жатқандығын ғана айта аламын, – дейді Жандос Қиянов.
Кейінгі жылдары елімізде пара дзюдо саласы қарқынды дамып келеді. Қазір уақытта пара дзюдомен еліміздің 11 облысы мен 3 қаласындағы 100-ден астам спортшы дайындалып жүр. Спортшылардың жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. Мысалы, Қазақстан пара дзюдо құрама командасы 2017 жылы Ташкент (Өзбекстан) қаласында өткен Азия чемпионатының және 2018 жылы Джакартада өткен Азия Пара ойындарының қола жүлдегері атанды. Ал 2019 жылғы Азия чемпионатының командалық ессеппен алғанда жеңімпаз атанып, бас жүлдеге қол жеткізді.
Сондай-ақ елдегі Пара дзюдо спортының дамуын Паралимпиада ойындарында жеңіп алған жолдама саны арқылы да байқауға болады. Мәселен, 2016 жылы Риода өткен Паралимпия ойындарында 2 балуанымыз өнер көрсеткен болса, биылғы Токио ойындарына 6 балуан жолдама алды.
Айта кетейік, биыл Қазақстан тәуелсіз ел ретінде алтыншы рет Паралимпиадаға қатысады. 24 тамыз бен 5 қыркүйек аралығында өтетін XVI жазғы Паралимпия ойындарында Қазақстан құрамасынан 25 параспортшы спорттың 7 түрі бойынша ел намысын қорғайды. Қазақстандық спортшылар Токио-2020 Паралимпия ойындарына жүзуден – 7, дзюдодан – 6, пауэрлифтингтен – 5, таэквондодан – 3, жеңіл атлетикадан – 2 және каноэ мен нысана көздеуден бір-бір жолдама жеңіп алған болатын.
Бұған дейін Жазғы ойындарға Қазақстан құрамасынан 1996 жылғы Атланта Паралимпиадасына – 12, 2000 жылғы Сиднейдегі додаға – 2, Афиныдағы (2004) бәсекеге – 8, Бейжіңге (2008) – 3, Лондонға (2021) – 7 және 2016 жылғы Рио-де-Жанейродағы ойындарға – 10 спортшымыз барған еді. Осы Паралимпия ойындарындағы алғашқы жүлдеміз дәл осы Рио төріндегі бәсекеде түскен болатын. Сол жылы жүзуден Зульфия Габидулина чемпион атанса, пауэрлифтингтен Раушан Қойшыбаева күміс жүлдеге ие болды.
Токиодағы Ойынның ашылу салтанатында Қазақстанның көк Туын таэквондодан екі дүркін әлем чемпионы, үш дүркін Азия чемпионы және екі дүркін Еуропа чемпионы Нұрлан Домбаев пен пауэрлифтингтен Рио Паралимпиадасының күміс жүлдегері Раушан Қойшыбаева көтеріп шығады.