Ұлт мәдениетінің тағы бір алтын сандығы ашылғандай күй кештік. Витебскідегі аяулы сәт әлі де көз алдымызда. Бұдан соң бөркіңізді аспанға атпай көріңізші. Міне, бүгін жеңіспен елге оралған «Славян базары – 2021» халықаралық ән байқауының Гран-при иегері Рухия БАЙДҮКЕНОВАМЕНәңгімелесудің сәті түсті. Мың бұлақтың тамшысындай сылдырлаған сұлу сазды көкірегіңе қондырған жас әншінің жан толғанысына құлақ түріңіз.
– Рухия, сіз жеңіске жеткен кезде елден ең бірінші егемендіктер сүйінші сұраған болатын. Артынан оқырмандарымыз хабарласып, біздің ауылдың қызы деп мақтан тұтты. Адам топырағына тартпай қоймайды. Әңгіменің әлқиссасын туған жерден бастайықшы.
– Туған топырағым – жер жәннаты Жетісу. Сол шұрайлы да шұғылалы мекенде дүние есігін аштым. Әке-шешем – Қапал ауданы, Қоңыр ауылының тумасы. Ал менің балалығым шағын да шырайлы шаһар – Талдықорғанда өтті. 9-сыныпқа дейін сол қалада тұрдым. Талай дүлдүлдерге қанат берген «Балалар өнер мектебінде» қобызшы Тұрсынхан Дүкенқызынан білім алдым. Ол кісі сонда директор болып қызмет істеді. Жеке ұстазым, өз ісінің адал маманы Серікжамал Әжібекова болды. Менің өмірімде екінші анамдай болып кеткен жан. Тіпті әлі күнге үзбей араласып тұрамыз. Жалпы, Жетісу жерінің тарихы терең, сүлейлер мен жыраулардың алтын қамбасы емес пе? Ел ішінде «Жетісу өнер мектебі» дегеніміз – өнер кенішіне баланатын қарашаңырақтың бірі. Небір дүлдүлдердің табанының ізі қалған құтты мекен. Кейде ойлаймын, менің жеңісімнің түп бастауында сол өнер алыптарының үні жатқан шығар деп. Себебі ешнәрсе тегіннен тегін болмайды. Біз кез келген нәрсені жақсылыққа ырымдайтын халықпыз ғой. Сондықтан мен қашанда кіндік қаным тамған қасиетті жерді бәрінен биік қоямын. Ол ол ма, сондағы атқа мінген азаматтар да бір төбе. Облыс әкімі Амандық Баталов өте қазақы, істің мәнісін білетін адам. Қазір қаланың көркеюіне күш салып жатыр. Менің іріктеуден өткенімді естіп, қолынан келген көмегін көрсетті. Үлкен сенім артты. Ұятқа қалдырмадым деп ойлаймын.
– Сіздің даусыңызда даланың дарқандығы бар. Кең тынысты, сахнадағы еркіндікті бірден билеп аласыз. Шамасы, отбасыңыз да өнерден кенде емес болып тұр-ау...
– Оныңыз рас! Менің атам Байдүкен күйші, домбырашы болған кісі. Тіпті өз уағында ән де шығарған екен. Бірақ аласапыран заманда өнерін елге танытудың еш ыңғайы келмеген көрінеді. Менің ән айтатын қасиетімді ағайын-туыс сол ардақты атама тартқан деп болжайды. Расымен, атамнан дарыған болуы керек. Әкем болса қарапайым жұмысшы, өте байсалды кісі. Айтпақшы мен – әкемнің қызымын (күліп айтты). Мінезі салмақты болғандықтан ба бізді қатты тәрбиеледі. Еркелетпейтін, қымбат заттар сатып алып бермейтін. Үйде екі қызбыз. Анамыз шаш жайғызбайтын, мектептегі би кештеріне де сирек баратынбыз. Сағат 4-тен кейін дүкенге жібермейтін. Бала күнімізде көмір де тасыдық, отын да жардық, тіпті әкеміз мал союды да үйретті. Өмірдің кез келген қиындықтарын жеңе білуге тәрбиеледі. Менің үлкен байқауда топ жаруымның басты себебі сол әкемнен алған өнеге шығар. Үлкен бөгеттерді еңсеруіме рух берді. Бұрын бұл әдетіне ренжитінмін, байқауға дайындық барысында өкпемнің бекер екенін ұқтым. Мені қиындықтардан отбасындағы тәлім алып шықты. Ал анамның есімі – Наташа, нағашы атам – қазақ, нағашы әжем – орыс ұлтының қызы болған. Анам таза қазақша сөйлейді, дәстүрге бай адам. Ата-анам өнер жолына түсуімді қаламады. Тіпті қасынан алысқа ұзатқысы келмеді де. Астанаға оқуға кеткенімде әкемнің қимай қарағаны әлі есімде.
– Иә, қазақы тәрбиеден шыққаныңызды болмысыңыздан байқап отырмын. Тіпті есіміңіз де ерекше. Әулетіңіз ат қоярда көп ойланған секілді. Өзгеше, бұрын естімеген сөз. Неге «Рухия» деп атады?
– Мүмкін, рухты қыз болсын деген шығар. Есімімді Байдүкен атам қойыпты. Рухия – менің үлкен әжемнің есімі, яғни атамның анасының аты. Мынандай қызық жағдай болған екен. Әкемнің бауырының әйелі анаммен қатар жүкті болыпты. Қай келіні бірінші босанады, соның есімін қою атама жүктелген. Ал ол кісі қыз туса, Рухия деп атайтынын айтқан. Өмірге бірінші мен келген соң, маңдайыма осы есім бұйырды. Аллаға шүкір, артынан жеңгем ер бала өмірге әкелді. Айтпақшы, Рухия әжеміз де әнші болыпты.
– Шынымен, бұл есімде құт болып тұр ғой. Қатарыңыздан дара шабуыңызда тегіннен тегін емес. Отбасыңыздың қарсылығына қарамастан, 15 жасыңызда елордаға бет түзедіңіз. Мұның өзі ерлік! Арманға деген алғашқы қадамыңыз қалай басталды?
– Ұлағатты ұстазым Жанар, Серікжамал апайларымнан 7 жыл білім алдым. Мектепте оқып жүріп, «Талдықорған әуендерінде» ән айттым. Ендігі белес мен үшін астана болды. Осылайша, Қазақ ұлттық өнер университетінің колледжіне грантқа түстім. Ондағы ұстазым Ирина Балабекқызы болды. Әлі де сол кісіден тәлім алып келемін. Бүгінде сол өнер шаңырағында оқып жатырмын. Бағыма орай, жақсы адамдарға жолықтым. Байқауға дайындық кезінде Қуаныш Рысқұлов, Димаш Құдайбергеннен жеке сабақ алдым. Олар меннен бар көмегін аямады. Өзімді шыңдауға, рухани жетілуіме жігер берді.
– Димаш демекші, бір сұхбатыңызда байқаудың іріктеуіне қатысуды Димаштың қолқалағанын айтыпсыз. Сонда «Славян базарына» бару о баста ойыңызда болмағаны ма?
– Білесіз бе, мен 3 жыл қатарынан іріктеуге қатыстым, екі рет сүріндім. Үлкен байқауларда рухы биік адам ғана жеңеді. Алғашында ол рухты әділ-қазылар менің көзімнен таба алмаса керек. Екінші жылы 1 ұпай жетпей қалды. 95 келіден 72 келіге дейін салмақ тастадым. Бар күш-жігерімді салғаныммен тағы да бұйырмады. Екі мүмкіндіктен кейін көңілім су сепкендей басылып қалды. Биыл бақ сынауға жүрегім дауаламай жүрді. Сонда Димаш тағы бір мәрте бақ сынап көруім жайлы идеясын білдірді. Бұл маған үлкен қолдау болды. Оның үстіне баяғыдай күйіп-піскен жоқпын, бәрін жеңіл қабылдауға тырыстым. Сөйтіп, шетелге шығуға мүмкіндік алдым. Іріктеуден өтуіме өмірден жинаған тәжірибем де жәрдемдесті десем артық айтпаған болар едім. Себебі, бала күнімнен сахнадан түспедім. Ән айту мен үшін бақыт болатын. «Егіз-Лебіз» бағдарламасында жұмыс істедім. Ол жақта әншілердің аурасын сезіндім. Осының бәрі жеңісіме жолашар кезеңдер есебінде құнды болып қалды. Бала күнімнен Роза Рымбаеваға еліктеп өсіп, кейін Димаш Құдайбергенді тыңдайтын болдым.
– Жеңістің дәмі тәтті болғанымен, оған жету жолында аямай тер төгуіңе тура келеді. Байқауға дайындық барысында қандай қиындықтар кездесті?
– Шынымды айтсам, қолымды бір сілтеген сәттер болды. Психологиялық тұрғыдан өзіңді үлкен додаға баптау өте қиын. Ел намысы сенің мойныңда тұрғандықтан сүрінуге қорқасың. Әр түрлі алып-қашпа пікірлер көңіліңе көлеңке ұялатады. Басында мені көпшілік танымады. Телеарналар, басылымдар жариялаудан бас тартты. Сұхбат алыңыздар деп жалынған кездеріміз де болды. Үш ай бойы үзіліссіз жаттығу жасадым. Таңғы 5-те тұрып дайындыққа кірісемін. Арнайы биге бардым, тамақты талғап іштім. Сахнада биік өкшелі туфлимен жүріп үйрендім. Байқаудың алғашқы кезеңінде Emotions әнін орындадым. Оны Ерлан Бекчурин өңдеді. Мұнда – жаңа форма, мелодия аз. Ал екінші күні Президент оркестрімен «Зозуля» әнін орындадым. Әрине, іштей қобалжу болды. Бірақ соның бәрін еңсердім деп ойлаймын. Белгілі журналист Қымбат Досжанға, Қазақстанның халық әртісі Айман Мұсахожаеваға, Димаштың көмекшісі Нұрболға да ізгі ілтипатымды білдіремін.
– Жеңісіңізге сенімді болдыңыз ба?
– Барғанда абдырап қалмайтындай қатысушыларды әбден зерттедім. Осыншама еңбек, төккен терден кейін жеңіске жетуге тиіспін деген мақсат тұрды алдымда. Бұл қиындықтардың барлығы жайдан жай болып жатпағанын ұғындым. Алла тағала адамға көтере алмайтын сынақ бермейді. Сондықтан бұл кедергілер алдағы қуанышты сәттердің бастауы секілді болды. Спортшылар Олимпиадаға дайындалғаны сияқты, мен де үзбей ізденіс үстінде жүрдім. Адам қиындықтарды жеңу арқылы өседі. Менің өсуіме осының бәрі көмектесті деп ойлаймын.
– Байқауда Димаштың жанкүйерлері сізге де қолдау көрсеткен көрінеді. Тіпті көже де дайындап беріпті...
– Иә, бұл бір өмірімдегі ерекше сәт болды. Мен көбіне сұйық тамақ ішемін, оған асқазаным да үйреніп алған. Ұйымдастырушылар қашанғы саған көже дайындап берсін. Ал өзің сатып алып ішейін десең, өзге елде әр түрлі жағдай болуы ықтимал. Мұсылман болған соң шошқа еті қосылған тамақ ішіп қоямын ба деп те сақтанасың. Мен өзі тамаққа өте қатты мән беремін. Қуанышыма орай, сондағы Димаштың жанкүйерлері көже пісіріп әкеп берді. Олардың дені – журналистер. Байқауға бармас бұрын, онлайн сұхбат құрғанбыз. Олар менің сұйық тамақты жақсы көретінімді біледі. Шынайы жанкүйерлер деп соларды айтса керек. Тіпті Мәскеуде мені қыдыртып, қаланың көрікті жерлеріне апарды. Байқау барысында біздің көк Туымызды ұстап, қолдау да көрсетті. Бұл Димашқа деген махаббатынан туған құрмет деп білемін. Димаштың өзі сияқты зиялы адамдар екен. Ақжарқын пейіліне қарап риза боласың. Осы жерде тағы қоса кетейінші. Негізінде, Димаштың жанкүйерлері адамның жан-күйін бірден түсінеді. Қабылдаулары бөлек, танымы да жоғары. Әлі күнге хат алмасып тұрамыз. Ол ол ма, Димаштың арқасында шетелдік танымал блогерлер менің өнерімді талқыға салып, жақсы пікірлерін білдіріп жатыр. Мен үшін бұл – өте үлкен жетістік.
– Айтпақшы, байқауда Димаш екеуіңіздің бірге түскен суреттеріңіз әлеуметтік желіде біраз адамның қызығушылығын тудырды. Әсіресе, қыздардың. Шетелдегі Димаштың жанкүйерлері қызғанып қалған жоқ па?
– Бұл жай ғана фото. Сол қуанышты сәттен есті естелік десек те болады. Димаш – маған ағалық қомқорлық танытқан адам. Қарындасы ретінде қарайды. Оның көңілі даладай, жастарға көмектескенді жақсы көреді. Қалай десеңіз де, ол тарихта қалатын тұлға ғой. Күн сияқты бәріне шуақ шашып тұрады. Оған қоса, Қанат аға мен Света апай да өнер десе ішкен асын жерге қоятын жандар екен. Дарындарға әрқашан жәрдемдесуге бейіл. Витебскіге арнайы келіп, маған қолдау көрсетті.
–Сіздің шығармашылық белесіңізге бағдар жіберсек, «Славян базарынан» дейінгі және кейінгі Рухия деп екіге бөліп алып қарауға болатын секілді. Қазір продюсерлермен жұмыс істеп жатырсыз ба? Қандай жаңалықтарыңыз бар?
– Продюсер болуға ұсыныс жасаған адамдар болды, бірақ мен бас тарттым. Дәл қазір маған қажет емес. Өнер адамы құстай еркін болуы керек. Жалпы, продюсердің жұмысы әншіге жарнама жасау, байқауға демеуші табу деген секілді қағидалардан тұрады. Ал ол нәрсе менде бар. Енді танымал бола бастағанда дайын асқа тік қасық болудың керегі жоқ. Өз шығармашылығыммен өзім айналысқым келеді. Иманбек, Jah Khalib, The Limba секілді. Қазір менің жоба менеджерім – Мақпал Жұмабай. Ол кісі мені байқауға қатыспай тұрып та ұдайы қолдап жүретін.
Бүгінде ұтқан жүлдемді жеке шығармашылығыма жұмсап жатырмын. Бірнеше ән сатып алдым. Халық ішінде менің дауысымды «Димаштың қыз түрі» деген әңгіме бар. Оның үніне қатты ұқсатады. Мен өзімнің жеке бағытымды таңдап, өз аудиториямды жинауым керек. Яғни өзіндік қолтаңбамды қалыптастырғым келеді. Әрине, бұған уақыт қажет. Сол үшін аянбай еңбек етемін.
– Сіз мысалға алған әншілер – әлемге танымал өнерпаздар. Олар біздегі өнер кеңістігіне сыймай кетті. Сізге де осы шарттылықтар бөгет болады деп ойламайсыз ба?
– Шын ниеттенсең, алдағы өткелдердің бәрінен аттауға болады. Менің оған көзім анық жетті. Біздің елде талант көп, тек танылмай жатыр. Қараңызшы, мені басында жұмысқа алмады. «Толықсың» деп сахнадан шеттеткендер де болды. Қазір бәріне күлемін. Мен ірі болғаныма кінәлі емеспін. Талантты тану тұрғысынан келгенде, тамыр-таныс, ағайын-туыс ортаға түседі. Сөйтіп, шын мықтылар көзге ілінбей қалады. Осы жағымсыз дүниелерден құтылсақ, біздің өнеріміз одан әрі танылар еді.
– Әңгіме барысында әкеңіз әнші болғаныңызды қаламағанын айттыңыз. Ата-анаңыздың сіз жайлы өз жоспары болған болып тұр ғой...
– Ән менің өмірімді түбегейлі өзгертті. Егер әнші болмағанымда аспазшы болар едім. Әкем грантқа оқуға түспегенімде, Талдықорғанда қалып, аспаздың оқуын оқисың деген болатын. Құдай бұйыртып, астанаға кетіп қалдым. Әлі есімде, 2-сыныптан бастап тамақ істей бастадым. Бір күні үйге қонақтар келіп, анамның қолы босамай жатты. Ал әкемнің жұмыстан қайтатын уақыты таяп қалды. Біздің үйде кешкі тамақ 5-ке дейін дайын болуы керек. Әкем сол уақытта жұмыстан келеді. Ертерек тамағымызды ішіп, ертерек ұйықтау – күнделікті әдетіміз. Анамның әңгімеден қолы босар емес. Әкемнің қызымын деп айттым ғой бағана, ас бөлмеге кіріп, картоп қуыруға кірістім. Әкем тамаққа өте талғампаз адам, таңдап қана жейді. Ең ғажабы, алғашқы дайындаған асым дәмді болып шықты. Әкем риза болды. Сөйтіп, 9-сыныпқа дейін үйге қонақ келсе, мен ас әзірлейтін болдым. Тіпті жатақханадағы қыздар «Рухияның қасына тамақ үшін тұруға болады» деп әзілдейді. Шыны керек, қазір өзім дайындаған тамақты сағынып жүрмін. Уақыт өте тығыз, ұшып-қонып жүреміз.
– Алдағы жоспарыңызды бөліссеңіз?
– Бұйырса, әндер жазып, бейнеклиптер түсіру жоспарымда бар. Жаңа жобалар, жаңа байқаулар іздеп жүрмін. Өзімді жаңа қырымнан танытқым келеді. Жақында Қырғызстанда өнер көрсетемін. Аллаға шүкір, министрлік қолдау көрсетіп, концерттерге қосып жатыр. Менің арманым біртіндеп орындалып келеді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Мұхтар КҮМІСБЕК,
«Egemen Qazaqstan»