Коронавирус • 24 Тамыз, 2021

Індет қатерін білсе де...

243 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Тойда отырғандардың арасында амалының жоқтығынан, яғни сыйластыққа сызат түсір­меу, туысқандық қатынасты салқын­датпау үшін келгендер баршылық. Алыс-берісті ескеріп, есеппен келетіндер де көп. Қазақтың «шақыр­ғаннан қалма, шақырмағанға барма» деген нақыл сөзін қағидаға айналдырғандар да аз емес. Қалай болғанда да тойға келген­дердің барлығы елдегі эпидемиялық ахуалды және соған байланысты шектеулерді жақсы біледі. Бірақ, өкінішке қарай, «той десе қу бас домалайды». Бүгінгі тойдың қаупі мен салдарына сол «қу бас» терең мән беріп, нәтиже шығарар емес, әзірге...

Індет қатерін білсе де...

Үйлену тойына келген 300-ге жуық қонақ қараңғыда қалып, әп-сәт­те әбігерге түсті. Ескертусіз өш­кен жарық және үрейлі дауыс­тар, орындарынан асығыс тұрып қараңғыда сүріне-қабына шығар есікті іздеген қонақтар... Әліптің артын бағып, ауладағы сарайға тығылғандар... Бірі баласын, бірі шалын іздеген әйелдердің дауы­сы... Иә, тойдың шырқы үйдің үстінен дронмен бейнежазба түсіріле бастағанын көрген той иесінің «Дрон ұшты, тез жарықты өшіріңдер, жиналған көпшілік көрінбесін!» деген сөзінен ке­йін бұзылған еді. Қонақтар тез тар­қ­ап, той жайына қалды. Осы­лай­ша, қақпадан емес, үйдің үстінен түсірілген бейнежазба арқылы отбасылық жиын әшкере болды. Бұл – Түркістан облысы Сайрам ауданында болған оқиға. Аудандық мобильді топ және тәртіп сақшылары той иелеріне тиісті шара қолданды.

Бүгінде эпидемиялық ахуал матрицасы бойынша Түркістан облысы «жасыл аймақта» бол­ғанымен, инфекцияның таралуын болдырмау үшін бірқатар шектеу шаралары қабылданған. Сал­танатты, отбасылық және бас­қа да бұқаралық іс-шараларды өткізуге қатаң тыйым салынған. Дегенмен той тыйылар емес. Сайрам ауданы әкімдігінің мобильді топ мүшелері мен аудандық полиция басқармасының қызметкерлері Қарабұлақ ауылдық округінде жүргізілген рейдтік іс-шара барысында Сайрам қақпа көше­сі­нің тұрғыны салтанатты жиын өткізіп жатқанын анық­та­ған. Нәтижесінде, той тоқ­та­ты­­лып, карантин талаптарын бұз­­ған азаматқа қатысты ӘҚБтК-нің 425-бабына сәй­кес тиісті шара қолдану үшін жи­нақ­тал­ған іс-құжаттар толтырылды. Бұл – Қарабұлақ елді мекенінде карантиндік шектеулерге қарамастан өткен бір күндегі екінші мереке. Екеуі де – үйлену тойы. Той иесінің мобильді топ мүшелеріне «Не проблема, 83 340 теңге төлей саламын, никакой проблем нет, төлей саламыз» дегені де көпшілікті таңғалдырып отыр.

Сайрамда ғана емес, тойды «тығылып» жасайтындар өзге аудандарда да баршылық. Жалпы, Түркістан облысының полицейлері жыл басынан бері 734 той-жиын тіркеді. Мәселен, Ордабасы аудан­дық полиция бөлімінің тәртіп сақшылары өз үйінің ауласында «Беташар» өткізіп жатқан тұр­ғын­ды анықтады. Тексеру кезін­де тойға 60-қа жуық адам жи­нал­ғаны белгілі болды. Осыған ұқсас тағы бір жайт Отырар ауданын­да да анықталды. Онда жергілікті тұрғын карантин режіміне қарамастан үйіне 50-ден аса адамды жинап, келін түсіріп, «Беташар» өткізген. Той иелеріне қатысты заңға сәйкес әкімшілік шара белгіленді. Тойды алаңсыз, ешкімнен жасырынып, тығылмай-ақ атқаратын кез де келер. Ол үшін ең алдымен індетке қарсы екпе салдырудан бастап, барлық талапты орындау қажет. Айта кетелік, бұл орайда облыс екпе салдырудан өңірлер арасында алдыңғы қатарда келеді.

Облыстық қоғамдық денсау­лық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов келтірген деректерге жүгінсек, 724 406 адам вакцинаның бірінші компонентін салдырған. Ал екінші құрамды 543 377 адам қабылдады. Бір тәулік ішінде облыста 2 296 адам екпе салдыруға ниет білдірген. Жал­пы, екпе басталғалы өңі­р­ге 736 460 доза вакцина жет­кізілді. Жыл басынан бері вакцина салу бекеттерінің саны артып отырған. Тек тамыз айының ішін­д­е 128-ден 141-ге дейін жеткен.

«Өңірге Қытайда өндірілген Vero Cell вакцинасының 52 мың дозасы жеткізілді. Бүгінде оның 40 мыңнан астамы салынған. Жаңа вакцинаны сақтаудың температуралық режімі QazVac екпесіне сәйкес келеді. Енді облыс тұрғындары ресейлік Спут­ник V, отандық QazVac, Sinopharm компаниясының HayatVax екпесі, Қытайдың жасап шығарған CoronaVac және Sinopharm компаниясының Vero Cell вакцинасын қабылдай алады», дейді М.Пашимов.

Өңірде соңғы тәулікте індет жұқ­тырудың 56 жағдайы анық­тал­ды. Тәуліктік өсім – 0,45%. Ма­­ман­­дандырылған инфек­ция­л­ық ста­­ционарларда барлығы 3 600 орын бар, 2 019 төсектік орын бос. Ин­­фек­­циялық стационарда 1 581 нау­қас, ал коронавирус инфекциясы­мен 201 науқас ем қабылдауда. Пан­демия басталғалы індеттің 12 328 жағдайы тіркелген. Оның 653-інде симптом байқалмаған. Жалпы жұқтырғандардың дені – 20-49 жастағылар.

Айта кетейік, пандемия бастал­ғалы 10 667 науқас індет­тен толық айыққан. Жалпы, 960 017 ПТР сынамасы алынған. Облыстағы мекемелерде 8 оттегі стансасы, 400 ӨЖТ, мыңнан аса оттегі аппараты бар. Сондай-ақ екі айға жететін дәрі-дәрмек қоры жасақталған.

 

Түркістан облысы