Теннис • 24 Тамыз, 2021

Үздіктер елордада бас қосады

220 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елордадағы Ұлттық теннис орталығының корттарында 19-26 қыркүйек ара­лығында теннистен Astana Open ATP 250 халықаралық турнирі өтеді. Осы­лайша, Қазақстан астанасы екінші жыл қатарынан кәсіпқой теннисшілер қауым­дас­тығының (ATP) әлемдегі ең беделді турнирлерінің бірін өткізуге мүмкіндік алды.

Үздіктер елордада бас қосады

Astana Open ATP 250 жарысы биыл­ғы кәсіпқой теннисшілер қауымдасты­ғы­ның (ATP) жаңартылған ресми күнтіз­бесіне енгізілген. Қазақстан теннис фе­де­рациясының вице-президенті Юрий Польскийдің айтуынша, ATP-дың директорлар кеңесі мен былтыр елордада өткен жарысқа қатысқан ойыншылар Astana Open додасының деңгейін жоғары бағалаған.

– Пандемияның қайтадан кең таралуына байланысты биыл күзде Қытайда көптеген халықаралық жарыс өтпейтін болды. Сөйтіп, ATP басшылығы бізге сол турнирлердің бірін ұйымдастыруға өті­ніш білдірген болатын. Біз өз тарапымыз­дан олар­дың ұсынысын қабыл алып, жарысты өткізуге келісім бердік. Бұл – біз үшін жақсы мүмкіндік, мұндай жарыстар ең алдымен талантты жастарға жол ашады, – деді Ю.Польский.

Сонымен қатар Astana Open жары­сынан бір апта бұрын Нұр-Сұлтан қала­сында ерлер мен әйелдер арасында Қазақ­стан чемпионаты өтеді. Мұнда жеңім­паз атанған ойыншы Astana Open-нің негізгі турниріне, жүлдегерлері іріктеу сайыстарына жолдама алады. Астана ашық біріншілігіне еліміздің тәжірибелі теннисшілері – Александр Бублик, Ми­хаил Кукушкин, Андрей Голубев пен Александр Недовесов, сондай-ақ Дмитрий Попко, Тимофей Скатов, Денис Евсеев және Бейбіт Жұқаев секілді жас спортшыларымыз да ел чемпионаты арқылы өз бағын сынап көреді.

Жарысты ұйымдастырушылар биыл­ғы бәсекеге балаларды шектеулі көлем­де кіргізуді жоспарлап отыр. Олар бар­лық санитарлық талаптарға сәйкес әуелі ПТР тест тапсырады. Сөйтіп, ол балалар сүйікті теннисшілерінің ойындарын өз көзімен көре алады. Ересек жанкүйерлер кортқа жіберілмейді. Қазақстан теннис федерациясы барлық матчтарды ҚТФ сайты мен Қазақстан телеарналарының бірінде тікелей эфирде көрсетуді жос­парлап отыр.

Былтыр қараша айында өткен бірінші ATP 250 Astana Open жарысында аустралиялық Джон Миллман топ жарған болатын. Бұл – оның мансабындағы ATP турындағы тұңғыш жүлдесі. Д.Миллман финалда франциялық спортшы Адриан Маннаринодан 7:5, 6:1 есебімен басым түскен еді. Осы жеңістің арқасында Миллман 2020 жылы АТР турнирінің жүлделерін ұтып алған элиталық чем­пиондар тізіміне енді. Бұл тізімде сондай-ақ Иржи Веселый (Пуна), Рейли Опелка (Делрей Бич), Новак Джокович (Дубай) және Уго Умбер (Антверпен) бар.

Айта кетейік, АТР 250 әлемдік турына жылына 40 кәсіби ерлер жарысы  кіреді. Нұр-Сұлтандағы турнир жеңімпазы АТР рейтингінде 250 ұпай еншілеуге мүмкіндік алады.