Іс-шараны Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» және Иорданияның кинематография бойынша Корольдік комиссиясымен бірлесіп, Қазақстан Республикасының Иорданиядағы елшілігі ұйымдастырған.
Кинокөрсетілім Амман қаласының ең көне аудандарының бірінде орналасқан «Кино үйінде» өтті. Қазақстан елшісі Айдарбек Туматов қазақстандық кинематографияға танытқан қызығушылығы үшін иорданиялықтарға алғыс білдіріп: «Бұл жоба иорданиялықтардың Қазақстан халқымен, оның тарихы және мәдениетімен жақынырақ танысуына мүмкіндік туғызып, Қазақстан-иордан мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығының одан әрі нығаюына септігін тигізеді», деді.
Іс-шара режиссер Нұргелді Садықұловтың «Балуан Шолақ» көркем фильмінен басталды. Ақан Сатаевтың «Жаужүрек мың бала» кинокартинасы да ұсынылды.
Айта кетейік, фильмдер түпнұсқа үлгісінде, ағылшын тіліндегі субтитрлерімен көрсетілген. Кино күндеріне дипломатиялық корпус, БАҚ өкілдері, қоғам қайраткерлері сондай-ақ Иордания астанасының тұрғындары қатысты.