Елорда • 24 Тамыз, 2021

Дәріхананы тонаған елордалық ұсталды

250 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтанда қолына пышақ ұстаған ер адам дәріхананы тонап, компьютерлік клубқа барды, деп хабарлайды Egemen.kz Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Дәріхананы тонаған елордалық ұсталды

«Сағат 22.30-да 102-арнаға тонау фактісі бойынша хабарлама келіп түсті. Қоңырау шалушының айтуынша, белгісіз біреу Б. Момышұлы даңғылында орналасқан дәріхананың қызметкерін пышақпен қорқытып, кассасынан 30 мың теңге ұрлап кеткен. Күдіктіні ұстауға полицияның жеке құрамы бағытталды», делінген хабарламада.

Тергеу барысында кешкі сағат он шамасында дәріханаға медициналық маскадағы белгісіз ер адам келіп, дәрі-дәрмектің бар-жоғын сұрағаны анықталды.

«23 жастағы фармацевт дәрі-дәрмекті іздеуге жөнелген кезде, ер адам артынан жүгіріп, оны ұстап алып, мойнына пышақ салып, кассадан ақша талап етуін бастады. Нәтижесінде ақшаны ұрлап алған күдікті белгісіз бағытқа қашып кеткен. Жедел уәкілдер дәріханадан жүгіріп келе жатқан жігітті байқаған куәгерлерді тергеді. Көшелерде орналасқан бейнебақылау камералары бойынша күдіктінің қай жерге қашқаны анықталды», деп хабарлады полициядан.

Компьютерлік клубтардың бірін тексеру кезінде күдіктіге ұқсас 26 жастағы жігіт ұсталды. Жеке тексеру кезінде суық қару мен ұрланған ақша табылды. Ол кінәсін толық мойындады.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, қылмыскер УҰИ-ға қамауға алынды.