Қоғам • 25 Тамыз, 2021

Дарвиннің жаңа «дарындары»

415 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Адам баласының ең ақымақ өкілде­рі­не берілетін «Дарвин сыйлығы» дейтін бар. Эволюция атасы Чарльз Дарвин­нің құрметіне аталған бұл «атақ» ақымақ­ты­ғымен өзін өзі жер жастандырып, адам­дар­дың генофондын тазартқандар үшін та­ғайын­далады. Бірақ өзінің түбіне өзі жет­кен­­дер мұндай сыйлыққа ие болған­да­рын білмей өтеді.

Дарвиннің жаңа «дарындары»

Өкінішке қарай, адамзат баласы қаншама өркениетке қол жеткізіп, дүние көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатса да, «Дарвин сыйлығын» алушылардың саны толығумен келеді. Кәдімгі өмірде ақылға сыймайтын әрекетімен бақилық болғандарға, яғни енді осы сыйлықты иесіне алып беруге «селфи» деген де септесіп жатыр. Әлеуметтік желілер арқылы әлімжеттік жасау, онлайн-озбырлық, блогер болып бопсалаудың баптары тіпті басқа.

Мысалы, әлмисақтан беріліп келе жатқан «Дарвин сыйлығының» кезекті номинанттары қатарын селфилетемін деп жүріп, мерт болғандар толықтырады. Күндіз-түні әлеу­­меттік желілерге өтірік-шыны аралас өмір­ле­рінен әдемі суреттерін салып, «лайк» санаумен өмірлерін өткізіп отырғандар да бұл сыйлық кімдерге бұйырып жатқанынын білсе де, «селфимания» дертіне шалдыққандарға бұл да тоқтау сала алмайды.

Өкініштісі, түбіне әлеуметтік желілерге деген әуейілік, селфи жеткен жеткіншектер ішінде дап-дардай адамдар да бар. Мәселен, парақшасын әсерлі суреттермен толықтыра түспек болған 42 жастағы Лас-Вегас тұрғыны рельстің үстінде отырып, жақындап қалған пойыздың фонында сельфи жасау үшін жантәсілім болғанын жұрт әлі ұмытқан жоқ. Жай ғана теміржолдың жанында тұрып суретке түсу әркімнің қолынан келеді деп ойлаған әйелдің суретке түсумен әуейіленгені соншалықты, өзін пойыз таптап өткенше отыра берген. Әрине, оның төбесіне пойыз төніп келе жатқан селфиі ғаламторды сол кезде кезіп кетті. Бірақ машинистің сигнал бергеніне қарамай, жүйткіп келе жатқан жүйрік пойыз жолында бір селфи үшін неге омалып отырып алғанын ешкім түсіндіре алмайды.

Айналып келгенде, еліміз де «Дарвин сыйлығының» дарындарынан кенде емес. Мәселен, былтыр Алматы облысында селфи жасамақ болған екі жасөспірімді 2 қабатты ғимараттың ішінде бетон плита басып, қайтыс болды.

Облыстық төтенше жағдайлар департа­мен­ті: «20 тамыз күні сағат 19:19 шамасын­да Алматы облысы Алакөл ауданы Бескөл ауылында балық зауытының маңында бөлек тұрған ғимаратта 2004 және 2005 жылы туған екі жасөспірім сельфи-суретке түсемін деп қаза болды. 2004 жылы туған үшінші адам оң аяғы сынып, Үшарал қаласындағы орталық аудандық ауруханаға жеткізілді», деген жедел хабар таратты. Сол сияқты Қостанай облысы Денисов ауданына қарасты Аят орта мектебінің бұрынғы оқушысы қару ұстап фотоға түсу үшін ғана ұрлыққа түскен. Ол осы оқу орнын өткен жылы аяқтаған. Сол кезде ММГ-АК74М Калашников автоматының үлгісі қай жерде сақталғанын жақсы білген. «Арманын орындау үшін ер адам кеңсенің құлпын бұзып, Калашниковты алып кеткен. Бірақ оның селфи жасау жайлы ойы іске асқан жоқ», деп мәлімдеді Қостанай облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Ұрлықшы жазаланар, алайда ақымақтықтан болатын қайғылы оқиғалар жыл сайын жүздеген адамның өмірін қияды. Селфиден қайтыс болғандардың саны жағынан бірінші орында – Үндістан, одан кейін Ресей, АҚШ және Пәкістан елдері тұр.

Өз елімізде 2019 жылы Ақтөбеде түнде ерекше селфи жасамақ болған қызды қатты жылдамдықпен келе жатқан пойыз қаққан. Сол сияқты 2017 жылы маусымда және тамызда кәмелетке толмаған төрт бала селфи жасау үшін вагонның үстіне шығып, тоқ соғып, біреуі жарық дүниемен қош айтысып еді. Дәл осындай оқиға былтыр Жамбыл облысы Шу қаласында тіркелді. Жиырма жастағы жігіт жүк пойызының цистернасына шығып суретке түспек болғанда, оны жоғары кернеулі тоқ соққан. Оқиға салдарынан жігіттің денесі мен аяқ-қолын I-II-III дәрежелі 50 пайыздық электротермиялық күйік шалған.

Орта есеппен әлемде күніне 93 млн селфи түсірілетін көрінеді. Мұның дәл дерек екендігіне ешкім кепілдік бере алмайды. Бірақ бұл жаңа заманның дерті. Әлемге әдемі, бақытты болып көріну үшін, көзге көрінбейтін жауларын тұқырту үшін адамдар өзінің ішкі әлемін жалаңаштауға көшті. Ең жақындарына, досым деп есептейтін жандардың өзіне ойланып айтатын сырды ішті түртіп отыратын бір желік жаһанға жайғызатын болды.

Алайдаәлеуметтік желілерде «төсек салып жатып алған» танымал «тұлғалардың» көпші­лігінің сәтті сельфилерінің, әдемі суреттерінің ар жағында қаншама бітпеген тірлік, жуылмаған ыдыстар, жиналмаған үй, тіпті орындалмаған уәделері үйіліп-төгіліп жататынына сеніңіз. Осындай жалған алданыш, тәуелділіктен арылудың басты жолы – психотерапевт маманмен жұмыс істеу деседі. Ал бұл дерттің ең бір дауасы – шын мәнінде бақытты болуға ұмтылу, жақындарыңды жалғыз қалдырмау, жалғыз қалмауға тырысу.