Қоғам • 25 Тамыз, 2021

Жастарды адасудан арашалау маңызды

493 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Интернет кеңістігі арқылы терроризм, діни экстремизм, деструктивті діни ағымдар идеологиясы кең етек жайып тұрғаны белгілі. Әсіресе, жастардың арасында жат ағымға жармаса кететіндер бары көңілге кірбің ұялатады. Осындай келеңсіздіктің алдын алу мақсатында Алматы облысында ықпалды істер атқарылу үстінде.

Жастарды адасудан арашалау маңызды

Бүгінде Жетісу өңірінде бұл жұ­мыс 3 бағыт бойынша жүргізілуде. Бірін­ші бағыт – әлеуметтік желідегі парақшалар мен YouTube каналында қарсы насихат, ақпараттық тү­сіндіру жұмыстарын жүргізу болса, келесісі – дес­труктивті сипаттағы контент қол­да­нушыларымен байланыс. Ал үшін­­ші бағыт – «Киберқадағалау» жү­йе­сі арқылы заңға қайшы, дес­трук­тивті сипаты бар контенттерді бұғат­тау.

Бұл бағытта облыстың Дін іс­те­рі басқармасының және оған қарасты құрылымдық орталықтардың Facebook, Vkontakte, Instagram, әлеу­мет­тік желілеріндегі «Дін істері орта­лы­ғы», dinisteri_almobl және 17
аудан, 3 қаладағы мамандардың ресми парақшаларында Үou tube каналдарында жыл басынан 8800 материал жарияланған. Оның 495-і мақала, 855-і бейнебаян, 183-і демотиватор, 7265-і ақпараттық материал.

Облыстық Дін істері басқар­ма­сы­ның басшысы Бауыржан Ниеттің айтуын­ша, жыл басынан облыстық «Жетісу» телеарнасы алаңында «Нұр-Мүбә­рак» университеті жанындағы «Экст­ре­мизм­ге қарсы іс-қимыл орта­лығының» директоры Тимур Нүсіп­ханұлының жүргізуімен «Бү­гін­гі дін» авторлық рухани-та­ным­дық бағдарламасы түсі­рі­ліп, көрсе­тілуде. Бүгінге дейін атал­ған бағ­дар­ламаға сұхбатқа «Нұр-Мү­бә­рак» университетінің проректоры Қ.Құрманбаев, Әбу Ханифа ғылыми-зерт­теу орталығының зертеуші-ғалы­­мы А.Әділбаев, Философия ғылым­­дарының кандидаты, доцент Ж.Сандыбаев, Нұр-Мүбарак ЕИМУ-нің оқытушысы, Исламтану ғылымынан PhD Асқар Әкімханов, бұрынғы Бас мүфти Рәтбек қажы Нысанбайұлы сынды дін саласының қайраткерлері шақырылған.

Сондай-ақ құрылымдық орта­лық­­тың жеке студиясында бекі­тіл­ген жоспарға сәйкес «Нұр-Мүбә­рак» университетінің ұстаздарын, профес­сор­лық құрамын, РАТТ мүшелерін «Дінсақшы» бағдарламасына тарта отырып түрлі тақырыптарды қамтыған 26 түсірілім жүргізіліп, әлеуметтік же­лі­­лердегі парақшаларға жүктелген. Үш жыл қатарынан өңірге белгілі журналист Жұмахмет Жайлаубайдың жеке авторлық жұмысы аясында «Ғибрат» бағдарламасы тұрақты жұмыс істеп келеді. Аталған бағдарламаға сәйкес 11 тақырыптық түсірілім жасалып, бар­лық ресми парақшалар арқылы тұр­ғын­дар назарына ұсынылуда.

Басқарма тарапынан өз мен­ші­гін­дегі 2416 кітап қоры бар жеке кітап­ха­наны Bookscan модулі арқылы онлайн форматта оқырманға ұсыну жұ­мыстары жүргізілуде.

Жүргізілген мониторинг жұ­мыс­та­рының нәти­жесінде Instag­ram әлеу­меттік желісінде теріс діни ағым­­дар­дың идеологиясына қы­зығу­шылық танытқан 38 581 ға­лам­тор тіркелушісі анық­талды. Ал «ВКон­так­те» әлеу­мет­тік желісінде дәл осындай топтарға тір­келген 32 217 адам 2020 жыл­дың ба­сында анықталған болса, жүргізілген жұ­мыс нәтижесінде бүгінгі күні олар­дың саны 15 416 адамға, яғни 52,3% дейін азайды.

– «ВКонтакте» әлеуметтік желі­сін­де­гі жеке парақшаларда деструктивті діни ағым идеологиясын белсенді түрде насихаттағаны үшін облыстың 4 азаматына Әкімшілік құқық бұзушылық тура­лы кодекстің 453 бабы, 2 тармағын бұзу фактілері бойынша 20 айлық есеп­тік көрсеткіш мөлшерінде жалпы сом­масы 232 000 тенге айыпұл салынды. Бұдан бөлек, басқарма тарапынан тағы 7 азаматтың жеке парақшасы бақылауға алынып, тиісті сараптама қорытындысын алу мақсатында Дін істері комитетіне құжаттар жолданды. Сараптама қорытындысына сай әкім­шілік іс қозғау көзделуде, – дейді Бауыржан Ниет.

Бүгінгі күнге дейін, «Кибер­қа­да­­ғалау» жүйесі арқылы мамандар тара­­пынан әлеуметтік желілердегі те­ріс идеологияны насихаттаушы 7869 материал мен сілтеме анық­та­лып, са­раптамаға жіберілген. «Кибер­қа­дағалау» жүйесіне сілтеме жүктеу қар­қыны бойынша Алматы облысы Дін істері басқармасы республика бо­йынша жақсы көрсеткішке қол жет­кі­зіп отыр.