23 Қаңтар, 2014

Жаңа міндеттер, соны тапсырмалар

192 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Облыс әкімдігінде өткен актив отырысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа Жолдауы талқыланды.

 

Облыс әкімдігінде өткен актив отырысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа Жолдауы талқыланды.

Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев биылғы Жолдауда маңызды әлеуметтік аспектілерге басымдық берілгендігі туралы айта келіп, оны халыққа жеткізу мен орындау жөніндегі міндеттерге тоқталды. Жолдауда атап өтілген балаларды мектепке дейінгі біліммен 100 пайыз қамту тапсырмаларын іске асыру бойынша облыстағы тиісті басшыларға бірқатар тапсырмалар берді. Атап айтсақ, 2020 жылға дейін 3-6 жас аралығындағы балаларды толық мектепке дейінгі біліммен қамтамасыз ету үшін 88 балабақша және 53 шағын орталықтың құрылысын жүргізу қажет. Осыған байланысты аймақ басшысы облыстық білім басқармасының басшысына, аудан және қала әкімдеріне білім нысандары бойынша жобалық-сметалық құжаттамаларды дайындауды жүктеді. Со­нымен қатар, бұрынғы балабақша ғима­рат­тарын қайтаруға бюджеттен қаражат қа­растыруды тапсырды.

Сонымен бірге, биылғы жылы Тараз қаласында 300 төсекке арналған көп­сала­лы аурухананың, 4 дәрігерлік ам­була­торияның, 1 фельдшерлік-акушерлік және 15 медициналық пункттің құрылысын аяқ­тауды талап етті. Сонымен қатар, облыс әкімі 2016-2019 жылдарға арналған ин­дустриялық-инновациялық даму бағ­дар­ламасының екінші бесжылдығы нақты әрі сапалы орындалатындығын да ескертіп өт­ті. Бұл бағытта да аймақта жемісті жұмыс ат­қарылып келеді. Өткен жылы индустрия­ландыру картасы шеңберінде облыста 8 инновациялық жоба жүзеге асты. Оған 21 миллиард теңге қаржы жұмсалып, 626 жаңа жұмыс орны ашылған. Үстіміздегі жылы 22 миллиард теңгенің 7 инвестициялық жобасын жүзеге асыру көзделіп отыр, ол бойынша 866 жаңа жұмыс орны ашылмақ.

– Елбасымыз Астанамызда ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізу кезінде әлем­дік тәжірибедегі «жасыл экономиканы» ен­гізудің озық технологиясын пайдалану керектігін тапсырды, – деп атап өтті әкім. – Бұл салада да облыста бірқатар жетістіктер бар деп айта аламын. Мысалы, облыста ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне дайындық шеңберінде 188 Мвт құрайтын баламалы энергетика нысандары салынып жатыр. Бүгінде облыста осындай 5 жоба жүзеге асырылған.

Қазіргі уақытта аудандық маңызды қала, ауылдық округ және ауыл әкімдерінің құзыреттері тиісті заңмен кеңейтілді. Оларға қосымша 79 өкілеттік берілді. Бұл әкімдерге іс жүзінде жергілікті маңыздағы барлық көкейкесті мәселелерді жергілікті қауымдастық мүшелерімен бірлесе отырып, дербес және жауапкершілікпен шешуге мүмкіндік береді. Облыс әкімі осы орайда аудан әкімдеріне берілген өкілеттіктер шеңберіндегі жұмыстарды тиімді үйлестіруді, бүгінгі таңда өтіп жатқан барлық деңгейдегі әкімдердің есептерінде аталған мәселелерді кеңінен талқылауды тапсырды.

Жыр алыбы Жамбыл атаның атын иемденген облысты мекен еткен 80-нен астам этнос өкілдерінің Елбасының биылғы Жолдауына қызу қолдау көрсетіп, оның іске асуына айтарлықтай үлес қосарына сенім білдірілді. Өйткені, бірлік пен береке бар бақыттың бастауы болып табылады.

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».

Жамбыл облысы.

Соңғы жаңалықтар