Саясат • 26 Тамыз, 2021

Ерекше қамқорлықта болатын балалар

500 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек жаңа оқу жылы қарсаңында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовпен бірге елордадағы «Қыз Жібек» балабақшасында болды. Осы балабақшада «Болашақ» корпоративтік қорының бастамасымен ең бірінші ашылған инклюзияны қолдау кабинеті бар.

Ерекше қамқорлықта болатын балалар

«Болашақ» қоры Қамқоршылық кеңесі құрметті мүшесінің айтуынша, бүгінде Қазақстанда 160 мыңнан астам ерекше білім алуға қажеттіліктері бар бала тіркелген, оның ішінде 35 мың бала аутизммен ауырады. Сондықтан биыл құрылғанына 10 жыл толып отырған қор жұмысының негізгі бағыттарының бірі – «Әр бала мектепке баруға лайықты» инклюзивтік білім беруді дамыту жобасы.

– Осы жылдар ішінде бола­шақ­тықтардың ықыласпен атқарған ізгі ісінің арқасында өңірлерде 59 мамандандырылған оңалту мекемесі ашылып, жабдықталды. Оның ішінде 22 қалада 43 инклюзияны қолдау кабинеті ашылды. Ерекше білім алуға қажеттілігі бар 2 мыңнан астам бала қамтылды, оның ішінде 600 бала үйде білім алудан шығарылды. Инклюзивтік білім беру саласында 420 жаңа біліктілігі жоғары жұмыс орны ашылды. 2 мың маман мен ата-ана арнайы дәріс алды. Мемлекет деңгейінде жүйелі түрде шешу үшін қор заңнама актілеріне 70-тен астам ұсы­ным мен түзету енгізді, – деді Б.Байбек.

Сонымен бірге ол «Болашақ» қоры­ның сарапшылары Нұрсұлтан Назар­баев қорына тұрақты түрде консуль­тативтік қолдау көрсететінін атап өтті. Өткен жылы қордың 8 өңір­де 16 инклюзияны қолдау кабинетін ашуы, сондай-ақ келесі жылдың соңына дейін аутизммен ауыратын және басқа да ментальды ауытқулары бар балалар үшін соңғы үлгідегі үздік технологияларды ендіре отырып, тағы да 8 заманауи еңселі орталық салуды жоспарлауы маңызды қадам болды.

– Ерекше қажеттіліктері бар балаларға қолдау көрсету партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың бұдан 7 жыл бұрын бастамашы болған «Кедергісіз келешек» жобасы мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жария еткен «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасы басымдықтарының бірі болып табылады. «Барша балаға – тең мүмкіндіктер» қағидатын іске асыра отырып, 2025 жылға дейін колледждер мен жоғары оқу орындарында, сондай-ақ мектептер мен мектепке дейінгі ұйымдардың
70%-ында инклюзивті білім беруді ен­ді­ру жөнінде міндет қойылды, – деді пар­­тия Төрағасының бірінші орынбасары.

Бұдан бөлек, партия оңалту орта­­лық­­тарының санын ұлғайтуға және ерекше қажеттіліктері бар бала­ларға психологиялық-педаго­гикалық және коррекциялық қол­дау бо­­йынша мемлекеттік тапсырысты енгізуге қол жеткізбек. Асырау­­шы­сынан айырылған балалар бір мезгілде мүгедектігі және асырау­шы­­сынан айырылуы бо­йын­ша 2 жәр­демақы алатын болады. Соны­мен бірге ерекше қажеттіліктері бар ба­ла­лар үшін кәмелеттік жасқа толған­нан кейін тұрғын үйге кезегінің үзілмеуі де қамтамасыз етіледі.

Жалпы, сайлауалды міндет­те­мелер аясында таяудағы 5 жылда ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін тағы да 22 мың әлеуметтік инфрақұрылым нысанын бейімдеу жалғастырылады. Жұмысқа орналастыру бойынша квотаны орындамаған жұмыс берушілер үшін өтемақы төлемдері енгізіліп, ол ерекше қажеттіліктері бар адамдарға жұмыс орындарын ашуға бағытталады.

Nur Otan мақсаты айқын, нақты істер партиясы ретінде өз сайлауалды уәделерінің барлығын іске асыруды қамтамасыз етеді. Бұл үшін партия Лидерінің тапсырмасы бо­йынша бүгінде бұған қажетті бүкіл партиялық инфрақұрылым жаңаша жолға қойылды: жауапты депутаттар мен басшылар нақты бекітіле отырып, 217 жол картасы іске асырылып жатыр, 12 мыңнан астам белсенді азаматтың қатысуымен 1,7 мыңнан астам Қоғамдық кеңестердің өңірлік жүйесі құрылды және т.б. Таяу уақытта сайлауалды бағдарлама мен азаматтар аманаттарының орындалу сапасын тексеру үшін жергілікті жерлерде тиісті көшпелі кездесулер өткізіледі, – деп түйіндеді Б.Байбек.