Көзін ашқалы көргені – көгілжім мұнар жабылған жасыл орман. Мәңгі жасыл қарағайлар мен қолдың саласындай ақ қайыңдар. Ұйыса біткен тал-терек. Жанына соншалықты жақын, өзгеше сүйкімді әлем. Байыбына бармай, сырттай қарап сұқтанған жанға бақыттың құшағына бөленіп, балбырап тұрғандай әсер етер еді. Ал тынысын жаза баспай аңғарып, түйсігіңмен таразылайтын болсаң, оның да өз сыры, өз мұңы жетерлік. Діңіне жабысқан дерттен аза бойы қаза болып, талмаусырайтын тұсы да аз емес. Жас ғалымның түн ұйқысын төрт бөліп, тылсым ойдың құшағына бөлейтін жайт та осы.
Екатерина Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келгенімен, алты жасынан Бурабай баурайындағы жасыл желекке бөленген Щучинск қаласында тұрады.
–Табиғат менің өмірімнің бір бөлшегі, – дейді жас ғалым. – Әр күн сайын тілдесіп, жағдайын жан-дүниемдегі сүзгіден өткізбесем, бой жазып серпіле алмаймын. Алысқа шықсам аңсарым да, сағынарым да осы топырақ, көрген жанның көзін сүйсінтетін көркем табиғат. Бала жасымнан жанымды баураған мамандықты игеру үшін еліміздегі ең көне оқу орындарының бірі – Экология және орман шаруашылығы колледжіне оқуға түстім. Жүздеген, бәлкім, мыңдаған табиғат жанашырларын баулыған білім ошағы бүгінгі күні Экология және туризм, орман шаруашылығы жоғары колледжі деп аталады. Колледжді үздік тәмамдаған соң Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде экология мамандығы бойынша білім алдым. Жоғары оқу орнында сырттай оқыдым да, Көкшетау орман селекциясы орталығында жұмыс істедім.
Екатерина бакалавр атанған соң Ә.Н.Бөкейхан атындағы қазақ орман шаруашылығы және агроорманмелиорация ғылыми-зерттеу институтында білімін толықтыра түсті. Алдағы болашақтың берік байламы да осы жерде жасалды.
– Ғылыми-зерттеу институтының ұжымымен бірден тіл табысып кеттім, – дейді жас ғалым. – Білікті адамдармен бірлесе жұмыс істеудің сәті түсті. Үйренгенім аз болған жоқ. Орман ғылымының бастауында тұрған, оны қорғауға, өсіріп-өркендетуге өлшеусіз үлес қосқан марқұм Владимир Каверин тәрізді кесек тұлғаларды көзім көрді.
Екатерина өзінің ғылыми жетекшісі Ольга Телегинаны да ерекше ілтипатпен еске алады. Екі ғалым бірлесе отырып, Қазақстанның солтүстік өңіріндегі қарағайлы және қайыңды ормандарды зиянкестерден арылту ісімен шұғылданған.
Орман – тірі организм. Ағзасына зиян келтіретін зиянкестер аз емес. Егер дер кезінде алдын алмаса, ондаған жыл бойы сыптығырдай сұлу діңі күнге ұмтылып, күлім қаққан қарағай да, жасыл желегі самал желмен тербелген ақ қайың да аз уақыттың ішінде қурап қалары сөзсіз. Жұқпалы ауру орман шетіне іліксе, тұтас алқап аз уақыттың ішінде құлазыған қу далаға айналады. Міне, зиянкестермен күрестің керек жері осы. Ал ол күресті ғылыми негіздеп, ағаштарды сырқатынан арылту – кәдімгі дәрігердің еңбегі тәрізді алапат төзімділікті, асқан біліктілікті қажет ететін қызмет. «Орман дәрігері» десек, жарасар.
Жұмыстан қол үзбей, білім айдынына құлаш ұрған жас ғалым Омбы мемлекеттік педагогикалық университетінің магистратурасын, Орал мемлекеттік университетінің аспирантурасын аяқтады. 2018 жылдың мамыр айында ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаттығын қорғаса, арада бір жыл өткеннен кейін «Орман ресурстары және орманшылық» мамандығы бойынша ғылым докторы атанды.
Үстіміздегі жылы ғылыми-зерттеу институты орман шаруашылығы мекемелері мамандарының білімін жетілдіру бағытында тақырыптық оқу әдістемелері мен білім бағдарламасын түзді. Бағдарламада орманды қорғау, оның өзіндік ерекшеліктері, орманды ойсыратып түсіретін зиянкестердің негізгі түрлері мен оларды жою қамтылған. Бұл тиімділігі зор бағдарламаны жас ғалым түзіп шықты.
Өміріндегі ең бір сәтімен сабақталған кезеңді орман зиянкестерімен кешенді күреске арналған халықаралық семинарға қатысуы деп есептейді. Осы алқалы жиыннан кейін жас ғалымға шетелдегі әріптестері де назар аудара бастады. Қияндағы Кореядан шақыру келді.
– Орманның ішіне кіріп барғанда қай ағаштың сау, қай ағаштың ауырып тұрғанын жаза баспай танимын. Орман ғылымы – шет-шегі жоқ дүние. Мен осы салада өзімнің бар қабілетімді сарқа жұмсап, қызмет еткім келеді, – дейді Екатерина.
Өмірлік мақсат-мұраты – ел экологиясын жақсарту болып отырған елгезек қыздың алдына қойған жоспары асқаралы. Жас ғалымның айтуынша, алаңдайтын тұс аз емес. Арал мен Балқаш, Каспий тәрізді көк айдындар жыл сайын тартылып барады. Таяуда ғана Қызылордадан оралыпты. Осы өлкедегі өсімдік әлемін зерттеген. Табиғаттың төл бейнесін сақтау үшін, ең алдымен, сексеуіл алқаптарын көбейткен жөн деп есептейді. Ал сол сексеуілді зиянкестерден қорғаудың өзі кешенді шараларды қажет етеді екен. Ғалымдар зиянкестерден сау қалған сексеуіл алқаптарын зерттеп, алдағы уақытта оларды барынша көбейтуге назар аударуда. Жас ғалымның пікірінше, бұл жергілікті жердегі экология мәселесін айтарлықтай жақсартуға септігін тигізбек.
Екатеринаның ғылым жолындағы табандылығы тәнті етеді. «Тау басынан құдық қазғанмен бірдей» деп сипатталатын ғылым жолындағы еңбегі жастарға әбден үлгі боларлық. Он бір жыл ішінде қарапайым зертхана қызметкерінен бөлім меңгерушісіне дейін көтерілген, алпыстан астам ғылыми мақала жазып, халықаралық және республикалық жобаларды жүзеге асырып келе жатқан талпынысы кімді болсын тәнті етерліктей.
Ол өз замандастары тәрізді өтпелі кезеңнің өкпек желі ұйытқып тұрған уақытта бой түзеген. Білім ошағы, әртүрлі үйірмелер. Ғылым жолына бастар алдындағы соны соқпақ. Осы бір ұзақ та азапты жолда қолтығынан демейтін, көзге көрінбейтін демеушісі бардай сезінеді өзін. Әуелгі бетте аңғармаған. Кейін түйсінді. Туған жердің табиғатына деген перзенттік сүйіспеншілік екен ғой.
Ақмола облысы