Қоғам • 26 Тамыз, 2021

Қазақтың жалғызы

626 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Өткенде қазақтың аяулы тұлғасы, ұлт батыры Жұмабек Тәшеновке елорда төрінде ескерткіші орнатылғанда мұқым қазақ қатты қуанды. Шаттанған жұрт тіпті еңселі ескерткіштің әр деталін өздерінше сөйлетіп, тамсана тамашалап, бір-бірінен естері шыға сүйінші сұрасты. Шынында да, қазақтың бес бірдей облысын, шұрайлы қонысын жат қолынан арашалап қалған арысқа қойылған тұғырлы мүсін кәдімгідей рухыңды оятады. 

 

Қазақтың жалғызы

Көшпелі дала халықтарының көбі, оның ішінде қазақ ұлысы өзінің тарихы мен дәстүрін, ділі мен тілін, өркениеті мен ертеңін даланың жадына жазған халық. Бұл тіпті біздің ең негізгі ұлттық ерекшелігіміз деуге де болатын шығар. Себебі Алаш баласының мыңдаған жыл бойғы қатпар-қатпар тарихын қазбалап көрген болсаңыз, сол сан тарау шерлі шежіреден сіз Ұлы далаға қатыссыз бірде-бір оқиғаны кездестірмеген болар едіңіз. Ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғалып келген кең сахара – қазақтың тұтас өзі. Тарихын жер үшін өткен ұлы майдандармен байланыстырмайтын да халықтар бар. Бірақ біз емес. Біз қай дәуірде болсын жер үшін қидаласқан ұрыстарда тебінгімізді терге шірітіп, көк сүңгімізді дұшпанның қанына суарып жер үшін сапта тұрдық, топқа кірдік. Бір түсініксіз нәрсе, кейін сол жер біздің фобиямызға, үрейімізге, комплексімізге де айнала бастады. Тіпті бейбіт күнде де жерімізге біреу көз алартып тұрғандай, жүрек түкпірінде бір алаңдаушылықтар арпалысып жүретінін қайтерсіз? Бірақ сол күдігіміз көбіне расқа айналып шығады. Бұл дегеніміз не, бұл Жер мен Алаш баласының арасында біз қарапайым тілмен түсіндіріп бере алмайтын нәзік байланыс барын ұғындырса керек. Біздің намысымыз да, ар-ұятымыз да, рухымыз да, болмысымыз да осы жермен егіз.

Бүгінде қазақ баласы үлкен жауапты кезеңмен бетпе-бет тұрғанын жасырмауымыз керек. Шынымен де, Алла бетін ары қылсын, әгәрәки қазақ жерінен айырылатын болса, жадынан айырылады. Бүкіл жыр-дастандарынан, аңыз-ертегілерінен, салт-дәстүрінен, әдет-ғұрпынан айырылған ұлт одан кейін жер бетінен біржола жойылуға бет алады.

Әйгілі Толстойдың «Адамға қанша жер керек?» деген классикалық әңгімесі бар. Шығармада ойшыл Толстой адамға берілген нығметтің шегі болатындығын жазады. Қолына қомақты қаржы түскен мұжық Пахомның ұшы-қиыры жоқ байтақ даланың иесі атанам деген ашкөз арманы түбіне жетіп, өз нәпсісінің құрдымына құлайды.

Біз бұл әңгімені мысалға алғанда тағы да бір өте өзекті мәселені сөз етуді көздегенбіз. Толстойдың аталған шығармадағы екі кейіпкері де бізге өте таныс. Бірінші кейіпкер ашкөз мұжық Пахом болса, екінші кейіпкер сол келімсекке жер сатып отырған көшпелі далалықтар, қымыз ашытып, қылқұйрық құрықтап жүрген өзіміздің башқұрт бауырларымыз.

Мұны Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан да жазады.  «Жер десе дірілдемей болмайды: жер мәселесі – өмір сүру мәселесінің зоры» деген  ұлт ардақтысының сөзіне терең үңілер болсақ, мәселе бүгін де өзектілігін жоймағанын көреміз.  Башқұрт ағайындарға қатысты айта келіп: «Біздің қазақ жерді меншікті қылып алса – башқұртша көріп мұжыққа сатып, біраз жылда сыпырылып жалаңаш шыға келеді».

Иә, Толстойдың түйгеніндей қарасақ, шын мәнінде адамның мәңгілік тұрағына қажетті қоныс екі метр жер ғана. Бірақ әңгіменің бірнеше астары барын айттық қой, жерін сатып, жеміт теріп кеткен ұлт­тар жер бетінде башқұрттардан басқа да бар­шылық. Башқұрттар бізге көп жақын халық. Біз «Шабан үйрек бұрын ұшады» десек, олар «Самарқау үйрек бұрын ұшады» дейді. Әлихан жер мәселесінде башқұрт аға­йын­дарды бекерге мысал етпегенін осындай жақындықтардан-ақ байқауға болады.

Қазақ өзінің жадында мәңгі жаңғырта беретін аңыздары болады. Сол аңыздың бірі Т.Жұртбайдың «Дулығасындағы» Мөде тәңiрқұтының ұлы тарихи оқиғасы. Жар табылады, Жер өспейді. Бұл бұлжымас қағиданы Құнанбай қажы да «Ел өседi, жер өспейдi», деп атақонысқа араша түсіпті. Жер – Азаттықтың кепілі, Тәуелсіздіктің алтын тұрағы! Айтар ойымыздың түйіні де сол – Әлихан Бөкейхан жазып кеткендей: «Қазақтың байырғы жерін қашан ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жеке меншікке де, қоныстанушыларға да берілмеуі тиіс».

Жер – қазақтың Жалғызы.