Спорт • 26 Тамыз, 2021

Қазанда қарсыласқа дес бермеді

309 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Татарстанның астанасы Қазан қаласында ММА аралас жекпе-жегінен 18-20 жас аралығындағы жастар және 21 жастан асқан ересектер арасында өткен Еуропа чемпионатында Қарағанды облысынан қатысқан шеберлер сәтті өнер көрсетті.

Қазанда қарсыласқа дес бермеді

Жалпы, аталған додаға 14 елден 250-ден астам спортшы қатысқан. Ал Қазақстанның ұлттық құрама командасы сапында ел намысын қорғаған 27 шебердің қатарында Қарағандыдан екі спортшы болды.

Облыстың атынан барған ше­берлер Данил Губин мен Аңсар Қасымжанов чемпионат қоры­тындысында бір алтын және бір қола жүлдені жеңіп алып, өзде­ріне артылған сенімді ақтады.

Еуропа чемпионы болған Данил Губин ММА жекпе-жегімен алты жасынан бері айналысады екен. Он тоғыз жастағы өрен осы жарыста үйде алған жарақатына қарамастан, жоғары деңгейде өнер көрсетіпті. Финалдық жекпе-жекте ол 77,1 кило салмақ дәре­жесінде сынға түсіп, Алматы облысынан келген қарсыласы Досжан Кенжебаевты ұпай санымен жеңген.

Қазандағы Еуропа чемпионатында Қазақстан құрамасы сапындағы аралас жекпе-жек шеберлері үш алтын, жеті күміс және сегіз қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте жеңіс тұғырының үшінші сатысына көтерілген.

 

Қарағанды облысы