Кездесу барысында өңір басшысы Рухияның таланты мен еңбекқорлығының арқасында халықаралық аренада Қазақстанның даңқын шығарғанын атап өтті.
«Сіз осы айтулы жарыстың жеңімпазы атанғаныңызды естігенде қатты қуандым. Бұл - үлкен жетістік! Қазақстанды әлемдік деңгейде тағы бір рет таныттыңыз. Әрине, талантыңыз талассыз, бірақ жеңіске жетуіңізге қажырлы еңбегіңіз бен алға ұмтылысыңыз себеп болды. Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Әлібек Днішевтердей шығармашылық биіктерден көрінуіңізді тілеймін. Сізді мақтан тұтамыз және еңбекқорлығыңыз бен талатыныңыз биікке шығаратынына сенеміз», деді А.Баталов.
Рухия Байдүкенова ризашылығын білдіре отырып, жеңіске жеткізген құпиясын айтты.
«Сіз мені алғашқылардың бірі болып қолдадыңыз. Сеніміңізді ақтай алғаныма ризамын. Тәуелсіз Қазақстан тарихында осы халықаралық өнер фестивалінде еліміз үш гран-при иеленді. Мен ел үшін ең маңызды мерейтойлық датада өнер көрсетіп, жеңіске жеткеніме өте қуаныштымын. Бұл терең символикалық мәнге ие. Сахнада «Талдықорған әуендері» ансамблінің құрамында өнер көрсеттім. Талдықорғандықтардың сенімі маған күш пен сенімділік берді, жеңіске жетуге көмектесті. Сондықтан мен сізге жеңімпаздың мүсінін сыйлағым келеді», деді вокалист Р.Байдүкенова.
Амандық Баталов мүсінді Тынышбаев атындағы облыстық тарихи -өлкетану мұражайына табыстады.
Рухияның тәлімгері, белгілі тележурналист Қымбат Досжан өз әсерімен бөлісті.
«Рухия байқауға жолдама алған кезде қолында тек ұшақ билеті бар еді. Біріншіден, сіздің, Амандық Ғаббасұлы, уақытында көрсеткен көмегіңіз оны жігерлендірді. Рухияға өзін дәлелдеуге және жеңіске жетуге көмектесті. Алматы облысында мәдениет саласына тиісті көңіл бөлініп жатқанына қуаныштымын», деді Қ.Досжан.
Облыс әкімі мәдениет саласын қолдау мен дамыту мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі екенін айтты.
Содан кейін Рухия Байдүкенова жерлестерімен кездесті. Талдықорған меценаттары мен кәсіпкерлері оған Hyundai автокөлігін сыйға тартты. Сонымен қатар Рухияның ұстазы Серікжамал Әжібекова мен тәлімгері Қымбат Досжанға 1 миллион теңгеден ақшалай сертификат табыс етті.
«Жерлестеріңіз сізді мақтан тұтады. Талантыңыз халықаралық деңгейде танылды. Бұл ұстаздарыңыздың үлкен еңбегі. Менің ойымша, бұл ірі жеңісті басқалар жалғастырады. Сізге жаңа табыс, шығармашылық жетістіктер тілеймін», деді Талдықорған қаласының меценаттары мен кәсіпкерлері атынан сөйлеген Ақшабай Керімбеков.