Бұл туралы ТЖД баспасөз қызметі мәлімдеді.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, 25 тамызда «Көкшетау» МҰТП Зеренді филиалының Грибновское орман шаруашылығы аумағында орман өртенген, оны сөндіруге 154 адам мен өрт десанты бар тікұшақ қатысқан.
Орман өртін жоюға 20 техника, 1 тікұшақ және жеке құрамның 142 адамы, оның ішінде Ақмола облысы ТЖД-ның 5 техникасы және 51 адамы, 6 техника және орман мекемелерінің 54 қызметкері, «Қазавиаорманқорғау» АҚ-ның 1 тікұшағы, жергілікті атқарушы органдардың 7 техникасы мен 33 адамы және өртке қарсы құрылымдардың 2 техникасы мен 4 қызметкері тартылды», делінген хабарламада.
«Өртті сөндіру оңайға соқпады, себебі қатты жел мен ағаштардың басы өртенуі кедергі келтірді. Алайда, жедел іс-қимылдар мен күштер мен құралдардың уақтылы жұмылдырылуының арқасында өрт сағат 18.50-де оқшауланды, қазіргі уақытта орман ішін барлау жүргізілуде. Орманның 7 гектарын өрт шарпыған», делінген хабарламада.
Мамандар «өртеп жіберді» деген болжам жасап отыр. Өрт болған жерде Зеренді аудандық полиция бөлімінің жедел тергеу тобы жұмыс істейді.
Еске сала кетейік, Ақмола облысында ауа райының ыстық болуына байланысты өрт қаупінің деңгейі жоғары. Төтенше жағдайлар департаменті орман алқаптарында өрт қауіпсіздігін сақтау қажет екенін ескертеді.