23 Қаңтар, 2014

Жәутіков олимпиадасының жеңімпаздары Назарбаев Университетінің гранттарына ие болды

251 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

01-Обладатели Гран-при 10 МЖОБиылғы 17 елдің ең есепке жүйрік оқушыларының басын қосқан Халықаралық Жәутіков олимпиадасының жөні бөлек. Осымен оныншы рет өткізілген Білім және ғылым министрлігінің жобасына 56 команда, 390 дарынды бала қатысты. Қазақстан, Ресей, Украина, Белоруссия, Әзербайжан, Грузия, Армения, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркі­менстан, Болгария, Румыния, Сербия, Үндістан, Ин­до­незия, Моңғолия балалары математика, физика және информатика пәндері бойынша білім жарыстырды.

01-Обладатели Гран-при 10 МЖО

Биылғы 17 елдің ең есепке жүйрік оқушыларының басын қосқан Халықаралық Жәутіков олимпиадасының жөні бөлек. Осымен оныншы рет өткізілген Білім және ғылым министрлігінің жобасына 56 команда, 390 дарынды бала қатысты. Қазақстан, Ресей, Украина, Белоруссия, Әзербайжан, Грузия, Армения, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркі­менстан, Болгария, Румыния, Сербия, Үндістан, Ин­до­незия, Моңғолия балалары математика, физика және информатика пәндері бойынша білім жарыстырды.

Әл-Фараби атындағы Қа­зақ ұлттық университетінің Сту­денттер сарайында салта­натты түрде мәреге жеткен Х Халықаралық Жәутіков олим­пиадасының Бас жүл­де­сін биыл да Мәскеу мемле­кет­тік университетінің маман­дандырылған оқу-ғылыми орта­лығының (СУНЦ МГУ) оқу­шы­лары жеңіп алды. Ал бірін­ші орын­ды әдеттегідей Алма­тыдағы О.Жәутіков атындағы дарынды балаларға арналған республикалық маман­данды­рылған физика-математика орта мектеп-интернаты басқа­ларға бермей келеді.

Сонымен, биыл сарапқа салын­ған 183 медальдің 50-і Қа­зақстанда қалды. Ал алтын медальмен олим­пиадашылардың 35-і марапатталды. Оның ішінде 13 бірдей алтынды О.Жәутіков атындағы дарынды балаларға арналған республикалық ма­ман­дандырылған фи­зика-математика мектеп-интернатының оқу­­шылары жеңіп алды.

Жүлделі орындардан табыл­ған талантты оқушыларға На­зар­баев Университетінің, Әл-Фа­ра­би атындағы Қазақ ұлт­тық уни­верситетінің, ҚБТУ, МУИТ гранттары бұйырды. Ал информатика пәні бойынша абсолюттік нәтиже көрсеткен әрі олимпиаданың ең жас қатысушысы Владислав Макеев (Мәскеу қаласының құрама командасы, Ресей) Илья Сегалович атындағы арнаулы жүлдеге ие болып, бағалы сыйлықты иемденді. Осы арада РМФМОМИ түлегі Илья Сегаловичтің Яндекстің негізін қалаған адам екенін айта кетуге болады.

Кезекті Жәутіков олимпиадасы мамандандырылған ең үздік 7 мектептің рейтингісін анықтап берді. Командалық есеп бойынша бас жүлдеге биыл да Мәскеу мемлекеттік университетінің мамандандырылған оқу-ғылыми орталығының (СУНЦ МГУ) оқушылары лайық деп танылды. Бірінші орынды РМФМОМИ жеңіп алды. Екінші орынды Минскідегі Беларусь мемлекеттік уни­верситеті лицейінің оқу­шылары мен Болгариядағы София математикалық мектебінің шә­кірт­тері өзара бөлісті. Үшін­ші орындар Белгардтағы мате­ма­тика орта мектебінің (Сербия), Тби­лиси қаласындағы №199 «Ко­марови» мектебінің (Грузия), Та­раз қаласындағы қазақ-түрік лицейінің командаларына берілді.

Жүлделі орындардан көрінген командалардың әрбір мүшесі жоғары оқу орындарының гранттары мен бағалы сыйлықтарға ие болды. Сонымен қатар, 8 команда мақтау қағаздарымен атап өтілді.

Биыл оныншы рет ұйым­дастырылған Жәутіков олимпиа­дасына «РМФМОМИ түлектер қоры», «ExxonMobilKazakhstan Inc»,«Интергаз Центральная Азия» АҚ пен «ZHERSU» инвес­тициялық-өндірістік корпорациясы демеушілік жасады.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан».

АЛМАТЫ.

––––––––––––––

Суретте: Назарбаев Университетінің болашақ студенттері – Бас жүлде иегерлері.