Тарих • 26 Тамыз, 2021

Балғожа бидің бейнесі

827 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қостанайдағы Ыбырай Алтынсариннің мемориалдық музейінде биыл ұлы ағартушының 180 жылдығына орай бірқатар игі шара қолға алынып отыр. Мәселен, осыдан бір-екі ай бұрын музей қызметкерлері бидің бүгінгі ұрпақтары мен өңірге белгілі суретшілердің басын қосқан. Осы жиында Ыбырайдың аталас туыстары Балғожа Жаңбыршыұлының бет-әлпеті, сыртқы кескін-келбеті қандай болғанын, ал музей қызметкерлері бұл туралы тарихи құжаттарда сақталып қалған деректер не дейтінін сөз еткен. Одан кейін осы жиында айтылған әңгіме негізінде суретшілер байқауы жарияланып, нәтижесінде араға бір жарым-екі ай салып Балғожа бидің суреті дайын болды.

Балғожа бидің бейнесі

Бидің мөрі

«Атаңды сағындым

деп асығарсың,

Надан боп білмей қалсаң,

аһ ұрарсың.

Шырағым, мұнда жүрсең

не етер едің,

Қолыңа құрық алып

кетер едің.

Тентіреп екі ауылдың

арасында

Жүргенмен, не мұратқа

жетер едің?!»

– деп немересіне жөн сілтеп, өмір­лік мұрат-бағдарын нұс­қап, қолына білім шырағын ұстат­қан бидің заман ауанын аң­ғар­ған парасаты биік тұлға бол­ға­ны анық. Алайда Балғожа Жаң­быр­шы­ұлы­ның өмірі мен қызметі әлі де жүйелі зерттелмей келеді.

– Мұның бір дәлелі – туған жылының өзі әр деректе әрқалай айтылады. Ал қайтыс болған жылы әлі белгісіз дейді. Ол қалай белгісіз болады, егер Балғожа бидің немересі Ыбырай өз атасынан 19 жасында айырылды десек? Ыбырайдың туған жылына қарап Балғожа бидің қайтыс болған жылын анықтауға болады ғой. Осының өзі ғалымдардың Балғожа бидің өмірі мен қыз­ме­тіне әлі де дұрыс мән бере қоймағанын аңғартады. Балғожа Алтынсарыдан туған тұңғыш немересін өзімнің балам деп өз тәрбиесіне алады. Ыбырай ол кезде үш жаста болады. Осылайша оқытты, білім берді, би-шешендер бас қосқан түрлі жиындарға барғанда да Ыбырайды қасынан тастамайды екен, – деді музей директоры Марғұлан Оспанов.

1844 жылы Патша өкіметі Орынбор шекаралық комиссия­сы­ның жанынан арнайы мектеп ашады. Бұл білім ошағы қазақ балаларының арасынан пи­сарь, тілмаш дайындауды ға­на көздеген. Балғожа би 1846 жылы 5 наурызда Орынбор ше­ка­ралық комиссиясының сол кездегі төрағасы генерал-майор М.В.Ладыженскийге немересі Ыбырайды осы мектепке кандидат етіп қабылдау жөнінде өтініш хат жазған. Бұл хаттың көшірмесі музейде сақтаулы тұр.

Музей басшысының сөзінше, бұл өтініште Ыбырайды осы мектепке қабылдату туралы және қателеспесем, Жетібай Өтемісұлы деген кісі көмекші ретінде Ыбырайдың қасында болсын деп жазылған. Хаттың соңына мөр басылған. Мөр өте көмескіленген, әріптерін ажы­ратып оқу өте қиын. Бірақ Марғұлан Оспанов мұны лазерлік тазалау ар­қы­­лы біраз тазартып, артық сызық-нүктелерінің бәрін алып тастап, әріптерін ғана қал­ды­рыпты. Сосын араб қаріп­терін жақсы біледі-ау дейтін бірнеше имамға көрсетеді. Олардан жауап болмаған соң, облыстың бас имамы Бақытбек қажы Тәжімбетке ұсынған.

– Бақытбек қажы имамдарды жинап, өздері жұмыс тобын құрып, осы мөрдегі жазуды анық­тау­ға кірісті. Бұл жазу қадым қа­ріп­терімен жазылған болып шық­ты. Мұндағы кейбір әріптер араб­тың бүгінгі пернетақтаға енген әріптерінің арасында жоқ екен. Сондықтан оқу қиынға түсті. Абырой болғанда, әйтеуір білетін адамдар ажыратып оқып берді. Мөрде «Ұзын Қыпшақ руының управленсі Балғожа Жаңбыршин» деп жазылған, – деді музей директоры.

Бұл мөрдің Балғожа биге тиесілі екені сөзсіз. М.Оспанов енді тарихи жәдігерді толық қалпына келтіріп, ұсталарға қайта жасатып көрмек.

Сурет қалай салынды?

Өкінішке қарай, Балғожа Жаңбыршыұлының ешбір суреті сақталмаған. Музей қыз­мет­кер­лерінің айтуынша, бидің Орынбор, Петербор ша­һар­ла­рында алқалы мәжіліс­тер­ге қатысқанда түскен суреті бар болуы мүмкін. Бірақ мұндай сурет әзірге табыла қоймаған. Бұл мәжілістерге қатысқан адамның түр-тұрпаты, іс-қимылы, көзінің қиығы мен бет-әлпеті, тіпті үстіне киген киіміне дейін сөзбен суреттеліп хатталып отырған екен. Музей қорында Балғожа биді кескіндейтін орыс тілінде жазылған осындай сөз суреттер топтамасы сақтаулы тұр. Музей қызметкерлері таяуда Балғожа мен оның ағасы Қанғожадан тараған ұрпақ өкілдерін жинап, ғылыми кеңес өткізді. Оған осы өңірдегі ыбырайтанушы ғалымдар мен белгілі қылқалам шеберлері де қатысты. 4-5 сағатқа созылған кеңесте суретшілерге би ұрпақтарының ауызша суреттеуі мен жоғарыдағы деректік суреттемелерге негіздей отырып Балғожа Жаңбыршыұлы бейнесінің жобасын кескіндеп шығу туралы тапсырма берілді.

– Бүгінде біздің қолымызға бірнеше сурет келіп түсті. Белгілі ыбырайтанушылар мен ұлы ағартушының аталас туыстарынан құралған байқау комиссиясы соның ішінен өңірге белгілі қылқалам шебері Мұқаметқали Рахалиев ағамыздың туындысын таңдап алды. Өйткені сөз суреттерде Балғожа бидің толық, шоқша сақалды адам болғаны айтылады. Халық жазушысы Мәриям Хәкімжанованың естеліктерінде де келіндері бидің атын атамай Семіз ата деп атайтыны айтылады. Бұл сурет еш жерде жарияланған жоқ. Ел газеті «Егемен» арқылы тұңғыш рет көпшілік назарына ұсынып жатырмыз, – дейді М.Оспанов.

Музей мамандарынан Балғожа бимен замандас болған біраз кісілердің фотосуреттері сақталып қалғанын естідік. Бірақ бидің өз суреті қазірше табылмай тұр. Бірақ архивтерде жатуы әбден мүмкін. Балғожа бидің портретін жазып шыққан М.Рахалиев те Әбілхан Қастеевтің Амангелдінің суретін салғаны сияқты ізденіпті.

–Туыстарының, ағайын­да­ры­ның айтуы, сосын тарихи деректер бойынша салып шықтым. Ол кісінің түр-түсі, кескін-келбеті туралы орыс та, қазақ та жазған. Өткенде Қан­ғо­жадан тараған туыстарымен кездестік. Соның ішінде Меруерт деген қыз балада бірсыпыра әулет өкілдерінің фотосуреттері бар екен. Сосын бұл әулетте әріден «мынаның көзі Би атамдікіне ұқсайды, мынаның қабағы немесе жүзі ұқсайды» деген сияқты сөздер айтылып келген екен. Менің өзім Балғожа би суретінің бірнеше нұсқасын жасадым. Соның ішінен бәрі осы суретке тоқтады. Ал киіміне келетін болсақ, ол замандағы киімнің классикалық үлгісі – шапан. Одан кейін мойнында медальон бар. Мұның нені білдіретінін анық білмеймін, бәлкім биліктің белгісі шығар. Мұндай белгі Құнанбайда да бар. Негізі тарихи тұлғаның суретін оның ұрпақтарына ортақ кескінмен үйлестіре салсаңыз, адаспайтын сияқтысыз. Сонымен барлық туыс-туғандары мен комиссия мүшелері осы суретке тоқтап отыр, – деді портрет авторы.

Тағы бір жағымды жаңалық, алдағы қыркүйек айында ұлы ағартушының 180 жылдығына орай «Ыбырай Алтынсарин – даланың таза бұлағы» атты танымдық еңбек жарық көрмек. Марғұлан Оспанов пен белгілі айтыс ақыны Салтанат Өтелбаева дайындаған бұл кітап қазір «Алматы» баспасында басылымға әзір­ле­ніп жатқан көрінеді. Автор­лар­­дың айтуынша, Балғожа бидің жаңа салынған суреті осы кітап­тың бастапқы беттерінің бірінде бедер­ленеді.

Қостанай облысы