Саясат • 27 Тамыз, 2021

Әскерге шақырушылар саны көбейеді

475 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биыл көктемде әскерге шақырылған 15 мыңнан астам азаматтың 76 пайызы – қазақ. Бұл жөнінде Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында еліміздің Қарулы Күштері Бас Штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары жөніндегі департаментінің аға офицері Руслан Тапашев мәлімдеді.

Әскерге шақырушылар саны көбейеді

Оның айтуынша, мерзімді әскери қызметке шақырыл­ған­дардың қалған 13 пайызы – орыс, 2,5-і – өзбек, 1,5 пайыздан ұйғыр, поляк пен чешендерге тиесілі. Ал қалған 3 пайызын өзге этнос өкілдері құрайды. Брифингте департаменттің басшысы Сәкен Жүсіпов елімізде өткізіліп жатқан әскери жиындардың Ауған­стандағы оқиғаларға ешқандай қатысы жоқ екенін де айтып өтті.

2021 жылғы күзгі әскерге шақыру науқанын ұйымдастыру тақырыбына арналған брифингте департамент өкілдері екінші жыл пандемия жағдайында өткізіліп жатқан әскерге шақыру науқаны жайлы кеңінен мағлұмат берді. Мемлекет басшысының 2021 жылғы 5 ақпандағы Жарлығына сәйкес биыл азаматтарды күзгі мерзімді әскери қызметке шақыру іс-шаралары 1 қыркүйектен бас­талады. Жыл соңына дейін жал­ғасатын әскерге шақыру нау­қаны барысында Қарулы Күш­терді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды 18 бен 27 жас аралығындағы 17 мыңға жуық азаматпен толықтыру жоспарланып отыр. Спикерлер азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүргізілетінін, бұл іс-шараларды негізінен жергілікті атқарушы органдар ұйымдастыратынын мәлім­деді. Ал мерзімді әскери қызмет­тің әскери қызметшілерін запас­қа шығару олар әскерге шақы­рылған күннен бастап 12 ай өт­кеннен кейін жоспарлы түрде жүзеге асырылады. Жалпы, ел Президентінің тапсырмасына сәйкес, Қорғаныс министрлігінде өткен жылдармен салыстырғанда Қарулы Күштерге әскерге шақы­рылушылардың санын кезең-ке­зеңімен көбейту жоспарланған.

Әскерге шақыру және жиын пункттерінде коронави­рус инфек­циясының алдын алуға, індеттің таралуына жол бер­меуге ерекше мән бері­ліп отыр­ғанын айтқан депар­тамент бас­шысы әскерге шақыры­лу­шы­­ларға ПТР зерттеуі екі рет жүргізілетінін де хабарлады. «Бел­гіленген санитарлық-эпид­е­миялық шектеулерді сақт­ау, медициналық маскалар­мен, дез­инфекциялау құрал­да­ры­мен қам­тамасыз ету – Қор­ға­ныс ми­нистрі­нің ұдайы бақы­лауын­­да. Әскерге шақырылу­шы­лар мен олардың ата-аналары каран­тиндік шектеулерді сақтау қажет­тігін жете түсінгендері жөн. Себебі бұл әскери ортада індеттің жаппай таралуына жол бермеуге ықпал етеді», деді спикер.

Сонымен қатар алдағы әскер­ге шақыру барысында Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің 1414 қызметінің сервисі арқылы әскерге шақы­ры­лушыларға SMS хабарлама­лар таратуды жалғастыру жос­­­парланған. «Хабардар ету про­цесі­нен жеке қарым-қатынас жасау­ды алып тастау инфекция жұқтыру қаупін азайтады», дейді департамент өкілдері.

Биылғы көктемгі әскерге ша­қыру кезінде мерзімді әскери қыз­метке әскерге шақыруды кейінге қалдыру және одан босату «Электронды үкімет» пор­талының «Е-лицензиялау» мем­лекеттік деректер базасының ақпа­раттық жүйесі арқылы мем­лекеттік қызмет көрсету шең­берінде жүзеге асырылған болатын. Мұндағы басты мақсат – осы бағыттағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту еді. Осы жүйе жөнінде толықтырып өткен спикер: «Көрсетілген мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібі туралы нақты ақпаратты еgov.kz сайтынан алуға болады немесе ол туралы арнайы әзірленген жадынаманы жақын жерде орналасқан кез келген жергілікті әскери басқару органдарынан ала аласыздар. Біз жұмысты бұрынғыдай кері байланысты көздейтін барынша ашық форматта жалғастырамыз. Әскерге шақырылушылар және олардың ата-аналары, журналис­тер мен қоғам өкілдері өздеріне қажетті ақпарат алу үшін кез кел­ген уақытта хабарласа алады. Ол үшін әрбір Қорғаныс істері жө­нін­дегі департаментте элек­т­­ронды пошта жәшіктері және әлеуметтік желілерде ресми ак­­­каунттар ашылды», деді ол. Сон­дай-ақ барлық ақша талап ету жә­не басқа да сыбайлас жем­­қор­­лық көріністері бойынша кеңес алу үшін Қорғаныс істері жө­нін­­де­гі департаменттердің «Қару­­лы Күштер – Адалдық Алаңы» жоба­лық кеңсесіне жүгі­ну ке­ректігін, болмаса сенім теле­фон­дарына хабарласу қажет екенін айтты.