Қоғам • 27 Тамыз, 2021

Халықтың Сақыбы еді

568 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әр өңірде елге еңбегімен, парасатымен танылған, ортаға сыйлы айтулы азаматтар болады. Маңғыстауда Сақып Керелбаев десе оны білмейтін де, құрметтемейтін де адам жоқ. Жас­тайынан елге қызмет етіп, өңірдің ғана емес, елдің дамуына үлкен үлесін қосқан азамат бұл құрметке лайықты да. 1947 жылы Маңғыстау ауданының Таушық ауылында туған ол – Батыс Қазақстан ауылшаруашылық инсти­тутын, Алматы Жоғары партия мек­тебін, Ресейдің Плеханов атын­дағы мемлекеттік академиясын бітірген экономист, саясаттанушы, менеджер.

Халықтың Сақыбы еді

Кеңес заманында Маңғыстау ауданын­дағы кеңшарларда аға есепші, бас экономист, Маң­ғыстау облыстық партия коми­тетінде нұсқаушы, бірінші хатшының көмекшісі, ауылшаруашылық бөлімінің меңгерушісі, Маңғыстау аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы және аудандық кеңес төрағасы, облыстық ха­лық­тық бақылау комитетінің төрағасы, «Маң­ғыстау» агрокомбинатының бас директоры, облыстық ауылшаруашылық басқармасының бастығы, облыс әкімінің бірінші орынбасары, «Аджип» ККО дирек­торының кеңесшісі, «ОКК» ЖШС директорының кеңесшісі қызметтерін ат­қар­ған. «Құрмет» ордені мен 7 медальдің иегері. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің және Маң­ғыстау облысының «Құрмет грамоталарымен» марапатталған. Маң­ғыстау ауданының құрметті азаматы, запастағы полковник. ҚКП XV, XVI, XVII съездерінің делегаты, Гурьев және Маңғыстау облыстық кеңестерінің депутаты болып сайланған.

Қызмет сатысы осылай өрілген Сақып Бүркіт­байұлы қарымды қаламгер де еді. Ол «Бекет Ата асы шежіресі», «Маңғыс­тау», «Сұрасаң руымды – Дәулеталы», «Мың ­бояулы Маңғыстау» кітаптары ав­торларының бірі, «Түбектің таны­мал тұл­ғалары» атты кітабы жарық көрген. С.Керел­баев туралы өңір энциклопедиясында, өзге де кітаптарда кеңінен жазылған.

Маңғыстауда өмірден өткеніне оншақты күн болған С.Керелбаевты еске алу іс-шарасы өтті. Оған Керелбаевтар әулеті мен мар­құмның отба­сы қатысты.

Салтанатты іс-шараны ашып берген облыс басшысы С.Трұмов өмірі өнегелі іске, сөзі ғибратқа толы тұлға туралы тың есте­ліктер айтып, абзал аға­ның есімі ешқашан ұмытылмайтынын жеткізді.

– Сақып Бүркітбайұлы Маңғыстау топы­рағында дүниеге келіп, өмірінің соңына дейін кіндік қаны тамған жерінің дамуына қомақты үлес қосқан арда азамат еді. Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуы жолында аянбай тер төкті. Елдің тізгінін ұстап, қоғамға абыройлы қызмет қылды. Өзінің 45 жыл қызметбаянында игі істерге мұрындық болды. Ол кешкен ғұмыр, ол өткен еңбек жолы – өлке тарихының жарты ғасырлық жылнамасындай. Артына өшпес із бен өлмес сөз қалдырған Сақып Бүркітбайұлының есімі ұмытылмақ емес. Оның жарқын бейнесі мәңгі жадымызда қалады, – деді ол.

Аталған шарада Сақып Бүркітбай­ұлы­ның дүниеден қайтуына байланыс­ты Қазақстан Республикасының Мем­лекеттік хатшы Қы­рым­бек Көшер­баев­тан келіп түскен көңіл айту хаты оқыл­ды. Сондай-ақ мемлекет және қоғам қайраткері Ләззат Қиыновтың, Қазақ­­станның еңбек сіңірген қайраткері Ғани Ка­риннің, ға­лым, мемлекет және қоғам қай­раткері Өмір­зақ Озғанбаевтың, Парла­мент Мәжі­лісінің бұрынғы депутаты Гүлнәр Сейт­мағанбетованың арнайы жолдаған көңіл айту бейнежазбалары көрсетілді.

Ер есімі ел есінде мәңгі сақталатыны анық.

 

Маңғыстау облысы