Секторда өз жағдайын барынша жақсартқан қаржы институты ретінде Jusan Bank-ты айтуға болады. Банк бір ай ішінде NPL 90+ көлемін 361,4 млрд теңгеге азайтып тастаған. Қазіргі көлемі – 76,2 млрд теңге.
«Банк қарыз портфелінің сапасын қоса алғанда өсім көрсеткіштері бойынша жүйелі саясат жүргізуде және «Цеснабанктен» қалған залалды «мұрадан» біртіндеп арылып жатыр. Бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша банктің зиянды заемдарының деңгейі 17,28 пайызды құрады. Бұл былтырғы көрсеткіштен 2,5 есе төмен» деп жазады Finprom агенттігі.
90 күннен асқан қарыздарды қысқарту бойынша үздік үштікке ForteBank (-5,1 млрд теңге) және Halyk Bank (-3,9 млрд теңге) кірген. Бұл екеуі де зиянды заемдардан арылу үшін аз еңбектенген жоқ. Forte 2015 жылы өзіне қосақтап алған «Альянс Банк» пен «Темiр Банк» мұраларын тазаласа, Halyk 2018 жылы өзі жұтып алған «Қазком» қарыздарын жабуға біраз уақыт жұмсады.
Бірінші орында тұрған Jusan Bank-тың да биыл «АТФБанк»-пен дәм-тұзы жарасқанын білеміз. Биыл 6 қыркүйекте ресми түрде қосылады. Осылайша жаңа банк отандық несие нарығының 6 пайызын, бүкіл банк секторы жиынтық активтерінің 8 пайыздан астамын еншілейді. Ал АТФ-тың NPL 90+ қарыздары аса көп емес: небәрі 5,7 пайыз деңгейінде ғана.