– Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылы ішінде отандастарымыз осы халықаралық көркемөнерпаздар фестивалінде 3 рет Гран-При иегері атаныпты. Үшіншісін мен ұттым. Елім үшін мерейлі жылы өнерімді көрсетіп, жеңіске жеткенім кеудеме мақтаныш сезімін ұялатады. Маған сахнада өнер көрсетіп үйренген тәжірибем көп көмектесті. Өйткені елде жүргенде «Талдықорған әуендері» ансамблінің құрамында сахнада өнер көрсеттім. Бұл бойымдағы қобалжуды жеңуге септігін тигізді. Талдықорғандықтардың маған деген сенімі күш беріп, жеңіс тұғырына көтерді. Сол себепті жеңімпазға берілген статуэтканы облыс басшысы Амандық Ғаббасұлына табыс еткім келеді, – деді кездесуде жас әнші Рухия Байдүкенова.
Ал өз кезегінде аймақ әкімі бойындағы талант пен еңбекқорлығының арқасында Қазақстанды халықаралық аренада танытқан дарынды жерлесіне аталық ақ тілегін арнап, батасын берді.
– Осы байқауда жеңімпаз атанды дегенді естігенде қатты қуандым. Бұл – үлкен жетістік. Қазақстанды әлемдік деңгейге таныта білдің. Бойыңдағы талантыңа сөз жоқ. Бірақ еңбек пен алға деген ұмтылыс сені жеңіс тұғырына көтерді. Байқау алдында кездескенімізде өзіңе шын көңілден сәттілік тілеп едім. Тілегімнің орындалғанына қуанып отырмын. Есімдері тарихта алтын әріптермен жазылған Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Әлібек Дінішев есімді ұлы талант иелері сияқты биік белестерден көріне бер. Өзіңнің ерекше табиғи дауысың арқылы көптің жүрегін жаулап, шыңдарды бағындырғайсың. Бұл сенің қолыңнан келетініне сенімдімін. Бойыңдағы ұмтылыс пен болашаққа қойған мақсатың айқын. Оның үстіне талантты, еңбекқор жассың. Біз шын көңілімізден сенің жеткен жетістігіңе қуанамыз. Мақтан етіп қана қоймай, сәттілік серік болатынына сенеміз. Ал жеңіс пен жетістіктік белгісіндей болған бұл статуэтканы М.Тынышпаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайына сақтауға тапсырамын, – деді өз сөзінде Амандық Баталов.
Осы кездесуде Рухияның алғашқы ұстазы Серікжамал Әжібекова да сөз алып, талантты шәкіртіне деген тебіренісін толқи отырып жеткізді.
– Әріптестерім маған зейнеткерлікке шыққан соң да жұмысымды әрі қарай жалғастыруды ұсынды. Өнер мектебінде талантты шәкірттерді жинап, арнайы сынып ашып берді. Сол таланттылардың ішінде Рухия да болды. Ол еңбекқорлығымен және ынтасымен ерекшеленді. Таң атысынан кештің батысына дейін сабаққа беріліп отыратын. Оның осы қасиеті халықаралық конкурста жеңімпаз атануына серпін болды. Мен оның жетістігін әрі ұстазы болғанымды мақтан тұтамын, – деді ұстаз.
Ал әнші қызбен бірге Жетісу жұртының қуанышын бөлісуге келген белгілі тележүргізуші Қымбат Досжан Рухияның халықаралық байқауға қатысу үшін үлкен тәуекелге барғанын тілге тиек етті.
– Рухия конкурсқа қатысатын уақытта оның қолында ұшақтың билеті ғана болды. Осы сәтте облыс тарапынан көрсетілген көмек пен қолдау оның ерік-жігерін нығайтты. Жерлестерінің қолдауы оның күшіне айналып, жеңіске жетеледі. Осылайша, Алматы облысында мәдениет саласына көп көңіл бөлініп жатқандығы дәлелденді, – дейді Қымбат Досжан.
Ресми кездесуден кейін жеңімпаз әнші Рухия Байдүкенова жерлестерімен жүздесті. Әнші қызға Талдықорған қаласының меценаттары мен кәсіпкерлері Hyundai маркалы автокөлігін сыйға тартты. Сондай-ақ Рухияның ұстазы Серікжамал Әжібекова мен қолдаушысы Қымбат Досжанға 1 млн теңгенің сертификатын табыстады.
Осылайша талдықорғандықтар талантты жастың өнеріне деген сүйіспеншілігін білдірді.
Алматы облысы